Бұл туралы қалалық мәслихаттың экология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында айтылды.

Павлодар қалалық тұрғын үй инспек-циясының басшысы Әнуарбек Амановтың айтуынша, биыл облыс орталығында тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүйелі қолға алынған. Қазіргі уақытта 173 аулаға жол жабындылары төселіп, қалыпқа келтірілген. Бүгінгі күні 3 аумақта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қыркүйек айына дейін қаладағы 191 аула абаттандырылады. Бұған қоса, Ә.Аманов пәтер иелері коперативтерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Айтуынша, қазіргі уақытта 40-қа жуық ПИК аулаларды абаттандыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарған. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметі өкілдерімен де арнайы рейд шаралары жүргізіліп, жұмысына сылбырлық танытқан 6 ПИК басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Десе де, мәслихат депутаттары ПИК жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді.

- Пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп жұмыс жүргізе бастадық дейсіздер. Шынын айтқанда, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына көңіліміз толмайды. Бүгінде олардың жұмыс сапасы әртүрлі деңгейде. Кейбірі тұрғындардың көңілінен шығып жатса, кейбіріне қатысты мәселелер көп. Осы уақытқа дейін барлығы 173 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде тек 40 пәтер иелері кооперативінің жұмысы көрсетілген. Ал қалғандары туралы мүлдем ақпарат жоқ. Ешқандай жиынға қатыспайды. Өйткені олар жұмыс істеуге мүлдем құлықсыз. Бір шешім қабылдау қажет. Әрбір ПИК өзіне берілген аумақты тазалап, күтіп, баптауы қажет. Бұл ретте тұрғын үй инспекциясы да әрбір үйге барып, тұрғындармен жеке тілдесіп, сұрастырып білуі қажет. Ал кейбір ПИК басшыларының құр сөздерін екі жылдан бері тыңдап келеміз. Қайда, қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз, - деді қалалық мәслихат хатшысы Зәуреш Мұқашева.

Сонымен қатар, Зәуреш Қуантайқызы жиналғандарға Астанадағы ПИК жұмысын мысалға келтірді.

Аталмыш жиында қалалық мәслихат депутаты Виктор Деймунд әр округ бойынша тұрғындармен бірге қоғамдық кеңес құру қажет деген ұсынысын білдірді.

- Жақында Ломов көшесіндегі 107-үйдің ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аулаішілік жолдарға жол жабындысы төселіп, біраз жер ретке келтірілген. Дегенмен оған тұрғындардың көңілі толмайды. Үнемі шағымданады. Мен ол жерге осымен үшінші рет бардым. Олар «тұрғын үй инспекциясының мамандары біздің пікірімізге құлақ аспастан жұмыс істейді, тұрғындарға қолайлы болу жағын қарастырмайды. Жұмыс жүргізіп жатқан мердігерлер өз ойларына келгенді істеп кете береді» деп шағымдануда. Мәселен, қазір ол аулада жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Оған орын көп болғанымен, мердігерлер бұл жағын қарастырмаған. Салдарынан тұрғындар жапа шегіп отыр. Ал егер, тұрғындардың қатысуымен қоғамдық кеңес құрсақ, мұндай мәселенің алдын алар едік, - дейді В.Деймунд.

Депутат аталмыш ұсыныс бойынша арнайы құжаттар дайындап қойғанын да айтты. Енді бұл мәселені мәслихат депутаттары қазан айына дейін бақылауға алмақ.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz