- Футбол ойнауды қайда бастадың?

- Мен Кот-д’Ивуар елінде дүниеге келдім. Францияға көшкенде төрт жаста едім. Футболға әуестігім ауладан басталды. Ата-анам мені футбол немесе баскетбол үйірмесіне беруді ойлана бастады. Әкем де кезінде жасыл алаңда өнер көрсеткен футболшы болғандықтан, шешім қабылдау қиынға соқпады.
Бес жасымда футбол мектебіне берді. 17 жасымда ПСЖ клубымен алғашқы келісімшартымды жасадым.

- «Ертіске» ауысу туралы ұсыныс кімнен түсті?

- Катарлық «Әл-Шахания» клубымен келісімшартым аяқталған соң, маған қазақстандық клубтың агенті хабарласып, «Ертістің» қызығушылық танытып отырғанын айтты. Әрине, басқа да ұсыныстар болды. Дегенмен, павлодарлық ұжым командаға қажет адам екенімді айтты. Көп ойланбадым. «Ертіс» - Қазақстанның ең беделді клубы. Сондай-ақ, клуб биыл Еуропа Лигасында өнер көрсетеді. «Ертісті» таңдаудағы себептің бірі осы. Мұндай командада ойнау - үлкен мәртебе.

- Жаңа командаң туралы не айтасың?

- Клуб білікті ойыншылардан құралған. Біз бір-бірімізбен түсінісіп, бар күшімізді сарқа жұмсап, жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысып жүрміз.

- Мұнда келмей тұрып «Ертіс» туралы нені білдің? Не естідің?

- «Ертіс» туралы интернеттен оқыдым. Бір білерім, бұл - өте мықты әрі жинақы команда. Таңдау жасарда қателеспегенімді ұқтым.

- Қай позицияда ойнаған ыңғайлы?

- Бапкер алаңның қай бөлігін нұсқаса да, ойнауға дайынмын. Мен шабуыл шебінде кез келген позицияда ойнай аламын. Орталықта да, қос қапталда да.

- Неліктен «19» нөмірін таңдадың?

- 19-ыншы нөмір мен үшін маңызды. ПСЖ құрамында кәсіби футболдағы алғашқы матчта 19-ыншы нөмірлі жейдемен шыққан едім. Сонымен қатар «23» нөмірі де ұнайды. Бұл нөмірмен одессалық «Черноморец» сапында ең керемет маусымымды өткіздім.

- Отбасың туралы айта кетсең...

- Екі ағам бар. Біреуі ағылшындық «Уотфордта» ойнайды. Есімі - Джа Джедже Брис. Үйленгенмін. Алисия есімді қызым және Самуэль атты ұлым бар.

- Футболдан тыс уақытта немен айналысасың?

- Музыка тыңдағанды ұнатамын. Нақты шұғылданатын хоббиім жоқ. Негізі, баскетбол көргенді де жақсы көремін. Сүйікті клубым - «Кливленд», сүйікті ойыншым - Леброн Джеймс.

- Футболды таңдамағанда, кім болар едің?

- Анам дәрігер болғанымды қалады. Бірақ ол үшін көп уақыт оқу керек. Менің өмірім - футбол. Әкем футболшы болған. Анам - гандболшы. Сондықтан спортқа деген махаббат қанымда бар. Футболсыз өмірімді елестете де алмаймын.

- Биылғы маусымға қандай мақсат қойдың?

- Барынша көбірек гол соғып, пайдалы пастарды беру. Сондай-ақ, әр ойында команданың жеңуіне көмектесу.

 

Әңгімелескен - Абзал ҚАБДРАШ.

saryarka-samaly.kz