Қазақтың өнері мен мәдениетінің дамуына өшпес із қалдырған шеберді өз елімізбен қоса, көршілес Моңғолия, Қытай, Қырғыз елдері мен Еуропа жұртшылығы тез таныды. Еуропалық баспасөз оны «қазақ қолөнерінің классигі» деп атаса, Моңғолия үкіметінің мемлекет қайраткері Лодой Дамба «Қамар Қасымов - толық дәлелденген теңдесі жоқ қазақ шебері» деп бағалады.

Қамар Қасымов 1893 жылы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында туған. Бала кезінен ауыл қарияларынан ожау жасауды үйренген бала Қамар одан кейін там-тұмдап саптыаяқ, шақша, қамшы секілді заттар мен домбыра жасайды. Алайда, болашақ шебердің атасы Мұсылман қария Қамар мен әкесі Қасымды шақырып алып: «Атқа мініп азамат болғанның орнына Қамардың көр-жер жасап жүргені не сұмдық! Құртыңдар, анау қасық-ожауды, көрсетпеңдер көзіме!» - деп, сол күні атасының бұйрығымен бала шебердің тырнақалды бұйымдары отқа жағылыпты. Бірақ бұл жағдай шебер баланың талабын жасыта алмапты. 1917 жылы жазда Баянауылға Омбыдан Захар Комаров деген шебер келеді. Захар сол кездегі патша үкіметінің қысымымен қудаланып жүрсе керек. Қарапайым өнер адамы қонақжай қазақ еліне бауыр басып, қазақ тілін үйреніп, дәстүрін біліп, ел арасында «Захар шебер» атанған. Міне, осы шебердің қасына ерген Қамар Қасымов оның шеберлігін үйреніп, бүкіл өміріне жетерлік өнеге алады. Табиғатынан қолөнерге деген іңкәрлік Захардың мектебінен өткеннен кейін тіпті арта түсті. Қамар Қасымов өзінің өмір жолы жайлы жазбасында былай депті: «Әкем өмірбойы саятшы болып, мылтық атып, жаз қаршыға, қыс бүркіт салып, осылай өмір өткізді. Үлкен әкем қазақтың оюларына өте шебер болды. Көпшілік елге іздеп келіп, қазақтың оюын ойғызып алып кетіп жүрді. Мен әкемнен жалғыз болдым. Орысша көп оқымадым. Қазақша оқыдым. Жасымнан қолөнер ісіне құмар болып, оюлап сандық жасап, әртүрлі істер істеп, панерден ою ойып, сурет бояп, рамка жасайтын Баянда Кулеев дегеннің прикащигі Комаров Захармен үйір болдым. Маған үйрен деп лобзик ара берді. Осы уақытқа дейін сонымен іс істеп келемін. ...Мұның маған лобзикті бергені 13-ші жылдары. Қолөнерін 19-шы жылдары бастадым. Мұстапаның Жақыбы деген асқан шебер оюшы адам болды. Осыдан біраз үлгі алдым. Бұл да оқымаған адам еді. Бірлі-жарым домбыраны да істеп, өзіме керек осыларды жинадым». Иә, ұлттық өнер әулетінен, атасынан дарыған, өнерді әс көтерген ауылда дүниеге келген Қамар Қасымовтың шебер болмауы мүмкін емес-ті. Өнер демекші, оның Сұлтанмахмұт Торайғыровпен аталас туыстығын ауылдастары күні бүгінге дейін ақтарыла сыр етеді.

- Жақында 125 жылдық мерейтойы аталып өткен жерлесіміз белгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровпен Қамар Қасымов шөбере туыс болып келеді, - дейді Торайғыр ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Жақыпова Шолпан апай. – Осы ауылға кіре беріс сол жақта Қарасор бар. Міне, сол маңай - Қасымның атақонысы. Сұлтанмахмұт пен Қамар бала кездерінен құлын-тайдай тебісіп өскен дос болған, - дейді. Шолпан апайдың бұл сөзін белгілі өнерзерттеуші, Қамар Қасымовтың шығармашылығын көп зерттеп, шебердің атын асқақтату мәселесін жиі көтерген Зәбира Жәкішева былай деп растайды:

- Ақын атындағы (С.Торайғыров С.М.) музей директоры Омаров Амангелді Сұлтанмахмұт туралы жаңа деректерді сұрыптай отырып, ойып жасалған екі домбыраға аса ықыласпен қарағанымды аңғарып, бұл домбыраның тарихы туралы былай деді:

- Бұларды жасаған - осы елден ертерек кеткен Қамар Қасымов деген шебер. Елге анда-санда келіп-кеткен көрінеді. Әнебір жылдары Моңғолияға барыпты деп еститінбіз. Сонда қайтып елге келгенде осындағы ағайын-жұрт Қамекеңнің сол жақтан киіп қайтқан етігін, қалпағын, басқа да заттарын тәбәрік ретінде алып қалған екен. Ал мына домбыраның біреуін Сұлтанмахмұтқа арнап жасаған. Ол екеуі - аталас туыс, жақын адамдар. Сұлтанмахмұттың әйгілі «Қамар сұлу» поэмасындағы негізгі кейіпкер қыздың шын аты Гүләйім ғой. Сұлтанмахмұт пен Қамар түйдей құрдас, дос, өте сыйлас болып өскен. Содан белгі болсын деп Сұлтанмахмұт Гүләйімнің атын Қамардың есімімен атап кеткендігі туралы осы ауылдың байырғы тұрғыны Қамекеңнің тағы бір аталас туысы Әлмұқан Әлімбаев ақсақал айтып отыратын.

Осы қария Зәбира Жәкішеваға Қ.Қасымовтан ұрпақ қалмағандығын, Сұлтанмахмұттың, Жаяу Мұса Байжановтың, Шәкен Аймановтың оған қалай туыс болып келетіндігін айтып берген екен.

...1930 жылдардан бастап өнер иелерін топтастырып, ұлттық музыка өнер тобын құру ниеті қазіргі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін дүниеге әкелді. Оған ең алдымен музыкалық туындылар және әрине, ұлттық музыка аспаптары керек болды. Айта кетелік, бұл игі істің басы-қасында қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Темірбек Жүргенов жүрді. Міне, өнер ұжымын жасақтауда кездескен алғашқы қиыншылық – ұлттық музыкалық аспаптардың жетіспеуі, ұмытылғандарын қайта жаңғырту, жаңарту, аспаптардың үнін оркестрге лайықтау секілді істердің көш басында Қамар Қасымов тұрды. Бұл мәселеде шеберді алдымен Москвада құрыла бастаған А.В.Андреев атындағы орыс халық аспаптары оркестрінен тәжірибе жинақтауға жібереді. Алайда, қазақ шебері орыс оркестрінің сипаты қазақтың ұлттық оркестрінің музыка шығармаларының ерекшелігін бере алмайтындығын, сол себепті қазақ аспаптарын орыс аспаптарының үлгісімен жасамау керектігін түсінеді. Ол енді қазақ ұлттық аспаптарының үнін, ерекшелігін зерттеуге кірісті. Ендігі жерде Қ.Қасымов халық шеберлерінің қолынан шыққан аспаптардың құрылысын негізге алды. Шебердің осы мақсаттағы қажырлы еңбегін, қабілет-дарынын кезінде Т.Жүргенов, Қ.Сәтбаев, Ш.Айманов пен Ғ.Мүсіреповтер аса жоғары бағалаған екен.

Ол ең алғашқы шеберханасын Жамбыл атындағы филармонияда, одан кейін Құрманғазы атындағы оркестрдің жанынан да шеберхана ашты. Қарағанды облысы Осакаровкадағы жиһаз комбинатының жанынан да шеберхана ашып, жұмыс істеді, бірқатар музыкалық аспаптар жасады.

1934 жылы Алматыда алғаш рет қазақтың халық аспабына қатысты слет өтеді. Бұл шараны ұйымдастырған Т.Жүргенов Москвадан қазақ әндерін ертеден жинаған композитор, музыка зерттеушісі А.Затаевичті алдырады. Осы слетте Затаевич жинаған 500-дей ән-күй таныстырылады. Осы слетте қазақ оркестрін құруды мақсат еткен Қамбар Ерғожин көп адамдарға домбыра үйретуді қолға алады. Музыка аспабын жасайтын шебер іздестіреді. Ақыры Қамар Қасымовпен келісіп, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасауға тапсырма береді. Әрине, бұрын-соңды қазақта бірнеше музыкалық аспап бір шығарманы қосылып ойнайтын оркестр, ансамбль атаулы болмаған. Сондықтан көп ізденуге, еңбектенуге тура келеді. Бұл туралы Қамар Қасымов: «...Істеуге құмармын. Бірақ қалай істеледі. Білмеймін. Және қазақтың өзінің ұлттық форымын еске ала отырып, ансамбль болсын, оркестр болсын контрабас, бассыз болмайды. Соларды көріп жүріп қобыздың контрабасын жасадым. Мойны имек, тек формасы ұқсайды, екі шекті, осыны істеп, Жұбановқа алып барғанымда қатты қуанды. Жұбановтың айтқаны: ауыр болса да, дауысы шықпаса да оркестрдің артында көрініп тұрса болды» деді. Игорь деген инспектор бар еді, соған справка жазып әкел деді. Ол жазып әкелді. Қол қойып маған берді, газетке жаза бастады. Мен де одан сайын құмарланып, істей бастадым. Бірте-бірте құмарланып, ауырларын алып тастап, бірде бұзып, бірде істеп жүріп, істеген сайын жеңілдетіп, дыбысы да бірте-бірте жөнге келе бастап жүргенде нота үйренуге тура келді. Хамиди деген дирижер болды, нота үйретті». Сөйтіп, Қ.Қасымов домбыра түрін жетілдірді, контрабас домбыра, прима, контрабас қобыз, бас қобыз, альт қобызды қайта жасап шығады. 1934 жылға дейін қазақта 4 музыкалық аспап болса, кейін оның саны 18-ге жетті. Оның 16-сы оркестрде ойналды. Яғни шебер ұзақ зерттеп, көп бейнеттенуінің арқасында жыл сайын жаңғырған ұлттық музыкалық аспаптар оркестрдің құрамына енгізіле берді. Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде қазақ оркестрінің аспаптары 1957 жылы жолға қойылды. Бұл туралы шебер: «Мұнша көп уақытқа созылуын біраз істегеннен кейін кейбір адамдар істетпеуге кедергі жасай бастады. Менің тастағым келмеді. Себебі мен әбден әрқайсысының жолына түстім. Бұрынғы істелгендерін жөндей отырып, материалдарды бағзы уақыттарда өз ақшама сатып алып істедім, ұлттық аспаптардың қазіргі саны 18-ге жетті. Осының үшеуі бұрынғы бары. Үшеуін басқа мастер жасады. Қалған 12-сін ешкімнің ортақтасуынсыз мен изобретать еттім. Ана алтауын жетілдірдім (қайта жөндеп)». Барлығының қайсысы қай жылы шықты, қолымда әрқайсысының істелген уақыттары бар 18 инструменттің 16-сы оркестрде ойналды. Қазір оркестрдің көрінісі симфониялық оркестрдің орындағанын орындап, барлық нотаға күші жетті» деп жазды. Өнер ұжымы халықтың үлкен мақтанышына ие болды, Кеңестер одағының барлық елдерін аралады, екі рет Қытайға өнер сапарына шықты. Тек Құрманғазы атындағы оркестр ғана емес, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы тұңғыш құрылған ұлт аспаптар оркестрінің, Алматыдағы Ықылас атындағы саз аспаптары музейінің, жалпы еліміздегі ірілі-ұсақты өнер ұжымдары мен жекелеген өнер адамдарының шығармашылық әлемінде өсу, өну жолдарында Қамар Қасымовтың қолтаңбасы бар екенін айту керек. Оның, әсіресе Моңғол еліндегі шығармашылық еңбегі, осы елде өнер ұжымын құру ісіндегі туысқандық көмегі жоғары бағаланды. 1956 жылы Моңғолияның «Поляр жұлдызы» орденімен марапатталды, есімі «Моңғолияның Құрметті азаматы» кітабына жазылды, екі елдің ұлттық мәдениетінің дәнекері бола білді.

Қамар Қасымов 1925-1930 жылдардан бастап халық аспаптарының үлгісін іздестіріп, жаңа нұсқаларын ойлап табуы, ең алғаш бұл аспаптарға ұлттық нақыштағы ою-өрнектер салуды енгізгені, музыкалық аспаптар жасайтын шеберханалар ұйымдастырып, ізбасар мамандар дайындау секілді еңбегі зор болды.

Өнер зерттеуші Зәбира Жәкішева: «Ол - қолөнер шебері ғана емес, өз уақытында органология, яғни аспаптың өзі туралы ғылыммен айналысқан қазақ аспаптанушылары ішінде тұңғыш адам. Қазақ аспаптану ісіндегі органология саласын зерттеуге, мәселен, халық аспаптарының құрылысын, оның жасалу әдіс-тәсілін, дыбыс қатарын, аспаптың дыбыстық тембрі мен тербелісін зерттеу, әр бөлшегіне дәлдік өлшем жүргізу, т.б. міндеттер жатады десек, сол кездің өзінде бұл ғылымның бар-жоғынан хабарсыз Қамекең өзінің шеберлік, қолөнерлік іс-тәжірибесі арқылы жоғарыдағы айтқан ғылыми міндеттердің барлығын меңгергенін байқаймыз. Бірақ, Қамекең өзінің осы іспен айналысқанын білмеді» деп жазды.

Қазақтың музыкалық ұлт-аспаптарын жасау, қайта жасау, оркестрге лайықтау ісінде орасан зор ғылыми еңбек жасаған Қамар Қасымовқа жасалған кедергі аз болмаған екен. Бұл туралы зерттеуші ғалым Б.Сарыбаев 1970 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде былай деп жазған: «...Ұлттық аспаптарымызды зерттеу ісі қолға алынбағандықтан Қамар Қасымов сияқты дарынды шебердің жұмыс тәжірибесі де жинақталмай, ескерусіз қалып отыр». Шындығында, Қ.Қасымовтың танылуына, аспаптарына авторлық иелік алуына, т.б. бүкіл еңбегін жоққа шығаруға кедергілер көп жасалған. Өзінің бір естелігінде 1957 жылы Мәскеуден жасалып әкелген 80-90 аспаптың бәрінің дұрыс болмағаны, соған қарамастан қымбатқа түскенін жазады. Жаз бойы сол аспаптарды жөндеп, іске жаратқан екен. Сол аспаптар жоғарыдағы басшылардың айтуымен Қазақстан атынан басқа мемлекеттерге сыйлыққа беріліп отырған. 1957 жылы Ворошиловтың Қытайға барған сапарында Қазақстан атынан Мао-Цзе-дунға сыйлыққа берілген қобыз Қамар Қасымовтың қолынан шыққан. Бұл үлкен мақтаныш болған екен.

«Менің осы істерімді көріп, моңғол халқы шақырып, Мәскеу арқылы қатынас жіберілді. Журналдан көріп, Венгриядан менің адресімді сұрап филармонияға қағаз келді. Қытайдағы елдер қазақтың инструментінің чертежін алып кетеді. Осылардың абыройы Қазақстанның абыройы емес пе? Қазақтың сыбызғы жағы ескерусіз қалып отыр. Мұны жоқтап отырған ешкім жоқ. Үкімет тарапынан көп абырой алдым. Бірақ осындай үлкен еңбегіме лайықты үйімнің ішін жөндеп, киімімді жөндеп жүруіме мүмкіндік болмады...» деп жазады Қамар атамыз естелігінде.

Рас, Қамар Қасымовтың ұлттық өнер мен мәдениетке сіңірген еңбегі кезінде ескерілмеді. 25 жыл бір шеберханада жұмыс істеп, оркестрлерге небір ғажайып аспаптар жасаған шеберге пәтер берілмеген, буланып тұратын жер үйде ғұмыр кешіпті. Денсаулығына мән беруге жағдайы көтермеген, жоғарыда жазғанымыздай, жасаған аспаптарына авторлық иелік ала алмаған, Құрманғазы оркестріндегі аспаптарды түгел өзі жасап шыққанымен аты аталмады, сыйлық та бұйырмаған, ең арысы 1952-53 жылдары лауреат атағына ұсынылғанмен нәтижесін көрмеген екен.

Қамар Қасымовтың 1932-1933 жылдары қолдан жасалған аштық салдарынан әйелі мен ұл-қызы опат болды. Ал кірпігі қимылдап, өлі мен тірінің ортасында жатқан Қамарды кездейсоқ кездестіріп, тірілтіп алған Ағзам Боқанұлы деген азамат екен.

Қамар - қазақта біреу ғана. Сол секілді, әр елде де мұндай біртуар таланттар бір-бірден ғана. Француздарда Эрар Себастьен, италия жұрты Страдивари, орыстар Андреев деген шеберімен танылды. Қырғыз бен моңғол ұлттық музыка аспаптарын жасауға Қамар Қасымовты жоғарыдағы билік арқылы алдыртқан. Қытай жұрты басшылары Мао болып бас ұрған, біздің шеберге. Еуропаның ең білікті деген композиторлары мен шеберлері де Қасымовты мойындаған, ризашылықтарын білдірген екен.

Қамар Қасымовтың шәкірті болған Першин, Романенколар ұстаздарының классикалық үлгідегі қобыз сынды музыкалық аспаптарды жасаумен бертінге дейін айналысты. Респуб-лика көлеміндегі музыканттар Першиннің аспаптарын ат-түйедей қалап алдыртатын. Қазір оның ісін балалары жалғастыруда деп естиміз.

Ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін Алматы, Астанадағы музыканың білгірлері, бәлкім, Қамар Қасымовтың еңбегіне ғылыми-зерттеу жүргізіп жатқан болар, дегенмен оның туған жерінде де еске алып, есімін, шығармашылығын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа таныту қажет-ақ. 2004 жылы сол кездегі Баянауыл ауданының әкімі болған Қорабай Шәкіровтің демеушілік көмегімен Айтжан Бәделхан мен өнерзерттеуші Зәбира Жәкішеваның құрастыруымен «Қамар Қасымов» атты шағын кітапша жарық көрді. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайында Қамар шебердің бірді-екілі заты, өзі жасаған домбырасы бар. Сондай-ақ, шебердің жасаған бірқатар музыкалық аспаптары Алматыдағы Ықылас атындағы республикалық музыкалық халық аспаптары музейінде сақтаулы. Әр жылдары қазақтың белгілі қаламгерлері, ғалымдары мен зерттеушілері, атап айтқанда - Ғ.Мүсірепов, И.Шаймерденов, Ө.Күмісбаев, Б.Сарыбаев, Д.Приймак, т.б. Қамар Қасымовтың еңбегінің еленбей жүргені жайлы түрлі баспасөз беттеріне қалам тартқан.

Қамар Қасымовтың есімі ұмытылмауы тиіс. Ол үшін деректі фильм түсіріп, реті келсе оның ізін жалғастырушы музыкалық аспаптар жасаушылар байқауын ұйымдастырса, қазаққа алты аласы, бес бересі жоқ революционерлер иеленген көшелерге есімі берілсе, музыка мектептерінде арнайы бұрыш не шағын мұражай ашылып, өмірі мен шығармашылығы өнерпаз балалардың арасында насихатталса оң болар еді.

Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz