Жуырда қазақстандық түлектердің студенттік көші-қонын сараптау бойынша ірі зерттеу жобасы қолға алынған болатын. Зерттеу нәтижесінде еліміздегі жастардың 20 пайызы Қытай мен Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті екені белгілі болды. Ал Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы шетелде оқып жатқан 101 044 қазақстандық студенттің 86 пайызы Ресей мен Қытайда екен. Тәжірибе көрсеткендей, ресейлік және қытайлық ЖОО қазақстандықтарды тартып, сол бағытта белсенді саясат жүргізуде-мыс. Қазір Ресейде - 70 мыңнан астам, ал Қытайда 14 мың студентіміз білім алып жүр.

Сондай жастың бірі - ақсулық Дияс Сәлменов. Ол Ресейдің астанасы Мәскеуге білім іздеп кетіп, кейіннен көрші елге түбегейлі қоныс аударған. Оған дейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Банк ісі» мамандығы бойынша білім алған. Дияс Ресейдегі жоғары оқу орнын таңдаудағы себебін өзінің фейсбук парақшасында былай деп түсіндіреді:

- 2012 жылы Мәскеуге білім іздеп аттандым. Банк саласында еңбек етпесем де, таңдауым құрылыс саласына түсті. Ресей астанасы – жастар үшін мол мүмкіндіктер қаласы. Бұған көзім жетті. Қазіргі жағдайым жаман емес. Бір жарым жыл бұрын монтажшы болып, кейін шебер лауазымына ие болдым. Қазіргі таңда түрік құрылыс компаниясы инженерінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жалақыма көңілім толады. Бұған дейін Италия мейрамханасында аспазшы және визажист мамандықтары бойынша еңбек еттім. Шыны керек, бұл мамандықты меңгеріп алсам, мол қаржы табамын деп ойлаған едім. Өкінішке қарай, аталмыш шығармашылық мамандықтар қаржы көзіне айналмады. Қазіргі уақытта құрылыс саласындағы жұмысыма көңілім толады. Үйренгенімнен үйренерім көп. Біріншіден, Мәскеу жұртшылығы арасында қазақ халқы құрметке ие. Екіншіден, мұнда еңбек етуге келген отандастарым аз емес. Тынымсыз еңбек етсең, қаржы табуға мүмкіндіктер бар. Мәскеуге көшіп кеткенімнің негізгі себептері осы, - депті ол.

Дияс тәрізді шет елде білім алып, кейіннен елге қайтуды көздемейтін жастарға филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышевтың айтар өз уәжі бар.

- Шет елге білім іздеп кетіп жатқан жастардың құштарлығын құптауға болады. Ал білім алған елінде қалып қойып жатқан жастарды өз басым патриот деп айта алмас едім. Қазақ «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Бұған қарап облыстағы 3 жоғары оқу орнының білім сапасын төмен деп айтуға болмайды. Тіпті, оны менсінбесе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Алматы техникалық университеті бар. Назарбаев университетінің өзі бір төбе ғой. Аталмыш білім ошақтары дарынды қыз-жігіттерді тәрбиелеуге қауқарлы. Жастардың жаппай білім алу үшін Ресейге ағылып, ол жақта қалып қойып жатқаны дұрыс емес. Жастарымыздың бәсекеге қабілетті сапалы білім алып, елімізге оралып, мықты маман ретінде еңбек етуін қалаймын, - дейді ол.

Осы ретте екінші баласын Ресейге оқуға жібергелі отырған ана Мәрия Аманқосова елдегі жоғары оқу орындарына түсудің тым қиын екенін айтады. Оның айтуынша, ҰБТ талаптарының жыл сайын өзгеруі, ЖОО-на түсу үшін балдық деңгейдің жыл санап жоғарлауы, тіпті, биылғы жылғы «Алтын белгі» иегерлерінің өзіне жасалған сынақты жастарға жасалған «қиянат» деп білемін дейді ол.

- Осыдан екі жыл бұрын ортаншы қызым Ресейдегі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Ал үлкен қызым С.Торайғыров атындағы ПМУ-де білім алады. Екеуіне жасалған жағдайды қарап отырып биыл ұлымды екінші әпкесінің қасына жібергенім жөн деп таптым. Себебі, оқуға түскісі келген түлек біздегідей ҰБТ тапсырып, өзін қинамайды. Екіншіден оқу ақысы біздегімен салыстырғанда әжептәуір арзан. Грантқа өткен жағдайда беретін шәкіртақысы тағы бар. Ең бастысы білім алуға келген кез келген түлек оқуын бітіргенге дейін жатақханамен қамтылады. Ал біздің елде бұл мәселе әлі күнге шешімін таппаған, - дейді Мәрия Аманқосова.

М.Аманқосова тілге тиек еткен оқу ақысын арзандату жөнінде елдегі атқамінерлер талай мәрте Білім және Ғылым министрлігіне ұсыныс айтқаны есімізде. Мәселен, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев осы мәселе төңірегінде былай деген болатын:

- Оқу ақысын арзандату қажет. Жастарымыздың көбі Ресейдің оқу орындарына түсуде. Ресейліктер көктем мезгілінде еліміздегі мектептерді аралап, ең дарынды түлектерді оқуға шақыруда. Ол жақта оқу бітірген маманды жұмысқа орналастыру мәселесі шешілген. Ресейде қоғамның қартаюы деген мәселе бар. Ауылдарын айтпағанда, қалада да жастар саны аз. Көп мекемелерде жұмыс істейтіндердің дені – зейнеткерлер. Сондықтан олар басқа елдің жастарын тартуда. Бұған жол бермеу керек. Біріншіден, отандық жоғары оқу орындарының сапасын көтеру керек. Екіншіден, гранттар есебінен дарынды жастарымызды елде алып қалу қажет. Үшіншіден, жұмыс мәселесін шешу керек, - дейді Асқар Бейсенбаев.

Жастардың шет елге көптеп ағылуы биліктегілерді де селк еткізсе керек, осы жылдан бастап ҰБТ-да шектік баллды жинай алмаған түлек екінші рет бағын сынап көре алады. Ол үшін белгіленген ақшаны төлесеңіз болғаны. Бұл жөнінде Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев былай деген екен:

- Бұл мәселе бойынша біздің алдымызда Президент қойған тікелей тапсырма тұр. Осы жылы біз жастарға елдегі жоғары оқу орындарына көптеп түсуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әсіресе, колледж түлектеріне баса назар аударып отырмыз. Жоғары оқу орындарын бітірген жастардың барлығы жұмысқа орналаса алмайтынын түсінеміз. Алайда, тұтас алғанда, басқа елдер сияқты біз жоғары білімді қоғамға ұмтылуымыз қажет. Соңғы 40 жыл ішінде әлемдегі студенттер саны 6 есе өсті. Жыл сайын бүкіл әлем бойынша жоғары оқу орындарына 150 млн. адам түседі. Соңғы 10 жыл ішінде бұл көрсеткіш 50 пайызға артты, - депті министр.

Жалпы, жастардың өзге елде білім алуы тек біздің елге ғана тән дүние емес. Мәселен, Еуропалық жоғары оқу орында¬рының рейтингінде австриялық университеттердің беделі жоғары. Мұнда оқитын студенттердің үштен бір бөлігі – шетелдіктер. Ал АҚШ-та білім алудың өз басымдықтары бар. АҚШ-та мамандықтардың неше түрі кездеседі. Технологиялары жетік, таңдау мүмкіндігі көп: қай семестрде, қандай курстарды оқитынын, қай мұғаліммен, қанша сағат оқитынын студенттің өзі шешеді. Білім жүйесі жаһандық үрдістер мен жалпыәлемдік құндылықтарға негізделген.

Қыр асып, білім іздеген жастар теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін, өзге жерде қалып қоймай, туған елге оралып, оның дамуына өз үлесін қосса ұрпақтың Отан алдындағы парызы өтелмей ме?!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz