Жекеге беруден не ұттық?

Қалалық №2 емхананың басшысы Майра Сәлімбаеваның айтуынша, емдеу мекемесі өткен жылдың қараша айында сенімді басқаруға өткен. Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастарды емдеу жолында тыңғылықты еңбектеніп келеді. Қызмет барысы өзгермеген, мамандар саны қысқартылмаған. Бастысы, емхана цифрландыру жүйесіне көшкен. Бұрынғыдай карточка жоқ. Қазіргі уақытта емхананың тіркеуінде 64100 адам бар. Олардың бәріне электронды құжат ашылған.

Бүгінде емделушілер үшін “Damumed” мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бұл арқылы тұрғындар үйде отырып-ақ дәрігердің қарауына жазыла алады. Бұл қосымшамен жұмыс істеуді үйрететін арнайы мамандар үшін жеке орын да белгіленген. Соңғы бір жарым айдың ішінде емхананың тіркеуінде тұрған 5500-ге жуық адам аталмыш мобильді қосымшаға қосылған. Нәтижесінде 3000-ға жуық адам дәрігер қабылдауына үйде отырып-ақ жазылған. Сонымен қатар, емделушілер емхана сайты мен Call-орталық арқылы жазыла алады. Бұл ретте пациенттер үшін бұл қосымшаны қосуға көмектесетін арнайы пост ашылған. Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер емхана тіркеуінде тұрған адамдардың үйлеріне барып та мобильді қосымшаны үйретуде. “Damumed”-ке күніне 40-50 адам қосылады екен.

- Науқас пен дәрігердің алтын уақытын үнемдеп, қағазбастылықтан арылу кез келген емхананың жұмысын жеңілдетері сөзсіз. Бұл ретте емдеу мекемелеріне қызмет жүйесін автоматтандыру міндеті жүктелген болатын. Қазіргі уақытта тіркеу бөлімі қағазбастылықтан арылып, екіге бөлінген. Яғни, зейнеткерлер мен мүгедек жандарға жеке бөлім қызмет көрсетсе, орта жастағы адамдар басқа мамандардың көмегін пайдаланады. Атап өтерлігі, емханада тұңғыш рет тұрғындардың қоңырауын қабылдайтын арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Мұнда мамандар көпарналы телефон арқылы тұрғындардың сауалына жауап беріп, дәрігер қабылдауына жазып, дәрігерді үйге шақырған науқастардың өтінішін тыңдайды. Барлық қоңыраулар тіркеледі, мамандар мен тұрғындардың телефон арқылы айтылған сөздері жазылады. Қоңырау кезегін күтіп, емханаға хабарласа алмаған тұрғындарға мамандар өздері қоңырау шалады. Бірақ мұндай жағдай әлі тіркелген жоқ. Себебі орталықтағы қызметкерлер тұрғындар тарапынан түскен барлық телефон қоңырауын қабылдап үлгеруде, - дейді Майра Сәлімбаева.

Таңғы сағат 8.00-ден бастап жұмыс істейтін орталыққа күніне 300-ге жуық адам хабарласады екен. Ал қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 600-ге жетеді. Емхананы жеке меншікке алған «Almaz Media Group» - медицина саласында тәжірибелі жұмыс істеп келе жатқан компания. Бұл ретте емхананың материалдық-техникалық базасы нығайтылғанын атап өткен жөн. Тіркеу бөлімінен бастап науқастарға арналған жабдықтар толығымен жаңарған.

Емханаға барған уақытта дәрігер қабылдауында тұрған ұзын-сонар кезекті көрмедік. Павлодар қаласының тұрғыны, зейнеткер Наталья Иванова емдеу мекемесіне хабарласу жеңілдегенін атап өтті.

- Емханаға хабарласқанда көп жағдайда қоңырау шалушылардың көптігіне байланысты желі бос болмай жатады. Сондықтан дәрігерді үйге шақырғанда немесе қабылдауына жазылу үшін мекемеге келуге міндетті едік. Біз жасымызға байланысты мобильді қосымша арқылы жұмыс істей алмаймыз. Ал жаңадан ашылған Call-орталық мәселемізді жеңілдетті. Емханаға хабарласу қиындық тудырмайтын болды, - дейді зейнеткер.

Майра Сәлімбаева жоспарланған жұмыстардың барлығы орындалғанын айтты. Емделушілер үшін күту залы ашылып, кезек электронды форматта жүзеге асырылуда. Қағазбастылықтан арылған емханада дәрігерге кезек саны барынша қысқарған. Атап өтерлігі, емдеу мекемесінде инвестордың қолдауымен эндоскопия кабинеті ашылған. Емхана тіркеуіне алынғандар бұл құрылғыдан тегін өте алады. Бұдан бөлек, демеушінің көмегімен жүкті әйелдердің құрсағындағы сәбидің жүрек қағысын тыңдауға арналған арнайы құрылғы сатып алынған. Заманауи құрылғылар қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыра түсуде.

Ал №1 емхананы өткен жылдың соңында жергілікті «Қоңырбеков» жеке кәсіпкерлігі сенімді басқаруға алған. Емдеу мекемесінің басшысы Алтай Туребаевтың сөзінше, алғашқы уақытта қызметкерлер арасында емхананың болашағына күмәнмен қарағандар болған. Бірақ инвестордың ұжым арасында қысқартудың болмайтынын, емхана жұмысының қалыпты жүретіні туралы уәдесінен кейін қорқыныш сезімі басылды. Сол уақыттан бері 7 айдың ішінде штаттан ешкім қысқартылмаған.

- Биыл инвестордың қаражатына ультрадыбыстық зерттеу аппараты сатып алынды. Бұл құрылғыны жүкті әйелдер мен қан айналым жүйесінің қызметі бұзылған науқастар қолдануда. Сонымен қатар, мекеме адамдардың қан тамырын тез анықтайтын аппаратпен толықты. Келесі жылы тағы да қажетті құрылғылар сатып алынбақ. Сондай-ақ, емханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төртінші санатқа жататын науқас жандарға жеткізетін арнайы көлік алу да жоспарлануда. Ұсақ операцияларды күндізгі стационардың негізінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қызметтерді дамытуға тырысудамыз. Қазіргі уақытта инвестордың бастамасымен қаламыздың өзге бөліктерінде тұратын емделушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында жеке амбулаториялық бөлімше ашу жоспарланған. Мысалы, сондай нысанның бірі 1 Май және М.Горький көшелерінің қиылысында ашылмақ. Қазір қажетті ғимарат табылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, аталмыш аумаққа жақын тұратын павлодарлықтар медициналық көмекті сол жерден де ала алады. Бұл дәрігердің қабылдауына деген кезек санын азайтуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Бүгінде бұл емхана да электронды кезекке көшкен. Емделушілер үшін екі терминал орнатылған. Емдеу мекемесі «Инфомед» мобильді қосымшамен жұмыс істейді. 71 құжаттың 41-і электронды форматқа көшкен. Жыл соңына дейін қағазбастылықтан құтылмақ. Медициналық құжаттарды сандық жүйеге көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Емхананың бұл мақсатқа арналған жеке серверлері де бар.

- Бұған дейін тұрғындардың дәрігер қабылдауына жазылуға арналған Call-орталық жұмыс істеген болатын. Қазір заман талабына сәйкес, аталған орталықтың жұмысы қайта құрылды. Сондай-ақ дәрігер қабыл-дауына мобильді қосымша арқылы жазылады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі болса керек, былтыр емханаға тіркелген тұрғындардың саны 70 мың шамасында болса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1200-ге артқан, - дейді ол.

Мамандар емдеу мекемесіндегі мұндай тың өзгеріс қызмет көрсету сапасын арттырып келе жатқанын айтады. Бастысы, тұрғындардың көңілінен шықса болғаны... Денсаулық саласындағы жекешелендіру нәтижесі біздің де назарымызда болмақ.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz