Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында сөз болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коропорациясының облыстық филиалы директорының орынбасары Салтанат Ауппаеваның айтуынша, қызметтерді онлайн режимде алу үшін тұрғындар электронды үкімет порталына тіркеліп, электронды қолтаңба алулары керек. Биылдан бастап, мұндай қолтаңба салық төлеушілерге үш жылға беріліп отыр. Бұрын бір жылдан соң қайта мерзімін ұзарту қажет болған. Дегенмен, қолтаңбаны флешкада сақтайтындар үшін жарамдылық мерзім бір жыл көлемінде қалмақ. Мұндай сақтық шаралары алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін қажет, дейді Салтанат Елеусізқызы.

Мамандардың мәлімдеуінше, жаңашылдықтардың бірі – «Paper Free» сервисі. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік ұйымдарға анықтаманы апарудың қажеті болмайды. Оны сол орган электронды түрде өзі ала салады. Яғни, үшінші тұлғаның мәліметке қол жеткізуіне рұқсат беріледі. Ол үшін құжат иесі тұрғынға ұялы телефонына хабарлама келеді. Мұнда ақпаратқа қолжетімділікке рұқсат беруге келісетіні немесе келіспейтіні сұралады. Азамат «құп» десе, тиісті мекеме қажетті құжатты электронды түрде алуға құқылы. Демек, анықтама тасып, әлек болмайсыз. Бұл ретте, телефон нөміріңіз арнайы базада тіркеуде болуы тиіс.

Корпорация өкілдерінің айтуынша, бұдан былай жүргізуші көлігін ауыстыру үшін де маманданды-рылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Онлайн түрінде қол жеткізуге болады. Егер құжаттың мерзімі өткеннен кейін ауыстыратын аза- маттар міндетті түрде 086 үлгісіндегі медициналық анықтама тапсыруы талап етіледі. Азаматтарды тіркеу немесе тіркеуден алып тастау қызметін де үйде отырып біржақты етуге болады. Тіркеуге тұруға ниетті азамат электронды порталда өтініш береді, жылжымайтын мүлік иесі рұқсатын электронды қолтаңбасымен растаса, 10 минуттың ішінде ақпарат өңделіп, тіркеуде тұрады. Естеріңізде болса, бұрын біреудің пәтеріне тіркелу үшін үй иесімен бірге барлық меншік құқығын растайтын құжаттарымен орталыққа бару керек болды.

Биыл іске қосылған тағы бір электронды сервис – автомобиль-дерді тіркеу, тіркеуден шығару қызметі. Мұнда да тұрғындар арнайы мекеме қызметкерлерінің көмегіне жүгінбейді. Электронды қолтаңбасымен электронды үкімет порталында жұмысын әп-сәтте тындыра салады.

Ұялы телефонына Telegram қосымшасын жүктеп алған аза- маттарға тіпті оңай. Олар Telegram-боттың көмегімен мекенжай жө- ніндегі анықтамаға, сотты болма-ғандығы, жылжымайтын мүлкінің жоқтығы туралы анықтамаларға бірер минут көлемінде қол жеткізе алады. Сонымен қатар, дәл осы сервис арқылы ХҚКО-да кезекті қашықтықтан броньдау, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы анықтама алу, әлеуметтік мәртебесін тексеру, базалық зейнетақы көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру қызметтерін қолдана алады.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын жылжымайтын мүлікті Әділет органдарына тіркеу қажет болса, енді ол «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, қызметтерді электрон- ды түрде алуға көшіру құзырлы органдардың жүктемесін азайтуға, сонымен қатар, азаматтардың уақытын үнемдеуге жол ашады.

Қарап отырсаңыз, мұндай қызметтерді үйден шықпай-ақ интернет арқылы алу үшін әркімде электронды цифрлы қолтаңба болуы шарт. Бүгінде облыс тұрғындарының шамамен 50 пайызында мұндай қолтаңба бар, дейді С.Ауппаева. Одан бөлек, әлеуметтік маңызды 40 қызмет мұндай қолтаңбасыз жүзеге асырылуда. Демек, алдағы уақытта мемлекеттік қызметтерді алу әлі де оңтайлана түсуі әбден мүмкін.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz