Жыл өткен сайын баласын мектепке дейінгі мекемеге беруге ниетті ана-ананың саны артып келеді. Биылғы жаңа оқу жылы яғни 1 қыркүйектен бастап қаладағы балабақшалар жаппай 3 жасқа толған балаларды қабылдайды. Павлодар қаласында 3 жасқа толған 3 мың бала бар. Егер осы балалардан орын артылып қалса, бос орындарға 2-2,5 жасқа толған балалар орналасады.

Қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Әлкенованың айтуынша, білім беру бөлімімен мемлекеттік тілде оқытатын және тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Яғни №1 жалпы орта мектеп жанындағы шағын орталықты толығымен қазақ тіліне ауыстыру, жұмыс істеп тұрған жеке меншік балабақшаларды 70 орынға ұлғайту, орыс тілді мектепке дейінгі мекемелерде 300 орынға қазақ тілінде оқытатын және тәрбиелейтін 12 топ ашу жоспарланып отыр.

- Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақ тілінде оқытатын және тәрбиелейтін қосымша 520 орын ашу көзделген. Сонымен қатар «Лингва» ЖШС 25 орынға тұрғылықты емес (уақытша шет елден немесе басқа аймақтан келгендер үшін) ұлттың балалары үшін қазақ тілінде оқытатын экспериментальді топ ашу, жұмыс істеп тұрған балабақшалардың бітіріп шыққан топтарының орнына 100 орынға қазақ тілінде оқытатын топтарға балалар қабылдау мақсатында жұмыстар жүргізілуде, - дейді Гүлмира Әлкенова.

Осы орайда Павлодар қаласының тұрғыны Жәния Рамазанова баласының қаладағы орыс тілінде оқытатын балабақшаға баратынын, алайда оны болашақта мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқытуға ниетті екенін айтқан еді.

- Менің балам қазір 4 жаста. Ол орыс тілінде оқытатын балабақшаға барады. Алғашында оларға балабақшада белгілі бір уақытта қазақ тілін үйренетін ойындар ойнауды бастаған болатын. Ол кезде «баламыздың тілін дүбәра қылады» деп қарсы болған едік. Ал былтырғы жылдан бастап менің балам қосымша қазақ тілін үйрететін арнайы жобаға қатысып жүр. Қазіргі таңда тілдік қоры молайып, отбасында бізбен ана тілімізде сөйлесуге тырысады. Баламыздың қазақ тіліне деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын байқаймыз. Болашақта оны мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқытуды ойлап отырмыз, - дейді Ж.Рамазанова.

Иә, шынымен де 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік тілді кеңінен қолдану мақсатында пилоттық жоба негізінде орыс тілінде оқытылатын топтардың балаларын күн тәртібінде, ойын әрекеттері барысында қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға үйрету қолға алынғаны белгілі. Қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Әлкенованың мәліметінше, осы жылы жобаға 435 бала қатысқан. Оларға Павлодар облыстық «Ана тілі» орталығында деңгейлік курстан өткен 29 педагог сабақ берген.

- Енді жаңа оқу жылында аталмыш жобаға №3, 93, 11, 17, 102, 104 балабақшаларынан 300 бала қатысуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап орыс тілінде оқытылатын топтарға вариативтік компоненттің бір сағаты қазақ тілінде оқытылмақ. Яғни ересек топтардағы балаларға қосымша мемлекеттік тілде «Өлкетану» пәнінен сабақ өткізілмек, - дейді ол.

Бүгінгі күннің басты тақырыптарының біріне айналған балабақшадағы кезек, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, балабақша жұмысын сандық жүйеге көшіру тәрізді мәселелер күн санап билік мінберінен айтылып жүр. Мәселен, осы жылдан бастап аймақтағы 100 мемлекеттік балабақшаға саусақ іздерін оқитын арнайы қондырғылар жүйесін орнату көзделіп отыр. Мұны алғашқылардың бірі болып қолға алған - Павлодардағы №29 балабақша. Жоба авторларының айтуынша, бұл сәбилердің қауіпсіздігі үшін таптырмас дүние көрінеді.

- Балабақшаға кез келген адам емін-еркін кіре алмайды. Бұл мекемеге күзетші, вахтердің аса қажеті жоқ. «Smart Павлодар» қосымшасын жүктеген ата-ананың ұялы телефонына баласы жайынан хабарлама түсіп отыратын болады. Кез келген ақпараттан хабардар болып отыруы үшін оларға арнайы логин мен құпия сөз беріледі. Баланы нақты қай тәрбиеші қабылдап алғаны, бақшаға кімнің әкелгені немесе алып кеткені туралы мәліметтер береді. Бұл жобаның тағы да бір артықшылығы - балалардың саны жөнінен есеп жүргізуге зор көмек береді, - дейді жоба жетекшісі Сергей Голышев.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл жүйе балалардың балабақшаға келген және кеткен уақытын білуге мүмкіндік береді. Тіпті, мектепке дейінгі мекемеден баланы кез келген адам әкете алмайды. Өйткені деректер базасына балабақшадан алуға құқығы бар адамның деректері ғана енгізіледі. Бала балабақшада үш күннен көп уақыт болмаған жағдайда осы жүйе автоматты түрде дәрігерлік анықтаманы сұрайды және ата-анасын басшыға немесе дәрігерге жолдайды. Тіпті, ата-аналар мобильді қосымша арқылы балабақшаның әкімшілігіне өтініш қалдыра алады екен.

Қорыта келгенде, қазіргі уақытта сәбилер үшін балабақшаға орналасу аса қиыншылық тудырып отырған жоқ. Бір қуанарлығы, қазақтың балалары да, өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ тілінде білім, тәрбие алады. Сондай–ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, сандық жүйе де балабақшаға енді. Бұл игіліктердің барлығы - өркениетті елдердің қатарына апарар жол.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz