Мұндай ұсыныс кеше Павлодар қала-сында өткен Қазақстанның агроөнеркә-сіптік кешені (АӨК) саласындағы несиелік серіктестіктердің ІІ халықаралық форумында айтылды.

Несиелік серіктестіктердің алғашқы форумы былтыр Шымкент қаласында өткен болатын. Биыл дәстүрлі шара Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Оған 160-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің, Қазақстан мен Ресейдің несиелік ұйымдарының өкілдері, Польша елінен келген халықаралық кеңесшілер бар.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Махажанов форумның маңыздылығын атап өтті.

- Елбасы кәсіпкерлерге несие қызметтерін ұсыну бойынша тармақталған қаржы желісінің аса қажет екенін атап өткен болатын. Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігі аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда басты өлшем болып табылады. Бұл ретте, ауылда кәсіп ашуға ниетті тұрғындарды екінші деңгейлі банктер қаржыландыруға құлықсыз екені белгілі. Сондықтан несиелік серіктестіктердің қызметі маңызды деп білеміз. Жұмысының тиімділігін де атап өткен жөн. Жыл басынан бері аталмыш қаржылық ұйымдардан облысымызда 262 несие берілген. Мақсатымыз - бір. Алдағы уақытта да тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырамын, - деді Д.Махажанов.

Форумға қатысушылар несиелік серіктестіктердің жұмысын нығайту, несиелік кооперацияларды дамыту мәселелерін талқыға салды. Бұл бағыттағы Германия, Вьетнам, Ресей тәрізді елдердің тәжірибесіне талдау жүргізді.

- Бүгінгі күнге дейін еліміздегі несиелік серіктестіктердің барлығы тұрақты түрде мемлекеттен қаржы алып келеді. Бірақ бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады? Үкіметке алақан жая бергеніміз дұрыс па? Осы мәселе көпшілігімізді мазалауда. Сондықтан, Қазақстанның несиелік серіктестіктерінің қауымдастығымен бірлесіп, өз жұмысымызда шетелдік тәжірибені енгізуге тырысудамыз. Маңызды жаңашылдық ретінде, несиелік ұйымдарымызға шетелдік қаржы мекемелерінен қаражат тарту ұсынылуда. Ол инвестиция немесе қарыз түрінде болуы мүмкін. Қазір оның артық, кемшін тұстары саралануда, - дейді Жамбыл облысының «Құланды» несиелік серіктестігінің төрағасы Рахман Әбдіқадыров.

Айта кетейік, еліміздегі несиелік серіктестіктердің даму тарихы 2001 жылдан бастау алады. 17 жылдың ішінде еліміз бойынша олардың саны 193-ке жетті. Алғаш құрылған кезде ауыл кәсіпкерлері бұл ұйымға күдікпен қараған болса, қазіргі таңда несиелік серіктестік қатысушыларының саны 17 мыңнан асып отыр. Осы уақытқа дейін аталмыш серіктестіктер арқылы шаруаларға 288 миллиард теңгенің 47 мыңнан астам несиесі берілген.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz