Шаһар келбеті жыл өткен сайын түлеп, көркейіп келеді. Биыл көшені көріктендіруге де, ауланы абаттандыруға да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жол жөндеу секторының меңгерушісі Николай Казаниннің айтуынша, бұл мақсатқа қазынадан 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.

- Аулаішілік жолдардың беткі қабатындағы ұсақ ақаулар бүтінделіп, олардың алды жөнделіп жатыр. Ескірген жерлер қалыпқа келтіріліп, жолдың үстіңгі қабаты тегістелуде. Тіпті, аула ішінде жаңа жолдар салынуда. Қазіргі уақытта 171 аула жолдары асфальтталды. Оған қоса, 39 учаскеде тротуарлар салынып, қоқыс жәшіктері де орнатылды, - дейді Н.Казанин.

Айманов көшесіндегі 30 тұрғын үйдің ауласына асфальт төселіп, келбеті өзгеріпті. Бұл аула бүгінде айрықша түрленген. Аталмыш үйдің тұрғындары да бұған дән риза. Тіпті, тұрғындар ауланы абаттандыруға өздері де білек сыбана кірісіп кеткен. Кішігірім әткеншектерді, подъездің кіреберістерін сырлап, әр кіргізген. Халық ауладағы жайсыздық жойылып, айналасы жайнағанына ризашылық білдірді.

- Мен осы үйде 1975 жылдан бастап тұрамын. Әрине, ол кезбен бүгінгі күнді салыстыруға келмес. Дегенмен, осы уақытқа дейін көңіліміз дәл осылай жайланып көрген емес. Жергілікті билік өкілдері бізге жол салып берді. Ал ауланы ары қарай көріктендіріп, түлету біздің мойнымызға жүктелді. Осы үйдің тұрғындары бірігіп, бірауыздан көріктендіру шараларын қолға алдық, - дейді аталмыш үйдің тұрғыны Надия Гаврилова.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан тағы бір аула – Ак.Шөкин көшесіндегі 87/2 мекенжайындағы үй. Қазір аулаішілік жолдарда қиыршық тастар төселуде. Мамандардың айтуынша, бұған дейін жөндеу жұмыстары қарқын алмаса, саябырлаған емес. Оның үстіне жолдың тақтайдай тегіс әрі сапалы салынуы мердігерден зор жауапкершілікті талап етеді.

- Барлық жұмыс технологиялық процесс бойынша жүргізілуде. Аулаішілік жолдың жарамдылық мерзімі 1 жыл. Қаладағы барлық жұмысқа мердігер компания – «Бонусстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартылған. Алдымен асфальт жабындысын дайындайтын компрессоры бар көлік жүріп өтеді. Артынша оны сылайтын битум мен асфальт тегістейтін каток жүреді. Жүргізушілерге тиісті ескерту белгілері қойылды. Әзірге ешқандай кедергі туындаған жоқ, - деді Н.Казанин.

Сектор меңгерушісінің айтуынша, жыл басында 180 үйді абаттандыру жоспарланыпты. Кейіннен асфальт төселуі тиіс ішкі аумақтарды депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерден құралған арнайы комиссия аралап, тағы 11 ауланы жаңарту туралы шешім қабылданған. Жалпы, мұндай жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz