Еңбек ресурсын арттыру, жыл басынан бері біздің облысқа келген қоныстанушылар мен оралмандардың жағдайын жасау мәсе-лесі облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиын барысында жан-жақты талқыланды. Алдымен облыс әкімі Болат Бақауов бірқатар кадрлық өзгерістерге тоқталды. Бұған дейін Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған Руслан Тілеулесов облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың тізгінін ұстады. Ал «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры филиалының директоры лауазымына Арыстан Кенжалинов тағайындалды. Арыстан Төлеухадысұлы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін аталмыш қордың Қостанай облыстық филиалын басқарған еді. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы қос бірдей басшыға мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, жастар саясаты мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты нақты тапсырмаларды жүктеді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтың айтуынша, белгіленген квотаға сәйкес, биыл Павлодар облысы оралмандардың 80 отбасы мен қоныс аударушылардың 380 отбасын қабылдауы тиіс. Осы уақытқа дейін өңірімізге оралман 67 отбасы келіп, Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары, Баянауыл, Лебяжі, Павлодар, Успен, Шарбақты ауданда-рының тұрғындары атанды. Осы айда тағы 13 отбасы мен жалғыз келген 18 адамның құжаттары қарастырылады. Осылайша, белгіленген квота жыл соңына дейін орындалады деп жоспарланып отыр. Бұл ретте аймақ басшысы Б.Бақауов оралмандардың тек бірнеше ауданға қоныстануының дұрыс емес екенін алға тартты. Мәселен, Ақтоғай, Качир, Железин, Май аудандарына көшуін үйлестіру керек. Десе де, Қ.Нұрмағамбетов оралмандарға белгілі бір ауданға қоныстануды міндеттеуге болмайтынын атап өтті. Айтуынша, оралмандардың басым бөлігі туған-туыстары, таныстары тұратын ауылға көшкенді жөн санайды.

Ал жұмыс күші көп оңтүстік, батыс өңірлерінен қоныстанушыларға қатысты нақты көрсеткіштер бар. Айталық, Май ауданы биыл 31 отбасыны қарсы алуы тиіс еді. Бірақ, іс жүзінде 1 отбасы ғана аталмыш ауданда тұруды жөн санады. Ол, ол ма? Осы жылдың 11 мамырында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына Қызылорда облысының тұрғыны Т.Әбеновтен хат келіп түскен. Онда Павлодар облысы Май ауданында жұмысқа орналастыру және көшіп келу үшін жағдай жасалмағаны баяндалған. Атап айтқанда, Әбеновтер отбасы биылғы сәуірде Май ауданына көшкен. Бірақ, тұрғын үй дер кезінде дайын болмай, медбикенің үйін паналауға тура келді. Осындай келеңсіздік салдарынан қоныстанушылар Қызылордаға қайтты. Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты.

- Оңтүстік, батыс өңірдегі ағайынмен үнемі байланыстамыз. Аудандық делегация өкілдері 32 рет барып, тұрғындармен жүздесті, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жыл соңына дейін 7 отбасы келеді, - деді А.Қаңтарбаев.

Павлодар ауданының да қоныстанушы-ларға немқұрайлы қарайтыны байқалды. Айталық, 2016 жылы қоныс аударған математика мұғалімі Рахмон Қошановқа (отбасы құрамында 5 адам) 1,5 жыл ішінде «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша несие ұсынылған жоқ. Сондықтан былтыр Павлодар қаласына көшіп, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасты. Оның әпкесі, математика пәнінің мұғалімі Әсия Қошанова дәл осындай жағдайға тап болып, кейін Железин ауданына көшуге мәжбүр болды. Мұнда тұрақты қызметпен қамтылып, «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша үй сатып алды. Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенко болса, бұл оқиғалардың барлығынан бейхабар болып шықты. «Ауданда осындай жағдайдың орын алғанын бірінші рет естіп отырмын» деп таң қалды. Облыс әкімі Б.Бақауов аудан басшысының түсініктеме жазуын талап етті.

Оралмандар мен қоныстанушыларды жұмысқа орналастыру да ақсап тұр. Белгіленген міндет бойынша, еңбекке жарамдылардың кем дегенде 60 пайызы жұмыспен қамтылуы тиіс. Бірақ, облыста бұл көрсеткіш тек 51,3 пайызды құрап отыр. Ең төменгі көрсеткіштер Железин, Ертіс, Май, Павлодар, Успен аудандары мен Ақсу қаласында тіркелген. Мәселен, Железин ауданы Еңбекші ауылына 5 отбасы көшіп келген. Ерлі-зайыптылардың негізгі мамандықтары – мұғалім. Бірақ, әйелдер ғана мектепке жұмысқа орналасып, ер адамдар мал шаруашылығымен айналысуды құп көріпті. Олар шаруа қожалығын ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейінше, жұмыссыздар санатында тұрады. Сондықтан, облыс әкімі Б.Бақауов бұл мәселені шешуді тапсырды.

Қайрат Нұрмағамбетов оңтүстік, батыс облыстары тұрғындарының неліктен павлодарлық атануға асықпайтының бірнеше себебін айтты.

- Біріншіден, бағдарламаның талабы бойынша қоныстанушылардың кәсіби білім-біліктілігі болуы тиіс. Қолында дипломы жоқ адамдарды қабылдап, жұмысқа орналастыра алмаймыз. Екіншіден, көшіп келуге ниет білдіргендердің басым бөлігі – тұрақты жұмысы бар азаматтар. Ал бізге жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген оңтүстіктегі ағайын керек. Үшіншіден, Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып өзгеруіне байланысты тиісті көрсеткіш орындалмауы ықтимал. Сондықтан, бағдарламаға өзгеріс енгізу қажеттілігі туындап отыр. Төртіншіден, оңтүстік, батыс пен Павлодар облысын жалғайтын көліктік логистиканың болмауы қиындық тудырып отыр. Пойыздарға билет жоқ, - деді ол.

Бірақ, мұндай жауап аймақ басшысының көңілін көншітпеді.

- Мұның барлығы - себеп емес, сылтау. Қоныстанушыларға қатысты жұмыс сылбыр жүргізілуде. Оңтүстіктегі ағайынды көшіріп, жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етудің әдістерін қарастырудың орнына сылтау іздейсіздер. Жаңа оқу жылының басталуына 25 күн ғана қалды. Осы уақыт аралығында оңтүстіктен көшіп келмесе, кейін келуі неғайбыл. Билет болмаса, басқа амалдарын тауып, Астана, Қарағанды арқылы келуін ойластырып, билет алып беру керек болар. Бәлкім, олардың біздің өңірде тұрақтап қалуы үшін «Даму» қорымен бірлесіп жеңілдетілген несие беру бойынша арнайы бағдарлама қажет шығар. Осы сияқты тетіктерді жан-жақты саралау керек. Қысқасы, қоныстанушылар қатарын көбейту, оларға жағдай жасау бағытындағы жұмыс сын көтермейді, - деген Б.Бақауов аудан-қала басшыларына тиісті тапсырмаларды берді.

Сонымен қатар, жиын барысында жеке тұлғалардың мәртебелерін өзектендіру мәселесі қаралды. Яғни, бейресми жұмыспен қамтылғандар заңдастырылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тартылуда. Соның нәтижесінде міндетті зейнетақы жүйесінсіз жұмыс істейтін адамдардың саны 53332 адамға, тіркелмеген жеке кәсіпкерлер саны 1620 адамға азайды. Бұл бағыттағы жұмыс облыстағы үш қалада толыққанды жүзеге асып отырған жоқ. Облыс әкімі Болат Бақауов бұл бағыттағы жұмысты да жүйелеуді жүктеді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

 

saryarka-samaly.kz