Өнердің, музыканың, оның ішінде қазақтың күмбір күйлерінің мәртебесі қашан да жоғары болып қала берері хақ. Әрине, ұлттық өнер - халқымыздың құнды мұрасы, ғұмыр шежіресі. Олай болса, филармония оркестріне есімі берілген Рүстембек Омаров осынау өнердің алтын қазынасын жаңғыртқан, күй өнерінің дамуына, әйгілі күйшілердің шығармаларының ұмыт қалмауына аса зор еңбек сіңірген, талай-талай музыка мамандарын орындаушылық қасиетімен тамсандырған өнер иесі. Оркестрдің салтанатты кешінде Р.Омаровтың «Жастық шақ» атты күйі алғаш рет орындалды. Оркестрге лайықтап түсірген - оркестрдің бас дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов. Шығармашылық кештің «Жастық шақ» аталу себебі осы.

Өнер кешіне Р.Омаровтың кенже қызы Қарлығаш Омарова, жиендері, шөберелері мен туыстары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қазақ ұлт аспаптар оркестріне Рүстембек Бейсенұлы Омаровтың есімі берілгенін растайтын сертификатты салтанатты түрде табыс етті.

Өткен 10 жыл ішінде аймақ мақтанышына айналған ұжым 2007 жылы сол кездегі Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болған Секербек Жабықбаев пен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының сол кездегі директоры Ляна Логунованың басшылығымен құрылып, алғашқы дирижері болып Бақыт Сарбаров тағайындалған-ды. Қазір оркестрдің бас дирижері - ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов. Айта кету керек, Т.Кәрімов өнер ұжымының биікке көтеріліп, өз еліміздің, шетел композиторларының әйгілі шығармаларының кәсіптік жоғары деңгейде орындалуына айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Соның бір айғағы, оркестр «Жұманов көктемі - 2016» халықаралық фестивалінің лауреаты атанды.

Өнер кешінің шымылдығы оркестрдің орындауында Е.Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі» симфониялық поэмасымен ашылды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Р.Омаров дәулескер күйшілермен араласып, Динаның, Мұрат Өскенбаевтың қолынан күй алған домбырашы Р.Омаровқа арнайы жазылған Л.Шаргородский мен С.Шабельскийдің «Тойбастар» атты шығармасы да ерен. Өнер ұжымы осы шығарманы шеберлікпен орындады. Жерлестеріміз А.Құрманәлиев пен осы оркестрдің артисі, белгілі сазгер А.Әбдікәрімовтің «Еске алу» атты әнін оркестр әншісі халықаралық байқаулардың лауреаты Н.Сарқамбаев орындады. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаты Р.Садықовтың орындауында Махамбеттің «Жұмыр қылыш» атты күйі, Ж.Мұхтаровтың «Ұлы дала елі», Динаның «Науаи» атты шығармалары әуеледі.

Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің мерейтойлық қуанышын бөлісуге Астанадан арнайы Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті келді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Е.Мыңтаев жетекшілік ететін өнер тобы бірнеше шығарма-лар орындап, көпшілікті өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ Астанадан келген белгілі өнер иелері Ә.Аманжолова, О.Нұрланов, С.Құсайынова мен А.Төлеудің орындауындағы әндер мен музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілінен шықты. Әнші О.Скорикова орындаған Веласкестің «Bessame mucho», Л.Хамидидің «Бұлбұлын» нақышына келтіре шырқаған жезтаңдай әнші Г.Алдадосова, Е.Наурыз бен Т.Олжабайдың орындауындағы «Күй шашу», ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Д.Ғылымов жетекшілік ететін «Дәуір» этнофольклорлық ансамблі сынды өнерпаз қонақтар салтанатты кештің мерейін асырды.

Он жылдық тарихы бар өнер ұжымының репертуары да айрықша екендігіне шығар-машылық кеш барысында көз жеткіздік. Әрине, оған оркестр мүшелерінің қосқан үлесі де баршылық. Мерейтойда оларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Сонымен бірге оркестр мүшелері облыстық мәслихат, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, Павлодар қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Кеш соңынан жерлес әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Асылбек Сапарбекұлы халық термесі «Шалқыманы» әуелете шырқады.

Иә, жан тербейтін мәңгілік нұр ұлттық ән мен күй әуелеген кеш мазмұндылығымен, ғасырды ғасырға жалғап келе жатқан ірі шығармаларды жаңғыртуымен көпшіліктің есінде ұзақ сақталмақ.

Мерейтой құтты болсын, өнер иелері! Шығармашылық шабыт биіктерге жетелесін дейміз.

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz