Жайлы жатақхана

Халық қалаулысы Б.Жұмағұлов бастаған, құрамында «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Фархад Қуанғанов және жоғарыда аталған республикалық қоғамдық кеңес мүшелері бар топ Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен бірге бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарын аралап, тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.

Бірінші кезекте кеңес мүшелері Павлодар түсті металлургия колледжіне ат басын бұрды. Мұнда Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының үшінші бағыты аясында 200 орындық жатақхана бой көтерген болатын. Оның құрылысына 580 млн. теңге шамасында қаражат жұмсалған.

Колледж металлургия саласы бойынша нарықта ерекше сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Олардың қатарында токарь, слесарь, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, техник-металлург сияқты мамандықтар бар. Білім ордасында дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, оның аясында аймағымыздағы «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» АҚ сияқты алпауыт кәсіпорындармен әріптестік қатынастар орнатылған. Соның нәтижесінде мұнда білім алған студенттер «қайда жұмысқа орналасамын?» деген мәселеде бас қатырмайды. Атап өтерлігі, колледжде алдағы оқу жылынан бастап «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден келген студенттер оқытылатын болады. Кеңес мүшелері колледж қызметіне оң бағасын берді.

- Бұл мамандықтар - болашағы бар кәсіптер. Олар еліміздің еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Аймақтағы ірі кәсіпорындар осындай жатақхана салып, жұмыспен қамтып қолайлы жағдай жасап отырғаны қуантады. Барлық бөлмелер қажетті тұрмыстық құрал-жабдықтармен қамтылған. Жастардың қалыптасуындағы осындай маңызды кезеңде оларға жәрдем көрсетіліп жатқандығы қуантады, - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Бұдан кейін кеңес мүшелері «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан «Сарыарқа» тұрғын үй кешеніндегі №3 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, мәртебелі мейманға «Достық» шағын ауданының да жобасы таныстырылды. Артынша «Пархоменко» жеке кәсіпкерлігінің жаңа цехында болды. Кәсіпорын иесі төртінші бастама аясында 10 млн. теңге көлемінде шағын несиеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа ғимараттарды жылытуға қажетті армирленген пенополистирол панельдері мен пенопласттан мүсіндік пішіндер жасауды қолға алған.

Инвесторлар тартылмақ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Жұмағұлов «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысына арналған кеңес отырысына қатысты. Жиын барысында облыс әкімі Б.Бақауов аймақта Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын орындау бойынша Жол картасы қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Облыс тұрғындарына «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасының мүмкіндіктері түсіндірілуде. Бүгінде аталмыш бағдарламаға екінші деңгейлі банктердің барлығы дерлік жұмылдырылған.

Аймақ басшысы биыл өңірімізде жалпы аумағы 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілетінін атап өтті. Жыл басынан бері оның 81 мың шаршы метрі тұрғындарға үлестірілді. Жалпы, облысымызда тұрғын үй құрылысының қарқыны 1,4 есеге артқан. Жекелей алар болсақ, Павлодар, Екібастұз қалаларында 13 несиелік тұрғын үй (1073 пәтер) бой көтермек. Облысымызда баспананың орташа құны шаршы метріне 125 мың теңге көлемінде сақталып тұрғанын атап өткен жөн.

Бұл ретте, сенатор Б.Жұмағұлов Павлодар облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша әлі бірде-бір пәтер сатылмағанына назар аударды. Аймақ басшысы бүгінде ипотекалық бағдарламаға қатысуға 5 тұрғыннан өтініш түскенін атап өтті. Тағы бір павлодарлық Астана қаласынан баспана сатып алуға ниет білдірген. Қазіргі кезде жаңа ипотекалық бағдарлама аясында 255 пәтер сатылуға әзір. Оның ішінде 74 пәтер жеке құрылыс компанияларына тиесілі.

Екінші бастама аясында облыста жалақысы 63 125 теңгеден аспайтын 75 мың адамға салықтық жүктеме азайтылды. Нәтижесінде, аталған топқа жататын азаматтардың табысы арта түспек. Бұл, әсіресе, жас қызметкерлер мен ауыл азаматтарына өте ыңғайлы болып отыр.

Аймақ басшысы үшінші бастама аясында облысымыздың жоғары оқу орындарында 1531 грант үлестірілгенін атап өтті. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 24,3 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен қосымша 200 грант бөлінген.

- Студенттер үшін жатақхана салу мәселесіне көп көңіл бөліп отырмыз. Өткен жылы демеушілердің көмегімен әрқайсысы 200 орындық екі жатақхана бой көтерген болатын. 2020 жылға дейін осындай тағы 9 нысанның құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде үш мыңға жуық студент жатақханамен қамтылады, - деді Б.Бақауов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жатақхана құрылыстарына инвесторларды тарту жоспар-ланғанын айтты. Бұл ұсыныс кәсіпкерлер үшін қолайлы болып отыр. Оларға бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. «Қаржы орталығы» АҚ директоры Асқар Ибрагимовтің айтуынша, инвестор жатақхананың жобасын әзірлеуге қатысуға құқылы. Нысанның бірінші қабатына студенттер қажеттілігіне орай асхана, фитнес орталық, шаштараз сияқты басқа да қызмет көрсету орындарын орналастыра алады. Бұдан бөлек, ай сайын мемлекет тарапынан жатақханадағы әрбір орын үшін 122 айлық-есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде инвестициялық шығын өтелетін болады.

- Мысалы, жатақхана бір мың орынға шақталса, онда жыл сайын кәсіпкер инвестициялық шығындарының өтемі ретінде 300 млн. теңге көлемінде қаражат алып отыратын болады. Сәйкесінше, 8 жылдың ішінде 2,2 млрд. теңге табыс табу мүмкіндігі бар. Ал сегіз жылдан кейін әлеуметтік нысан толығымен кәсіпкердің иелігіне өтеді, - дейді А.Ибрагимов.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Б.Жұмағұлов бұл - кәсіпкерлер үшін мол мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Инвестициялық шығындардың өтелуіне мемлекет кепіл болатынын жеткізді. Атап өтерлігі, жиын барысында бұл ұсынысқа қызығушылық білдірген кәсіпкерлер де табылды. Олардың бірі – «Рубиком» ЖШС басшысы Вячеслав Руф.

Шағын несиелендіруді көбейтуді көздейтін төртінші басымдықтың аясында 2,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл - өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге жоғары. Нәтижесінде, облысымызға кәсіпкерлерді шағын несие- мен қамтамасыз етуге қосымша 864 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінде аймағымызда жалпы сомасы 628 млн. теңгеге 146 шағын несие үлестірілді.

Жиын барысында «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басшылығы «7-20-25» бағдар-ламасының талаптарын түсіндірді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдері агробизнесті дамыту, саланы несиелендіру, зәкірлік кооперативтер құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гаухар Ахметова білім ордасындағы құрылысы жоспарланған 500 орындық жатақхананың жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде нысанның барлық техникалық құжаттары әзірленген.

Сенатор Б.Жұмағұлов аймағымызда Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асу барысына оң бағасын берді.

- Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының табысты жүзеге асуы облыстардың белсенді жұмысына байланысты екенін атап өткен жөн. Бұл ретте, Павлодар өңірінің аяқ алысы қуантады. Әрине, мәселе де жоқ емес. Аймақта жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша жұмысты күшейту қажет деп есептеймін. Алайда бұл атқарушы биліктің кінәсі емес. «Баспана» ипотекалық компаниясы мен Ұлттық банкке түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Жатақхана құрылысына инвесторларды тарту бағытындағы жұмыс құптарлық. Бұдан бөлек, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға шағын несие беріп, кәсіп дамытуға мүмкіндік тудыру қажет. Бұл ретте де павлодарлықтар жақсы нәтиже көрсетіп отыр, - деді Б.Жұмағұлов.

Сондай-ақ, халық қалаулысы Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің жұмысын күшейтуді тапсырды.

Бұдан кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Торайғыров атындағы ПМУ-де болып, ондағы ілкімді бастамалармен танысты. Артынша кеңес мүшелері Екібастұз қаласына аттанып, шағын несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырған «Биодент-ЭК» ЖШС мен «Бальзам» кафесінің тыныс-тіршілігінен хабардар болды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz