Жастайынан оқу-білімге құмартқан болашақ ұстаз 1907 жылы Троицк қаласындағы Медресе – Расулияны бітірген соң, ауылда медресе ашып, хазірет дәрежесін алып, балаларды оқытады. Мұсылманша дәріс берумен қатар, есеп, жағырапия, жаратылыстану пәндерінің білім негіздерін үйреткен. Кеңес үкіметі келген соң бірыңғай мұғалімдік қызметке ауысып, біздің аймақтағы алғашқы ұстаздар көшін бастаған білікті азамат еді. Сол жылдарда оқу-ағарту мекемелері ұйымдастырған мұғалімдік курстарда білім алып, оқу-білім саласында жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы уездік оқу бөлімінің инспекторы, мұғалімдер мен рабфактарға арналған курстардың меңгерушісі, Павлодардағы жетім және кедей балаларына арналған Қазақ оқу комбинатының (Коммуна) оқытушысы, директоры, Бесқарағай аудандық (бұл аудан сол жылдары Павлодар облысының құрамында болды) партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы қызметті істеп жүрген кезінде 1935 жылы қайтыс болады. Мұрағаттық құжаттарда С.Сатыбалдин 1927 жылы Қызылордада өткен жалпықазақтық І мұғалімдер съезінің, губерниялық, аймақтық, уездік съездердің бірнеше рет делегаты болған.

Сәдуақас Сатыбалдин ел арасындағы беделін пайдаланып, Қызылқоғам ауылының үлкен жолдың үстінде, Ертіс өзенінің бойында халық тығыз қоныстанған жерде орналасқанын алға тартып, 1928 жылы аудандық оқу бөлімінің алдында осы ауылда мектеп ашу қажеттігі туралы мәселе көтереді. Ол ауыл азаматтарын ұйымдастырып, Бесқарағайдан бөренелер, басқа да құрылыс материалдарын тасып, мектептің салынуына ұйытқы болды. 1928 жылы халық «Шекейім» деп атап кеткен (школа крестьянской молодежи) мектеп, оның жанынан 80 орынға арналған интернат ашылады. Бұл оқу орнында Лебяжі, Май, Павлодар аудандарының балалары білім алды.

- Анам Мүнираның (Сәдуақастың екінші баласы) айтуына қарағанда, Сәдуақас атамыз кезінде Сәбит Дөнентаев сынды қазақтың белгілі адамдарымен жақсы сыйласып, араласқан. Олардың үйге келіп, әңгіме-дүкен құрып, қонақ болғандарын жиі айтатын, - дейді Роза Сұңғатқызы (Сәдуақастың жиені). - Дегенмен атамыздың құрметке бөленіп, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғандығын көре алмайтындар да болған. Жиырмасыншы жылдардың аяғында қазіргі Ақсу қаласына қызмет бабымен барған сапарында өміріне қастандық жасалған, ұрып, соғып, суға лақтырған. Дес бергенде бір бейтаныс адамдар кездесіп қалып, құтқарып қалыпты. Сол жолы партия-кеңес басшылығы емделу үшін құжат әзірлеп, Омбыға жібереді. Осы соққы асқынып, өмірден ертерек өтуіне себеп болған, тағы бір мәселе, 1937-1938 жылдары «халық жауы» деп қудаланғанда отбасы сақтап қалған осы құжаттар арқылы жұбайы мен бала-шағасы аман қалған көрінеді. Дегенмен тексеру органдары Мүнира Сәдуақасқызының соңынан қалмаған...

Елімізде Кеңес үкіметі салтанат құрғаннан кейін ислам дінін уағыздаған дін қызметкерлерінің қатты қудалағаны белгілі. Міне, сол тұста Сәдуақас ата үйіндегі құран, діни кітаптарды темір жәшіктің ішін киізбен қаптатқызып, ауыл маңындағы зиратқа апарып, көмген екен. Бірақ қаскөйлердің көрсетуімен кітаптарды тауып алып, көзі құртылған. Қызылқоғам мен Апай-уақ ауылдарының арасына да осылай діни кітаптарды көмген деседі. Бірақ қай тұс екені белгісіз қалып отыр...

Айта кету керек, 1960 жылға дейін С.Сатыбалдиннің ұйытқы болуымен ашылған білім ордасы аудандағы жалғыз қазақ мектебі болды. Бұл мектептен қазақтың бірқатар дарынды балалары оқып шықты. Олардың қатарында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, әл Фараби атындағы ҚазМУ-дің ректоры М.Әбділдин, философия ғылымдарының докторы, профессор М.Сәбитов, филология ғылымдарының докторы Б.Уахатов және бірнеше ғылым кандидаттары, басқа да танымал түлектер шықты. Бұл Сәдуақас Сатыбалдиннің оқу-ағарту саласына қосқан қомақты еңбегінің жемісі еді.

47 жасында өмірден озған С.Сатыбалдин елді, әсіресе балаларды имандылыққа ұйытып, кейін жаңаша оқыту ісіне де белсене араласқан абзал азамат еді. Ол тағдырдың жазуымен 1937-1938 жылдардағы сталиндік саясаттың қанқұйлы әрекетін көрген жоқ, алайда оның отбасына қауіп төнді, «халық жауының отбасы» деп қудаланды. Бұл жағдай әке жолын жалғастырып ұстаздық етіп жүрген қызы Мүнираның қызмет бойынша жоғарылауына, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануына кедергі болады. Дегенмен туған елі ұстаз бейнесін ұмытқан жоқ, есімін жаңғыртты. 1997 жылы 21 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және оларды қайта атау туралы» Қаулы қабылдады. Аталмыш Қаулы бойынша Павлодар облысы Лебяжі ауданындағы Қызыл қоғам ауылындағы Қызыл әскер орта мектебіне белгілі педагог, оқу-ағарту ісінің ұйымдастырушысы Сәдуақас Сатыбалдиннің есімі берілді («Егемен Қазақстан». 1997 ж. 21 мамыр).

Сатыбалдин әулетінің ағарту-шылық жолын немересі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Бокаева Роза Сұңғатқызы (қазір зейнеткер, құрметті демалыста), жиен шөбересі ИнЕУ оқытушысы Бокаева Мүнира (әжесі Мүнира Сәдуақасқызының құрметіне қойылған) жалғастырды.

Биыл Сәдуақас Сатыбалдиннің туғанына - 130 жыл, қызы Мүнираның туғанына - 100 жыл, Сәдуқас Сатыбалдин атындағы орта мектептің ашылғанына 90 жыл толып отыр. Осынау мерейтойларға орай Қызылқоғам ауылы маңызды шара ұйымдастыруда.

Ұстаз атындағы мектептің қазіргі уақытта мақтаныш етерліктей жетістіктері баршылық. Жайрангүл Батталова басқарып отырған білім ордасында білікті, тәжірибелі ұстаздар баршылық. Мәдениет Темірғалиева, Гүлзия Айтжанова, Бақыт Қунафина, Шолпан Жұмақанова, Әлия Қазықанова, т.б. ауылдастары мақтаныш етеді. Сондай-ақ Жанаргүл Тоқтасын, бастауыш сынып мұғалімі Айжан Иманова, Іңкәр Жақыпбекованың шәкірттері түрлі жарыстарда топ жаруда. Бір атап өтерлігі, мектеп түлектері ҰБТ бойынша соңғы 3 жыл қатарынан аудан бойынша көш бастап отыр. Аудандық пән олимпиадаларында да С.Сатыбалдин атындағы орта мектеп оқушылары жақсы нәтижелер көрсетуде. Атап өтерлігі, мектепте «Өлкетану» атты мұражай бар. Онда Сәдуақас Сатыбалдин мен оның ұрпақтары туралы, ауыл тарихы, мектеп мақтаныштары, т.б. фотосуреттер, мәліметтер баршылық. Бір сөзбен айтқанда, білім ордасы белгілі ұстаз-ағартушы, жас ұрпаққа білімнің нұрын сеуіп, елінің зор құрметіне бөленген Сәдуақас Сатыбалдиннің сара жолын жалғастыруда.

Әке жолы

Сатыбалдина Мүнира Сәдуақасқызы қазіргі Қызылқоғам ауылында 1918 жылы дүниеге келген. Ол жастайынан әке жолын қуды, ұстаздықты қалады.

Павлодар қаласындағы педагогикалық техникумда оқып жүргенде бұл оқу орны Семей қаласына ауысқандықтан сол жерде 1935 жылы оқуды тәмамдайды. Ұстаздық еңбек жолын Қызылқоғам ауылындағы Қызыләскер мектебінде бастады. Ол мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі болды. 1951 жылы Семей мемлекеттік мұғалімдер институтын, 1955 жылы мемлекеттік педагогикалық институтты бітірді.

Мүнира Сәдуақасқызы 1957-1962 жылдары Лебяжі аудандық партия комитетінің хатшысы болды. 1962 жылы Лебяжі ауданы Павлодар ауданына қосылды. Осы кезде Мүнира Павлодар қаласындағы ауыл балаларына арналған №3 мектеп-интернаттың оқу ісінің меңгерушісі болды. 1974 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы білім ордасында еңбек етті.

Ол қызметін адал атқарды, білім-білігімен, іскерлік қабілетімен көпшіліктің құрметіне бөленді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ер азаматтар майданға аттанғанда ауылдағылар жауынгерлерге көмектесті, азық-түлік, киім-кешек жіберді. «Бәрі де майдан үшін!», «Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті. Міне, осы істің басы-қасында жас мұғалима Мүнира Сатыбалдина мектеп мұғалімдері мен ересек оқушыларды ұйымдастырып, «Рекорд» атты звено құрады. Звено мүшелері қайратты еңбегімен танылды, жоспардан асыра өнім жинады. Бұл туралы 1945 жылы 11 наурыздағы нөмірінде «Казахстанская правда» газетінде Ф.Киричектің «Знатные люди Казахстана» атты көлемді мақаласы жарияланған екен. Мүнира ауыл тұрғындарының рухын көтеруге күш салды, мәдени өмірге белсене араласты, көпшілікке түрлі сахналық қойылымдар, концерттер ұйымдастырды. «Қыз Жібек» пьесасын сахналап, өзі Қыз Жібек рөлін бейнеледі. Жамбыл атындағы филармония аясында өткізілген облыстық, республикалық «Советская песня -боевое оружие» ұранымен өткен көркемөнер олимпиадасына қатысып, өнерімен көзге түскен екен. Осындай ерен еңбегімен ұлы Жеңісті жақындатуға айрықша үлес қосқан Мүнира Сатыбалдина 1944 жылы мамыр айында Павлодар облысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Қазір Павлодардағы «Даңқ» музейінде Сатыбалдина Мүнираның ордені мен орден кітапшасы бар.

Ардақты ұстаз 1983 жылы өмірден өтті. Ел құрметіне бөленген абзал ұстаздардың есімі ұмытылмайды.

Сая МОЛДАЙЫП
Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz