Павлодар қаласындағы педаго- гикалық институтта дене шынықтыру және спорт факультеті ашылған кезде Нұрланның қуанышында шек болмады. 1966 жылы Лебяжі ауданы Потанин атындағы орта мектепті тәмамдасымен осы факультетке оқуға түсті.

Ол спорттық сынақтан мүдірмей өтті. Сөйтіп, арманына жетті. Институтта еркін күреспен айналысуды қалады. Жаттығулардың алғашқы күнінен-ақ мықты балуан болуға тырысты. Белдескендерін жықпай тынбады. Еркін күреске бар ынтасымен беріліп, айла-тәсілдерінің қыр-сырына терең бойлады. «Шіркін, ауылға барып, балаларды күреске үйретсем-ау» деп ойлады. Сол арманын жүзеге асырғанша асықты.

1970 жылы Нұрлан Қабыкенұлы Оразалинов педагогикалық институтты ойдағыдай аяқтасымен ауылға аттанды. Еңбек жолын Лебяжі ауданы Жамбыл атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып бастады. Ол 1971 жылы ауыл мектебінде тұңғыш рет еркін күрестен жас балуандар даярлайтын бөлім ашты. Оған қажеттінің бәрін, тіпті, балалардың спорттық форма-ларына (киімдеріне) дейін өзі іздестіріп, еңбекақысына сатып алуға тырысты. Жас ұстаздың оқушыларға деген қамқорлығын байқаған мектеп директоры Рашид Әркенов, Жамбыл кеңшарының директоры Теміртас Аманжоловтар барынша қолдау көрсетті. Балалар спорт киімдерімен толық қамтылды, еркін күреспен жаттығуға қолайлы жағдай жасалды. Мұның өзі оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырды. Әсіресе, еркін күреске қатысушылар көп болды. Мектептегі барлық 110 оқушы спорттан қалыс қалмады. Нәтижесінде 1971-1978 жылдар аралығында Жамбыл орта мекте-бінің оқушылары спорттық сайыс-тарда ұдайы алдыңғы қатардан табылды. Оқушылардың облыстық спартакиадасында қыздар тобы волейболдан үшінші орынды, ұлдар командасы қол добынан екінші орынды жеңіп алды. Ал еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткерлер Оразалин Мардан, Теиц Владимир, Есімханов Серікбай, Сейтенов Қаныш, Аманжолов Қадыржан, спорт шеберлері Отередной Александр, Святечов Александр аудандық, облыстық спартакиадаларда жеңімпаздар атанды. Жеңіл атлетикадан да жүлдегерлер көбейді. Әрине, бұл шағын ауылдағы мектеп ұжымы үшін үлкен жетістік еді. Ауылда қол жеткізген осындай табыстары ескеріле отырып, 1978 жылы Нұрлан Оразалинов Лебяжі аудандық атқару комитетінің жанындағы спорт бөліміне төраға болып тағайындалды. Осы жылдан бастап, Лебяжі ауданының орталығында алғаш рет еркін күрестен балуандар даярлайтын бөлімше жұмыс істей бастады. 1984 жылдан Нұрлан балалар-жасөспірімдер мектебінің еркін күрестен тұрақты (штаттағы) жаттықтырушысы болып, жас талапкерлерді балуандыққа баулыды. Өзінің бар қуатын, білімін, тәжірибесін солардың ел намысын қорғайтын балуан болып қалыптасуына арнады. Еңбегі зая кеткен жоқ. 1978-1984 жылдар аралығында Лебяжі ауданынан Нұрлан Қабыкенұлының шәкірттері ағайынды Ерлан, Ерсайын, Ержан Бегімовтер, ағайынды Жұматай, Досбек Кенжеғалиевтер КСРО спорт шебері атағына қол жеткізді. Бегімов Ерлан 1987 жылы КСРО чемпионатында екінші орын алып, КСРО құрама командасына мүше болып енді.

1992 жылы Лебяжі ауданының оқушылар-жас-өспірімдер спорт мекте-бінің шәкірттері Қостанай қаласында өткен оқушы-лардың республикалық спартакиадасында Павлодар облысының намысын абы-роймен қорғап, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Қабиденов Руслан мен Рустам, Темірғалиев Азат пен Зарық, Михайличенко Михаил мен Иван, Оразалинов Ерғанат жеңімпаздар атанса, Б.Жапаров, К.Қалиев, Е.Шегебаев, И.Вакориндер жүлделі орыннан табылды.

1991 жылы М.Михайличенко Нижнекаменск қала-сында өткен КСРО чемпионатынан бірінші орынмен оралды. 1992 жылы Қарағанды қаласында өткен ҚР жастар арасындағы чемпионатында Оразалинов Ерғанат пен Темірғалиев Азат бірінші орындарға ие болып, жеңімпаз атанды.

Нұрлан Оразалинов аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттерін Америка (АҚШ), Германия, Болгария, Иран, Венгрия, Үндістан, Моңғолия, Канада, Қытай, Қырғызстан, Украина, Белорусь, Ресей мемлекеттерінде өткен әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерге қатыстырып, жүлделі орындардан көрсете білді.

Нұрлан 1992-1996 жылдары Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушы да болды. Сол кезде оның шәкірттері ішінде алматылық Ж.Әлиев 1993 жылы Дюзбург (Германия) қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, қарағандылық Ж.Бижанов 1994 жылы Чикаго (АҚШ) қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатының күміс жүлдегері, алматылық Н.Муртазалиев 1996 жылы Мәскеу қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, лебяжілік Ерғанат Оразалинов Дюзбург (Германия) қаласында өткен әлем чемпионатының, Михайличенко Михаил Алма (Канада) қаласында өткен әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды. Атай берсек, шәкірттерінің жетістіктері бұдан да көп.

1997 жылы ауданда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жабылды. Осы кезде Нұрлан қолдануға келмей қалған спорт залын өз қаражатымен жөндеуден өткізіп, жеке меншігіне айналдырды. Содан бастап бүгінге дейін аталмыш спорт залда оқушылар ешқандай төлемақысыз еркін күреспен айналысып келеді.

Нұрлан Қабыкенұлы өмірін спортпен өрнектеген еңбек жолында 28 спорт шеберін, жүзден астам спорт шеберлігіне үміткерлерді даярлап, балуандар қатарына қосты. Биыл Нұрланның шәкірті, бұл күнде жаттықтырушы Жүкей Жарылғап Қарағанды қаласында өткен ел чемпионатында екінші орынға ие болып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. Ал Тасымов Ернұр қоян-қолтық ұрыс (рукопашный бой) бойынша Ақтөбе қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.

Нұрлан Қабыкенұлының спорт-тағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Оған 1985 жылы «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы, 1992 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы, 2010 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» атағы берілді. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған арнайы мерекелік медальмен, 2012 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2012 жылы Лебяжі ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күніне орай ҚР Президенті грамотасына да ие болды.

Ал 2014 жылы Нұрланның өзі Сербия астанасы Белград қаласында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, елге қола медальмен оралды. Ол жетпіс жасқа келсе де, жасөспірімдерді балуандыққа баулудан қалған жоқ, әлі жаттықтырумен айналысады.

Нұрлан Қабыкенұлы - ел құрметіне бөленген, мадақ-мақтауға кенелген спорт ардагері ғана емес, махаббатқа берік адал жар, отбасына көрік өнегелі әке, немерелерге қамқор ардақты ата. Ол Баян Қариқызымен отау құрып, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, үлкен қара шаңыраққа айналып отыр. Он үш немере сүйіп, ұрпағын өрбітуде. Балаларының бәрі - жоғары білімді әрі білікті мамандар. Ұлдары Ержан, Ниязбек, немересі Нұржан спорт шеберлігіне үміткер болса, кенже ұлы Ерғанат - спорт шебері, елін әлемге танытқан жеңімпаздардың бірі, бірегейі. Бұл отбасын балуандар әулеті десе де болғандай.

- Менің барым да, нарым да - балаларым, немерелерім. Ұрпағымның бәрі де өнегелі еңбектерімен, тәрбиелі тәлімдерімен менің жолымды қуып, күресте әлемдік деңгейде елін қуантқан жеңістерімен мәртебемді асырып, көңілімді тасытып жүр. Тек ұрпағым ғана емес, шәкірттерім де еңбегімнің өтеуін әлемнің әр елінде Әнұранымызды шырқатып, Туымызды желбіретіп, Қазақ деген халықтың қандай екенін танытып, жанымды жадыратуда. «Адамның өмірі өзінікі емес» деген аталы сөз бар. Адам өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүреді дегені ғой. Расында солай-ау. Бүкіл өмірімді өзгенің өрге өрлеуі, төрге төрлеуі үшін арнаппын. Сол арқылы және бақыттымын, - дейді әйгілі күрес бапкері Нұрлан балуан.

15-16 сәуір күндері Лебяжі ауданының орталығында Нұрлан Қабыкенұлының 70 жасқа толуына орай республикалық жарыс өтеді. Балуандар бәсекесін Нұрланның шәкірттері бірлесіп ұйымдастыруда. Бұл да бір бақыт екен.

 

Бақыт БАЙМҰРАТОВ, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, ардагер журналист.

saryarka-samaly.kz