- Жомарт Қуанышұлы, әскери адам болу әр жігіттің арманы десек қателеспеспіз. Бірақ бұл мамандықтың жауапкершілігін сезінген кезде көбі бас тартып жатады. Сіздің алған бетіңізден қайтпай, шекара қызметкері болуыңыздың сыры неде?

- Әскери қызметті таңдауыма менің атам көп үлесін қосты. Ол - 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысты бастан кешірген жан. Отты жылдары Сталинградтан Берлинге дейін жеткен сарбаздардың бірі. Соғыс аяқталғаннан кейін АҚШ президенті 200 жауынгерді марапаттайды. Міне, сол қатарда тұрған жалғыз қазақ - менің атам. Осы кісінің ерлігін естіп, төсінде жарқырап тұрған медальдарын көргеннен кейін әскери адам болу бала қиялымызда қалыптасты. Сол арманмен есейіп, 1993 жылы Үшарал шекара жасағына әскери борышымды өтеуге бардым. Отан алдындағы міндетімді орындағаннан кейін 1996 жылы Қостанай қаласына мерзімнен тыс қызметке кірістім. Қостанайдан Павлодарға 2014 жылы ауысып келдім. Содан бері 21 жыл өтті, осы салада келе жатырмын.

- Қазақ «Атаға қарап, ұл өсер» деп осындайдан айтса керек. Жалпы, отбасында сізден басқа әскери адам бар ма?

- Біздің әулетімізде әскери саланы таңдаған мен ғана. 3 балам бар. Ұлымнан «сіздің жолыңызды қуамын» деген сөзді естімедім. Негізі өзім баланың мамандық таңдауына ата-ананың араласқанын аса құптамаймын. Әркім өз болашағын өзі таңдауы керек. Егер балаларым бұл саланы таңдаса, әрине, қуанамын. Бірақ олардың таңдауына мен әркез құрметпен қараймын.

- Осы уақыт ішінде есіңізде қалған қандай да бір оқиға бар ма?

- Әрине, біздің әр күніміз оқиғаға толы. Шекарада жүргенде талай жайттың куәсі болып, небір қылмыстың бетін аштық. Мемлекеттік шекара тәртібіне бағынбайтындарды, контрабандашылардың жолын кесіп, елдің тыныштығын бұзуға жол берілмеді. Ал жеке өзімнің қатысуыммен өткен үлкен бір оқиға болды. Қостанай қаласындағы «Қайрат» өткізу пунктінде қызметте жүргенімде 19,5 кг есірткіні алып өтпек болған қылмыстық топтың ісін әшкере етіп, шекарада құрықтадық. Жалпы, мұндай оқиғалар әлі де бар.

- Қазір бәрі цифрлы форматқа көшіп жатқан кез ғой. Бұл жүйе шекарада бар ма?

- Әрине. Шекара пункттеріндегі инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мұнда жүк тасымалын, адам өтетін жолдар санын көбейту, бақылау операциясының уақытын азайту тәрізді жұмыстар бар. Сонымен қатар өткізу пункттеріндегі өткізу сапасы артып, автоматтандыру бағдарламасы іске қосылды. Бұл - біздің бақылаушыларға үлкен көмек. Естеріңізде болса, 2016 жылдың 16 қаңтарында мемлекеттік шекара қызметі туралы жаңа заң шыққан болатын. Осы негізде де жұмыстар жүріп жатыр.

- Шекарашылардың жұмыс күні қалай басталып, қалай аяқталады?

- Шекарада тұратындар үшін жұмыс күні басталып, аяқталды деген ұғым жоқ. Олар тәулік бойы қызмет етеді. Шекарашылардың арасында «күннің белдеуі мемлекеттен басталады» деген сөз бар. Тіпті, біз бүкіл халық мерекелерді атап өтіп, демалып жатқанда да, күн райының қолайсыз кезінде де жұмысымызды тоқтатпауға тиістіміз. Бұл жүйе қатаң сақталады.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ел іргесі тыныш болсын!

Әңгімелескен - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.
Суретті түсірген - автор.

saryarka-samaly.kz