Спорт нысандары салынуда

Алдымен облыстық және Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары көпшілік көптен бері күткен нысан – 50 метрлік бассейннің құрылыс алаңына барды. Мердігер компания – «ГСУ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Темірболатовтың айтуынша, бұл спорт нысаны үш айдан соң қолданысқа тапсырылады. Қазіргі уақытта ішкі жұмыстар жүргізілуде.

- Құрылыс барысында отандық материалдармен қатар, Ресей, Испаниядан қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Мұнда жүзуге арналған 10 жолақ, электртаблолар орнатылады. Сонымен қатар, бассейінде су добы ойынымен айналысуға болады. Ол үшін арнайы қақпалар орнатылады. Ал республикалық, халықаралық дәрежеде өтетін жарыстарды 300 көрермен тамашалай алады. Бассейнді көп күттірмей, жұртшылық игілігіне беру үшін дәл осы құрылыс алаңында 140 адам тынбай еңбек етуде, - деді Н.Темірболатов.

«Павлодар» әлеуметтік дамудың корпо-ративтік қорының басшысы Бақытриза Дүйсембаев атап өткендей, бұрын-соңды болмаған бассейннің құрылысына 1 млрд. 970 млн. теңге қарастырылды. Бұл қомақты соманың барлығын демеушілер – «ERG» және «Қазақмыс» компаниялары бөліп отыр.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев жаңа нысан жүзу спортымен айналысатын балалар санын 3-4 есеге арттырады дегенді алға тартты.

- Қазіргі уақытта шамамен 600 жеткіншек жүзумен айналысады. Бұл бассейн олимпиа-далық резерв мектебінің қарамағына өткен соң, аталмыш спорт түріне ден қоятындар қатары 3-4 есеге дейін өседі деген болжам бар. Күндіз балалар, кешкі уақытта ересектер спортпен шұғылдана алады. Жалпы, Усолка шағын ауданын спорт ордасына айналдырмақ ниеттеміз. Бүгінгі таңда осы бассейн аумағында шаңғы-роллерлік жол бар, ескек есу каналын салу бойынша жоба қарастырылуда, - деді М.Айдашев.

Ал Павлодар қаласының екінші шетінде, атап айтқанда «Құлагер» ипподромы қасында мұз айдынының құрылысы қарқынды жүруде. Мамыр айында алғашқы қазығы қағылған мұз айдыны осы жылдың қараша айында қолданысқа берілмек. Құрылысқа қажетті құрылымдар Ресейден жеткізілде. Енді бір-бір жарым ай дересінде тиісті коммуникациялық желілер тартылса, мердігер компания өкілдері нысанды мерзімінен кешіктірмей тапсыруға әзір. Сөйтіп, биыл 100-ден астам баланың қысқы спорт түрімен айналысуына мүмкіндік туындайды.

- Облыс орталығындағы «Астана» мұз сарайы тарлық етеді. Соңғы уақытта қысқы спортқа қызығушылықтың артқаны соншалық, балалар таңғы 6-дан түн ортасына дейін дайындалады. Жаттығу кестесінде бос уақыт мүлде жоқ. Осыны ескере отырып тағы бір мұз айдыны қажет деген шешімге келдік. Жаңа спорт нысаны бір ауысымда 200-250-ге дейін адамды қабылдайды. Сөйтіп, хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекпен айналысуға ниетті балғындар үшін жағдай жасалмақ. Жобаны қаржыландырған демеуші – ERG компаниясы. Бұл кәсіпорын мұз айдынын салуға 1 млрд. теңге бөлді, - деді М.Айдашев.

Бұдан бөлек, аталмыш мұз айдынының аумағында тағы үш ірі жоба қолға алынады. Алғашқысы – 1000 орынға арналған облыстағы алғашқы жеңіл атлетика манежі, екіншісі – олимпиадалық резервті дайындау мектебі, үшіншісі – жабық футбол манежі. Аталған үш жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жүзеге аспақ. Қазіргі кезде экономикалық сараптама жасалуда. Бұл жобалардың жалпы құны 7 млрд. теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Ленин кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Бірақ, ақпан айында құрылысы басталған аталған жоба мерзімінен кешіктіріліп, қазан айының ортасында ғана пайдалануға берілмек. Мұнда сумен қамтамасыз етуде де мәселе бар. Мердігер Сәкенай Қуанышбеков су жүргізу мәселесі әуел бастан-ақ жобада қарастырылмағанын айтады.

- Таяуда Ленин кентінде орталықтанды-рылған су жүйесі тартылды. Спорт нысанын соған қосу туралы ұсыныс жасадық, бірақ мемлекеттік органдар тарапынан әзірше рұқсат берілген жоқ. Бұл мақсатқа қосымша 5 млн. теңге керек. Оған дейін суды тасымалдап пайдалануға мәжбүр болады. Көлемі 6 текше болатын арнайы резервуарға су құйылып, спорт нысаны тұрмыстық бағытта сол суды қолданады, - деді «Репер СК» ЖШС директоры С.Қуанышбеков.

Бұл нысандағы жұмыс барысы халық қалаулыларының көңілін көншітпеді. Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Әбішев үш айда салуға болатын спорт нысанының құрылысы сағызша созылып кеткенін сынға алды. Ал облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова нысан 15 қазанға дейін ашылмаса, мердігерге қатысты тиісті шаралар қолданылуы мүмкін екенін қадап айтты.

Қазандық қандай?

Павлодарлықтар көптен күткен тағы бір нысан – облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты. Тұрғындар аймағымызда дәл осындай емдеу орны қажет екенін талай рет айтып, жазған еді. Көпшіліктің тілегі орындалып,  өткен жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстары басталды. Емдеу мекемесін салуды мойнына алған «ГСУ Құрылыс» компаниясының басшысы Н.Темірболатовтың айтуынша, биыл монтаж, ал келесі жылы көріктендіру, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп, 2019 жылдың қараша айында есігін айқара ашады. Онкологиялық диспансердің құрылысына  республикалық және облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлінді.

- Медициналық құрал-жабдықтармен қамту ісіне жалпы қаржыландырудың 60 пайызы, шамамен алғанда 3,5 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бірақ, бұл жоба 2012 жылы жасалған. Сол уақыттан бері медициналық қажеттіліктерге қойылатын талап та, олардың бағасы да өзгерді. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты қайта қарап жатырмыз, - деді Н.Темірболатов.

Ал емдеу мекемесінің жарықсыз, жылу-сыз, сусыз қалмасы үшін 2 КТП қойылып, 2 шақырым жылу трассасы тартылды. Сонымен қатар, қандай да бір келеңсіз жағдай орын алған күнде науқастар мен қызметкерлердің бүрсең қақпауы мақсатында қосымша қазандық салынды. Депутаттар қосымша қазандықтың қарастырылғанына «бәрекелді!» десті.

Бірақ, Кенжекөл ауылында салынып жатқан мәдениет үйіндегі электр қазандық туралы бұлай дей алмаспыз. «Промгорсервис» ЖШС басшысы Евгений Клюквиннің айту-ынша, 300 орындық мәдениет орнын жылытуға құны 18 млн. теңге болатын электр қазандықтың модулі сатып алынды. Ал бұл мәдениет үйі желтоқсан айында қолданысқа берілген соң дәл осы қазандық арқылы жылыту мемлекеттің қалтасына айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Облыстық және қалалық мәслихат депуттары жергілікті әкімдік өкілдеріне тиісті есеп-қисапты жасауды тапсырды.

Айта кетелік, Кенжекөлдегі мәдениет үйін салуға 321 млн. теңге қарастырылған. 1680 метр аумақта концерттік зал, үйірмелер жүргізуге арналған бөлмелер болады. Кесте бойынша бұл нысан келесі жылдың қаңтар айында тапсырылуы тиіс. Десе де, мердігерлер жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, желтоқсанда ел игілігіне беруді көздеп отыр.

Мердігер жұмысына көңіл толмады

Мониторинг барысында депутаттар Сарыарқа шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс алаңына да барды. Кей баспаналарды салу барысы қатаң сынның садағына ілінсе, енді бірі керісінше, халық қалаулылары тарапынан оң бағаланды. Айталық, бұрынғы Алюминстрой шағын ауданының тұрғындарын көшіру үшін салынып жатқан №12, 15 үйлер белгіленген мерзімнен екі ай кешігіп салынуда. Жоспар бойынша, олар осы жылдың шілде, тамыз айларында тапсырылуы тиіс еді. «ДСК Монтаж» компаниясының бас инженері Виктор Артеменко баяндағандай, монтаждау жұмыс-тары аяқталды. Екі ай дересінде мұндағы 144 пәтерге Алюминстрой ауданының тұрғындары қоныстанады.

Ал Сарыарқа шағын ауданындағы №27 үйдің құрылысы үш айға кешіктіріліп жатыр. Бұл баспана осы айда тұрғындарды қарсы алуы керек еді. Мердігер компания «Артех ПВ» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің директоры Ермұрат Жапаровтың айтуынша, бұған басшылықтың ауысуы мен қаржының уақытылы қарастырылмауы себеп болған. Десе де, жағдай бірқалыпқа келді деу қиын. Себебі, бүгінгі күні 9 қабатты үйдің тек алты қабаты қаланды. Ал құрылыс алаңында небары 8 адам жұмыс істейді.

Аталмыш ауданда салынып жатқан өзге 7 үйдің құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Облыс көлемінде көптеген нысан салып, мол тәжірибе жинаған «ГСУ Құрылыс», «Портал ПВ» және «Жәрдем» компаниялары қызметтерін қалтқысыз орындауда. Тіпті, Серік Ахметов басшылық ететін «Жәрдем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір көпқабатты үйді салып, дайындап қойды. Тек дәл осы үйдің іргесінде тағы бір көпқабатты баспана құрылысының аяқталмауы, бұл аумақта крандардың, өзге де ауыр техникалардың жұмыс істеуі салдарынан қоныс тойын тойлау кейінге қалып отыр. Техникалық талаптар бойынша, бір аумақта екінші нысанның құрылысы жүргізіліп жатса, екінші дайын нысан пайдалануға берілмейді. Бұл тұрғындардың өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Сөйтіп, аталмыш серіктестіктің үлесіне тиген қос үйдің бірі қыркүйекте, екіншісі қазанда ғана пайдалануға беріледі.

Сапарды түйіндеген облыстық мәслихат депутаты Қайрат Әбішев көп жағдайда мердігер компаниялардың жұмысқа атүсті қарауы салдарынан қарапайым халықтың зардап шегетінін тілге тиек етті.

- Онкологиялық диспансер, мұз айдыны мен тұрғын үйлер – халыққа бірінші кезекте керек ірі жобалар. Бірақ, жұртшылықтың жаңа баспанаға уақытылы көшуіне көп жағдайда мердігерлер мен жоба жасау-шылар кінәлі болып жатады. Өкінішке қарай, біздің облыс аумағында сапалы жобаны әзірлейтін компаниялар некен-саяқ. Олар құрылыс нысанының іргетасынан, геологиялық зерттеулерінен бастап бәрін білуі тиіс. Бірақ, білікті, білімді мамандар аздық етеді. Салдарынан шикі жобаға сәйкес құрылыс басталып кетеді. Кейін құрылыс барысында кемшіліктер, ақаулар анықталып, уақыт ұзара береді. Мұның барлығының салқыны тұрғындарға тиеді. Жоба жасаушы мен мердігердің қателігінен олар тағы біраз уақыт пәтер жалдап немесе ескі спорт алаңында дене шынықтырмауы тиіс, - дейді Қ.Әбішев.

Ал облыстық мәслихат хатшысы барлық ескерту қатаң қадағалатынын және басты назарда болатынын айтты.

- Облыстық мәслихаттың 30 депутаты мен аудандық, қалалық мәслихат депутаттары аймақтағы 50 нысанды аралауда. Соның барысында бірқатар проблема анықталды. Айталық, былтыр ғана қолданысқа берілген жолдар 7 ауданда қайта жасалды. Енді Екібастұз-Майқайың жолы да депутаттардың ескертуінен соң қалпына келтіріледі. Ал қыркүйек айында биыл жолдарда жасалған жұмыстарды бақылауға аламыз.

Бүгінгі мониторингті қорытындылайтын болсақ, Сарыарқа шағын ауданында 2 баспананың құрылысы сын көтермейтінін анықтадық. Оған қатысты депутаттық сауалдар жолданып, мәселені өз қарауымызға аламыз. Ал өзге әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы ойдағыдай. Мердігер компаниялар уәде еткен уақытында тапсырса болғаны. Осы орайда екі-үш жылдық тәжірибесі бар құрылысшыларға емес, осы саланың қыр-сырын білетін тәжірибелі мамандарға сенім артқан дұрыс екенін айқын аңғаруға болады, - деп түйіндеді Б.Бексейітова.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz