Алғашқы ойында алматылық жігіттер чехтардан ұтылып қалған болатын. Қарсылас команданың ойыншылары біздің қақпаға жауапсыз екі гол соғып, «Қайраттың» жағдайын қиындатып кеткен еді. Ал, жерлестеріміз Еуропа лигасындағы ойынды жалғастыру үшін қарымта кездесуде кем дегенде үш гол айырмасымен жеңуі керек еді. Бірақ, жергілікті жанкүйерлер біздің жігіттерден ондай шеберлік көре алмады. Бір апта бұрын сырт алаңда кеткен есесін қайтару мүмкін болмады.

«Қайрат» Еуропа лигасындағы ойындарын жалғастыру үшін барын салды. Тіпті, матчтың басында шабуыл жасау, допқа иелік етуде басымдықтарын байқатып жүрді. Бірақ, шабуылдарын голға айналдыруға сәттілік жетіспеді.

Ойынның 19-минутында «Сигма» футболшысы Мартин Нештор мергендік танытып, «Қайрат» қақпасына алғашқы голын салса, 51-ші минутта есепті Давид Гоусқа еселей түсті. Ал, біздің жігіттер 51-ші минутта ғана қарсыластар қақпасына бір доп дарытып, есепті қысқартты. Бізге бұйырған бір голдың авторы - Мартон Эппель. Қос ойынның нәтижесі – 1:4. «Қайрат» Еуропа лигасындағы жарысын аяқтады.

Сондай-ақ, бұған дейін еліміздің атынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түскен елордалық «Астана» енді Еуропа лигасы плей-офф кезеңіне қатысады. Олар Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Динамосына» (0:2, 0:1) жол беріп қойды. «Астанаға» Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде Израильдің «Хапоэль Беэр-Шева» және Кипрдің АПОЭЛ жұбының жеңімпазы қарсылас атануы мүмкін.

Әзірлеген - Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz