Облыс әкімі Болат Бақауов Успен ауданына жұмыс сапары барысында «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік басшысы Александр Касицынның айтуынша, егін жинау жұмыстары басталып кетті. Ал жаппай жинауға осы айдың 15-20-сы күндері кіріседі.

- Былтырдан бері күздік бидай өсіру ісін қайта қолға алдық. Бұған дейін Ресейдің Омбы өңірінен, өзіміздің Шығыс Қазақстан облысынан алатын тұқым біздің ауа райына шыдас бермей, жарамсыз болып қалатын. Сондықтан жаңа сұрыптар шығара бастаған Ресейдің Саратов облысынан алып ектік. Әзірше нәтиже жаман емес. Бір гектардан 25 центнер өнім жинап жатырмыз. Жалпы, биылғы жаздық егіс көлемі – 32 мың гектар, оның 16 мың гектары – бидай. Егін жинау жұмыстарын күзгі бидайдан бастадық, кейін жем-шөпті, жасымықты жинауға кірісеміз. Аумағы 240 гектар болатын дәл осы алқапта 4 техника жұмыс істеуде. Ал барлығы 30 комбайн дайын, - деді А.Касицын.

Бұл ретте аталмыш шаруашылықтың Павлодар ауданы Красноармейка ауылындағы «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғалымдарымен бірлескен істі бастағанын атап өту керек. Ғылыми институт сұрыптардың әр түрлі климаттық аумақтарда қалай өсетінін саралауда. Облысымыздың шығыс бөлігіндегі жағдайды сараптау үшін «Галицкое» ЖШС алқаптарына тұқымдарды септі.

Жалпы, биыл облыс бойынша 1 млн. 200 мың гектардан астам алқапқа дақылдар, көкөніс пен бау-бақша өнімдері егілді. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Махажанов жұмыстың өнімділігі мен егіс алқабының көлемін арттыру үшін техникаларды жаңарту міндеті тұрғанын айтты.

- Егіс алқаптарында жұмыс істейтін техникаларды шаруалардың өздері таңдайды. Оларға сатып алған техникасы үшін мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріліп, несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланады. Қазіргі уақытта осыдан шамамен 10 жыл бұрын алған техникалардың саны 15 пайызды құрап отыр. Алдағы 5 жылда паркты жаңартып, бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Себебі, заманауи құрал-жабдық өнімділікті анағұрлым арттырады. Айталық, соңғы үлгідегі комбайндар бір маусымда 1,5-2 мың гектарда жұмыс істеуге қауқарлы, - деді Д.Махажанов.

Аталмыш серіктестік мал шаруашылығын ілгерілетуді де мықтап қолға алған. Атап айтқанда, 1000 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысына кірісті. Биыл 500 басқа арналған нысан қолданысқа берілсе, келесі жылы тағы 500 басқа арналған ферманың құрылысы аяқталады. Успен ауданының әкімі Бауыржан Қасеновтің айтуынша, осы арқылы сүт өнімділігі едәуір артады.

- Қазіргі уақытта «Галицкое» шаруашылығы 600 сиырды сауып, күніне 20 тонна сүтті өңдеуге тапсырады. Ал жаңа тауарлы сүт фермасын салу нәтижесінде 2019-2020 жылдары сиыр санын 2 мың басқа дейін көбейтуді көздеп отыр. Бұл ретте серіктестік мемлекет қаржысына иек артпағанын атап өткен жоқ. Өз қаржысына құрылыс пен монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Ал құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 300 млн. теңге несие алып, оны «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы субсидиялайды. Жалпы, аудан бойынша 100-600 басқа арналған тағы 4 тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарда бар. Қазіргі уақытта жем-шөп қоры әзірленуде. Айта кететін жайт, Успен ауданы Ертіс өзені жағасында орналаспаған. Сондықтан суармалы егіншілікті дамыту қиындау. Соған қарамастан, жерасты суын пайдаланып, бұрынғы дәстүрді жаңғыртпақ ниеттеміз. Бір кездері біздің аудандағы суармалы егіс алқабы 12 мың гектарға дейін жеткен. Қазір тек «Галицкое» серіктестігінде 3500 гектар бар, - деді Б.Қасенов.

А.Касицын басшылық ететін кәсіпорын жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасауды назардан тыс қалдырмайды. Бүгінде Галицкое ауылында екі тұрғын үй салынуда. Жоба құны – 16 млн. теңге. 300 шаршы метр аумақты алып жатқан баспананың құрылысы қыркүйекте аяқталмақ. Осы орайда А.Касицын тағы 16 үй салып, оны екінші деңгейлі банк арқылы тұрғындарға сату туралы ойын білдірді. Ол үшін мемлекет тарапынан құрылысшы компанияларға жасалатын жеңілдіктер қарастырылып, 4 пайыздық мөлшерлемемен несие алсам дейді. Аймақ басшысы Б.Бақауов бұл ұсынысты жан-жақты саралау қажеттігін айтты.

«Галицкоеның» ауқымды жобаларының тағы бірі – жел генераторларын орнату. Осы мақсатта А.Касицын өз қар- жысына Германиядан қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Қазір техникалық үдерістер жасалуда. Сөйтіп, 1-2 ай дересінде шаруашылық пен ауыл тұрғындары баламалы энергия көзін пайдаланатын болады. Облыс әкімі Болат Бақауов мұндай бастаманы қолдап, өзгелерге үлгі боларлық екенін айтты.

- «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі үздік кәсіпорын. Шаруашылықтың даму стратегиясын дұрыс жасағанын осы күнге дейінгі жетістіктерінен айқын аңғаруға болады. Айталық, күздік бидай өсіру ісін мықтап қолға алып, қазірдің өзінде гектарынан 25 центнер жинауда. Бұл – біздің облыс үшін жақсы көрсеткіш. Мұндай жоғары нәтиже – көп жылдық ерен еңбектің жемісі. Сонымен қатар, «Галицкое» өз қаржысына 1000 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Дәл осындай ферма әзірше тек «Киров» серіктестігінде бар. Қазіргі уақытта облыстағы сүт өңдеу зауыттары 70 пайызға шикі-затпен қамтылған. Жыл сайын осындай 5 ферма ашсақ, алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар. Жел генераторларын орнатуы да – құптарлық іс. Әрқайсысы 1 Мегаватт беретін 2 гене-ратор шаруашылық пен ауылды толығымен баламалы энергиямен қамтиды. Негізгі қажеттілік – 1,2 МВатт, қалған 800 МВатт кәсіпкерлік аясын кеңейтуге жағдай жасайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күннен, желден баламалы энергия алу туралы тапсырма берген болатын. Соның аясында біздің облыста «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің 12 жобасы жүзеге асуда. Солардың бірі – осы жел генераторлары, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Успен ауылындағы аграрлы-техникалық колледж жанындағы қараусыз қалған ғимаратқа барды. Жергілікті әкімдік 1978 жылы салынып, 20 жылға жуық уақыт бойы қаңырап бос тұрған, қабырғалары мен төбелері ғана қалған екі қабатты ғимаратты қалпына келтіруге ниетті. Атап айтқанда, мұнда ұлттық спорт түрлері бойынша жаттығу залын, 30 адамға арналған кинозал, музыкалық сыныптар мен 20 орындық дәмхана ашпақ ой бар. Ал оқу орнының корпустарын жергілікті Кәсіпкерлер палатасының құзырына беріп, бизнес-инкубаторға айналдыруды көздеп отыр. Б.Бақауов ескі ғимаратты бизнеске беріп, корпустарда өндірістік өңдеу нысандарын ашу туралы ойластыру керек екенін айтты. Бірақ, ғимараттарға қатысты қандай да бір нақты шешім қабылданған жоқ. Мұнда нендей орындардың пайда болатынын уақыт көрсетеді. Айта кетелік, аграрлы-техникалық колледжде 9, 11-сынып түлектері фермерлік шаруашылық, тамақтануды ұйымдастыру және автомобильдерге қызмет көрсету мамандықтары бойынша тегін оқиды. Колледж директорының міндетін атқарушы Геннадий Сагайдактың айтуынша, мұнда 85 сту- дент бар, оған қоса жаңа оқу жылында білім алушыларды қабылдау әлі жалғасуда.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz