Бұл үрдіс Жоғарғы сот төрағасының Сингапур мемлекетіне барып келген сапарынан кейін енгізілген еді. Осы «Түнгі сот» атауына ие болған сот үдерісі кешкі 18.30-дан 22.00-ге дейін жүргізіледі. Бұл жаңашылдық Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының өкімімен Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларының соттарына енгізілген еді. Енді мұндай жоба Павлодар қаласында да жүзеге асырылуда.

Түнгі сот жол-көлік оқиғаларына қатысты істерді ғана қарайды. 23 шілдеде қосылған жаңашылдық аясында 10-ға жуық іс қаралған.

Павлодар қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы міндетін атқарушы, судья Мәлік Майсақановтың сөзінше, істердің көпшілігі жүргізушілердің жол ережелерін сақтамай, жол-көлік оқиғасы кезінде адам денсаулығына залал келтіруі, көлік құралдарының немесе басқа да дүниелердің бұзылуына қатысты болады. Яғни, бұған дейін жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда, оқиға орнына полиция барып, құжаттар толтырып, медициналық сараптама тағайындайтын. Бұл үрдіс 2 аптаға жуық уақытты алатын. Құжаттар толық жиналған соң, іс материалдары сотқа жіберілетін. Шығын көлемін қайта қалпына келтіру жұмыстары тағы да 2 аптаға жуық уақытқа созылатын. Онымен қоса, сот сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.30-ға дейін ғана жұмыс істеуші еді. Барлық құжат толтырылған соң, жүргізушілер сақтандыру компаниясына баратын. Осы жұмыстардың барлығына жүргізушілер 1 жарым ай уақыт жоғалтатын.

- Жол-көлік оқиғасына қатысты істер кешкі 18.30-дан 22.00-ге дейін қаралатын болды. Қазіргі уақытта көлік күнделікті қажеттілікке айналған. Жол-көлік оқиғасында шешім шығару ісінің қысқартылғаны жүргізушілерге айтарлықтай жеңілдік туғызып отыр. Себебі жол апатының алғашқы күнінде полицейлер іс материалын толтырып, жинап, екінші күні сотқа жібереді. 3-ші күні іс қаралып, қалпына келтіру шешімі шығарылады. 10 күн ішінде заңды күшіне енгеннен кейін жүргізуші сақтандыру компаниясына барады. Яғни көлік иелері бұрынғыдай 1 жарым ай емес, тек 13 күн ғана жүреді, - дейді судья.

Бірақ келіп түскен істің жұмыс уақытынан тыс сот үдерісінде қаралуы үшін бірнеше шарттар сақталуы керек. Мәселен, бірінші талап – жүргізушінің өз кінәсін толық мойындауы, келтірілген шығынды өтеуге, дау-дамай туғызбай, істің жұмыс уақытынан тыс кезде қаралуына келісуі. Сонымен қатар, бұрын мұндай сот үдерістерін адамдар екі айға жуық уақыт күтетін болса, қазір екі тараптың іс материалын жұмыстан тыс уақытта қарап, он үш күннің ішінде шешім шығарылып отыр. Бұл уақыт үнемдеуге тиімді екендігі сөзсіз.

Мәлік Алмазұлы қазіргі уақытта ішкі істер органдарымен өзара әріптестік аясында меморандумға қол қойғандарын айтты. Яғни, тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасы кезінде істі түнгі сотқа жіберуге болатынын және оның ережелерін түсіндіріп отырмақ. Мұндай жұмыстар жол апаты кезінде зардап шегуші мен кінәлі тараптың аталмыш істі аз уақыттың ішінде жабуға көмектеспек.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz