Қосым Пішенбаев Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округіндегі Жұмат Шанин ауылының оңтүстік шығысында 25 шақырым жерде жерленген.

Атақты қазақ кен іздеушісі туралы мәліметтерді алғашқы болып жинатқан Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әзілхан Нұршайықовтар болатын. Әзілхан Нұршайықов, Ахат Жақсыбаев, Қалмұқан Исабаевтардың Қосым туралы жинақтаған мәліметтері 1972 жылы 14 қаңтарда «Казахстанская правда» газетіне, кейін Қалмұқан ағамыздың «Қосым кім болған?» деген мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Осы екі газетке жариялаған мақалалардағы деректер негізінде Медеу Сәрсекенің «Білім және еңбек» журналында 1972 жылғы мамыр айындағы санында «Қосым Пішенбаев туралы ақиқат пен аңыз» атты очеркі жарияланды. Ал, шын мәнінде Қосымның Екібастұз көмір кенін ашқаны туралы деректерді жинақтап, дәлелдеп берген майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев еді.

Белгілі кентанушы Қосым Пішенбаев 1844 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты Шоқпар ауылында дүние келген. Жас кезінен шеберлікке әуес болып, әртүрлі бұйым-заттарды жасай білген. Алғаш рет Майбұлақ деген жерден мыс кеніштерін ашып, осы кешен туралы орыс көпесі С.И.Поповқа хабар береді. Осыдан кейін жас Қосым әртүрлі кәсіппен (ауыл ұстасы, зергер, жер өлшеуші, кен іздеуші, егінші) айналысады. 1904–1906 жылдары Майбұлақ кенін екінші рет қайта тауып дәлелдеді әрі осы жерден қорғасын кені ашылып, Пішенбаев Қосым осы кеніште қызмет етеді. Сарыарқа даласындағы Берікқара, Екібастұз, Жартас, Жосалы, Көктас, Қазанауыз, Майкүбі, Майқайыңдағы мыс, көмір, қорғасын, алтын кендерін алғашқы болып ашады. Бүкіл қазақ даласына танымал болған кентанушы Қосым Пішенбаев 1932 жылы қайтыс болып, туған ауылына жақын Тоқсанның шілігі деген сайдағы Мақаштың қыстауындағы зиратқа жерленді.


Қараман абыз

Қараман абыз Баянауыл ауданы Жаңа-тілек ауылынан 12 шақырым қашықтық-тағы «Тотия» тауының баурайында жер-ленген.

Шүрекұлы Қараман абыз Далба тау-ларының өңірінде XIX ғасырда дүниеге келген. Шыққан тегі - Арғын, руы - Айдабол, Қосқұлақ атасынан. Оның дүниеге келген және дүниеден қайтқан жылдарынан дерек жоқ. Жас шамасы Құрманбай абызбен шамалас деп Мәшһүр Жүсіп атамыз жазған екен. Ислам діні және оның негізгі ережелерінің білгірі болған. Орта Азиядағы Ташкент, Бұхара, Қарнақ және кезінде атағы бүкіл мұсылман әлеміне дүркіреген Шам еліндегі (Сириядағы) Дамаск қаласында діни білім алған. «Жын-пері оқуы Хасиданы бітірген адам» деп Мәшһүр атамыз жазбаларында әңгіме қылады. Оқуын сәтті тәмамдаған Қараман абыз өз еліне оралып, халық арасында қабілетінің арқасында үлкен құрметке бөленіп, «абыз» атанған. Қазақ қоғамында абыз институтының маңызы ертеден жоғары болған. Бұл институт заманынан бері қалыптасып, дамыған. Абыз – түркі тілдерінің төл сөздерінің бірі, елдің тәу ету жоралғыларына басшылық жасайтын әрі жаугершілік жағдайында жорыққа шығарда бата беретін, болжам жасап, жорамал айтатын, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік тәртіптің нормалары мен қағидаттарын жетік меңгерген беделді тұлғаны атайды.

Қараман абыздың өмір сүрген жылдарында қазақ қоғамында абыз секілді ежелгі әлеуметтік институттардың әлі де болсын үлкен беделі болғанын байқаймыз. Осы дәуірде сиқыр, ерекше қасиет иелерін халық абыз атап, ерекше құрмет еткен еді. Солардың бірі Қараман абыз болатын.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz