Конференцияның басты мақсаты – өңірімізден шыққан тарихи тұлғалардың мерейтойлық даталарына орай олардың соңында қалған ұлы мұралары мен халқына еткен еңбектерін насихаттау. Жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, академик Ғарифолла Есім сынды елімізге белгілі тұлғалар қатысты. Қонақтар алдымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ертіс-Баян өңірінде атқарылу барысымен танысты. Одан кейін конференцияның негізгі пленарлық отырысына кіріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру, тұрақты ел, тұғырлы болашақ қалыптастырудың жолдары туралы баяндама жасады.

- Бүгінгі жиынның басты тақырыбы өз заманының ғұламасы Бұқар жырау Қалқаманұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұса Шорманов, ақын, ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеев, әнші, композитор Естай Беркімбайұлы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тарихи тұлғалар туралы болып отыр. Биыл осы ұлылардың мерейтойларын атап өту барысында ел есінде қалар бірқатар игі жұмыстарды қолға алдық. Атап айтар болсақ, Баянауыл ауданының Теңдік ауылында Мұса Шормановтың кесенесін салу, Ақтоғай ауданындағы Естай Беркімбайұлының кесенесіне жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде Естайға арналған зал ашылса, қаладағы балалар музыка мектебіне әншінің есімі берілді. Жақында ғана Мәшһүр атамыздың 20 томдық шығармалар жинағын цифрлық форматқа көшірдік. Биыл Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 125 жыл. Осыған орай ақын атындағы музей күрделі жөндеуден өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ақынның туған ауылында жарықтандыру, жол жөндеу, көркейту сынды жұмыстар атқарылды, - деді аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы.

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім өз баяндамасында «Мәңгілік ел» болудың жеті айқындамасын атап өтті. Олар – дәулет философиясы, іскерлік философиясы, дәстүр философиясы, қазақ қызы тәрбиесі, инновациялық ойлау философиясы және латын графикасы мен жақсы қазақ идеясы.

- Қазақ елі баянды болу үшін еліміздің азаматтары тегіс бай және ауқатты болу керек. Себебі, елге, жерге, табиғи қазынаға ие болу үшін қолыңда дәулет болу керек. Егер біздің азаматтар бай-ауқатты болмаса, онда елімізді өзге жұрттың адамдары билеп-төстеп, біз оларға қызметші болып қаламыз. Елбасының кәсіпкерлікті дамыту, қолдау жағына ерекше көңіл бөліп отырғаны да осы, - деді Ғарифолла ағамыз.

Сонымен қатар, алыс-жақын шетел ғалымдары да бейнежазба арқылы байланысқа шығып, өз пікірлерін білдіріп жатты. Солардың бірі – АҚШ-тың белгілі ғалымы, саяси ғылымдарының докторы Фиерман Вильямм. Ол өзінің құттықтау сөзін қазақ тілінде жеткізді:

- Павлодар қаласында «Ұлы Дала» этнофестивалі шеңберінде өткізіліп отырған «Ұлы Дала мұрасы: Тарих, тұлға, тағылым» конференциясына қатысып отырған барша қауымға Америка Құрама Штаттарынан сәлем. Ұлт болып қалу үшін ең бастысы құндылықтарды сақтау, яғни өз мәдениетін сақтау, өз тілін білу, өз тарихын зерттеу, әр адам өз туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру керек. Сондықтан бүгінгі ғылыми- практикалық конференцияға қатысып отырған ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеймін, - деді ол.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын:

- Бүгінгі конференцияда Бұқар жырау Қалқаманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбайұлы сынды ұлылардың аттары ұлықталды, еңбектері айтылды. Олар - қазақ даласының нағыз данышпандары, кең даланың кемеңгерлері. Олар - Павлодар өңірінің ғана емес, бүкіл қазақтың атын шығарып, әлемдік өркениетке үлес қосты деп ауыз толтырып айтуға болады. Міне, осындай ұлылардың қазақ халқы үшін атқарған еңбегін жарыққа шығаратын осындай конференциялар көп болу керек. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табуы тиіс. Дарқан даланы ән мен жырға бөлеген алыптардың арманын орындап, келер ұрпақты азаттық пен азаматтыққа тәрбиелейтін осы бастаманың ізін суытпай, еліміздің барлық қаласында жалғастырса деген тілегіміз бар.


Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы:

- Павлодар өңірінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қандай жоғары деңгейде жүргізіліп келгенін байқадық. Қарап отырсақ, дәстүр де, ғұрып та осы Павлодарда екен. Жаңа ғана «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен таныстық. Нағыз білімді, білікті жастар бар екен. Әсіресе, медицина саласының мамандарының енгені қуантты. Соларды қолдайық. Әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберіп, медицина ғылымының ең биік дәрежесіне жеткізу керек.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz