Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен аймағымыздағы ірі, орта шаруа қожалықтарының басшы-лары Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округіне жиналды. Мұндағы «Тимур» ШҚ басшысы Равиль Мингазовтың иелігінде болды. Мақсат – тәжірибе алмасу.

Аталған шаруашылықтың өзгеге үйретері мол. Бүгінде кәсіпкердің меншігінде 2 мың гектар жер бар. Облыс ауқымында алар болсақ, бұл – орташа көрсеткіш. Аймағымызда 60 мың гектарға дейінгі алқабы бар алпауыт шаруашылықтар жұмыс істеуде. Байқап қарасаңыз, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Алайда, бұл айырмашылық тек жер көлемінде ғана болып тұр. Бір қызығы, экономикалық табыс-тары бірдей. Р.Мингазов «құпияның барлығы суармалы алқаптарда» дейді. Бүгінде ол 850 гектар жерде суармалы шаруашылықты дамытып отыр.

«Тимур» ШҚ картоп, сәбіз өсіреді. Биыл мол өнім алуды жоспарлауда. Атап айтсақ, гектарынан 450-500 центнер картоп және 750-850 центнер сәбіз жинамақ. Мұндай көрсеткішке кәсіпкер қажырлы еңбегінің арқасында жетіп отыр. Соңғы жеті жылда Р.Мингазов шаруашылықты дамытуға 2,5 млрд. теңге жұмсаған. Суармалы алқаптарды іске қосып, мыңдаған тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін бірнеше қойма салыпты. Нәтижесінде, сегіз мың тонна картоп, мың тонна сәбіз сақтайтындай мүмкіндігі бар. Онымен қоса, бес мың тонна өнімге шақталған өндірістік тоңазытқыш жұмыс істеуде.

Аймақ шаруалары ақсулық әріптесі-нің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Көпшілігі суармалы егін шаруашылығының тиімділігіне көз жеткізді. Артынша кәсіпкерлер облыс әкімі Б.Бақауовтың төрағалығымен өткен жиынға қатысты. Онда аймағымызда суармалы егіншілікті дамытуды көздейтін алдағы бес жылға арналған жаңа кешенді бағдарлама таныстырылды.

Аймақ басшысының айтуынша, атал-мыш бағдарлама елімізде қанатқақты жоба болып табылады. Бүгінде облыс аумағында кеңестік кезеңнен қалған 75 мың гектар суармалы алқап бар. Өкінішке қарай, оның тек 65 пайызы ғана мақсатты пайдаланылуда.

- Павлодар облысын өндірісті өлке деп біледі. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда. Аймақта 1,2 млн. гектар аумаққа түрлі дәнді дақылдар, картоп, көкөніс өнімдері отырғызылады. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз суармалы егіншілікті дамытуға арналған кешенді бағдарлама құрдық. Оған сәйкес, әрбір ауданда суармалы шаруашылықты дамытуға болатын 7 мыңнан 20 мың гектарға дейін жерлерді анықтап алдық. Алдағы уақытта аталған жер учаскелеріне жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы инженерлік инфрақұрылым тартуды жоспарлаймыз. Қаржыландыру мәселесін шешіп, қажетті заманауи техника сатып алуды бастаймыз. Алдағы бес жылда суармалы егістіктердің алқабын 4,6 пайызға арттыруымыз қажет, - деді Б.Бақауов.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Ақсу қаласының ауылдық аймағы.

saryarka-samaly.kz