Өткен аптада инвесторлар облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесіп, ойларымен бөлісті. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы басқармасының төрағасы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, түркиялық компанияның Қазақстандағы өкілі осы жылдың маусым айында өңіріміздегі инвестициялық әлеуетті саралапты. Енді «Аltuntas А.S.» компаниясының бас директоры Осман Антуаш облысымызға арнайы келіп, аймақ басшысына инвестициялық жобасын таныстырды. Инвестор атап өткендей, таңдаудың «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына түсуіне мұндағы экспорттық әлеует, яғни Ресей мен Қытай нарығына шығудың тиімді жолы, экономикалық аймақтағы салықтық жеңілдіктер, арзан электр энергиясы мен алюминий зауытының жақын орналасуы негіз болған.

- Біз қазақстандық нарықты зерттей келе өңдеу өнеркәсібінде мол мүмкіндік барын түсіндік. Сонымен қатар, Павлодар облысының индустриалды бағытта қарқынды дамып келе жатқанын байқап, кәсіпорынды дәл осы аймақта салуға ниет білдіріп отырмыз. Біз шығаратын электрқозғалтқыштар мұнай, металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Алғашқы кезеңде шағын, орта қозғалтқыштарды жасай бастасақ, келесі кезеңде 0,12 кВт пен 300 кВт аралығындағы өнімдерді дайындауға кірісеміз. Кәсіпорынның құрылысы мен бірінші кезеңді іске қосуға 5 млн. еуро қаражат құюға әзірміз, - деді О.Антуаш.

Аталмыш жоба жүзеге асар болса, ол Қазақстандағы электрқозғалтқыштарды шығаратын алғашқы зауыт болмақ. Кездесу барысында белгілі болғандай, осы компанияның өнімдері өткен жылы әлемнің әр елдеріне 54 млн. еуроға сатылыпты.

Облыс әкімі Б.Бақауов өз кезегінде инвесторларға барынша жағдай жасалатынын айтты.

- Павлодар облысы Түркияға өңделмеген алюминий, темір мен болаттан жасалған жартылай дайын өнімдерді жеткізеді. Біздің тарап түркиялық компаниялардың өңірдегі жоғары технологиялық өндірістің дамуына атсалысуына мүдделі. Бұл ретте мемлекет тарапынан мол мүмкіндік қарастырылғанын және инвестициялық климаттың жоғары деңгейде екенін атап өту керек, - деді Б.Бақауов.

Қос тарап аталмыш жобаны жан-жақты талқылап, кейін нақты шешімге келетін болады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz