Денсаулық сақтау саласына қатысты осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың төрағалығымен өткен үйлес- тіру кеңесінің отырысында талқыланды. Облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау депар-таментінің басшысы Ирина Сорокина бұқараның денсаулығына қатысты бірқатар мәселені ортаға салды. Әсіресе, жас буынның денсаулығы айтарлықтай алаңдатады.

Облыс аумағында 34 білім беру мекемесінде әлі күнге дейін спорт залы жоқ. Дене шынықтыру сабағына қатысып, бос уақытта спорттың түр-түрімен айналысуға толыққанды мүмкіндік қарастырылмаған. И.Сорокинаның айтуынша, бұл түйт-кілдің түйіні таяу уақытта тарқамаса, балалардың бойында бірқатар ауру белгілері байқалуы ықтимал. Қазірдің өзінде-ақ 8 жасөспірім дәріге төзімді туберкулезге шалдыққандар тізімінде тұр. Жалпы, бұл дертпен ауыратындар санатында мұғалімдер, дәрігерлер, сауда қызметкерлері тіркелген. И.Сорокина бұл өзге де адамдарға жұқпас үшін тиісті шараларды қолдану қажет екенін айтты. Бірақ, кейбір жергілікті әкімдіктер осы мәселеге бейқамдық танытып отырғанға ұқсайды. Мәселен, аталмыш сырқатқа шалдыққандарға кейбір аудандар емделу барысында 5-7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетеді. Баянауыл, Ертіс, Лебяжі және Павлодар аудандары 6 ай ғана аталмыш көлемдегі қаржыны береді. Ал Павлодар мен Ақсу қалалары тек жылына бір рет сәйкесінше 10 және 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетеді.

- Осы орайда барлық аудан-қала әкімдіктеріне әлеуметтік көмек көрсету бойынша бірізділік қажет. Ол үшін Қызылорда облысының тәжірибесін пайдаланғанымыз жөн. Бұл өңірде туберкулезбен ауыратын жандарға ай сайын 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, біздің облыста аталмыш дертке шалдыққандар үшін Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында үш әлеуметтік асхана ашылған. Бірақ, оған барып, тамақтанатындар қатары некен-саяқ. Оның себебін анықтап, тұрғындармен сөйлесу керек. Бұл ретте тағы бір мәселенің ұшы шығады. Кейбір науқастар емдеу мекемелеріне келіп, тиісті ем-дом алмайды, дәрілерін ішпейді. Мұндай жағдайда медицина өкілдері құзырлы органдарға хабарлап, емделушіге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға құқылы. Әзірше бұған қатысты бірде-бір өтініш түскен жоқ, - деді И.Сорокина.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев әріптесінің сөзін қостады. Айтуынша, ай сайын 15 АЕК көлемінде ақы беру мемлекеттік қазынаға айтарлықтай салмақ салмайды.

- Қазіргі уақытта облыс бойынша 400 адам дәр- іге төзімді туберкулез ауруымен ауырады. Егер олар- ға ай сайын 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 42 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілсе, бұл мақсатқа ай сайын 16 млн. теңгеден астам қаржы бөлінуі тиіс. Меніңше, бұл облыстық бюджет үшін қомақты сома емес. Есесіне, науқастардың жағдайының жақсаруына оң әсер береді, - деді О.Мұқашев.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев бұл мәселені 2019 жылға арналған облыстық бюджетті қарау кезінде қамтуды ұсынды.

Жиын барысында тұрғындар арасында жиі кездесетін инфаркт туралы да сөз қозғалды. Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Салтанат Ақылжанованың айтуынша, биыл инфаркт жағдайы айтарлықтай төмендеді. Десе де, проблема түбегейлі жойылған жоқ. Жыл басынан бері аймақтың 31 тұрғыны дәл осы сырқаттың салдарынан көз жұмған, олардың 15-і – еңбек жасындағы адамдар. Дәрігер мұндай жағдайдың алдын алу үшін ірі кәсіпорындарда скрининг жүргізу керек екенін айтты. Бірақ, өндіріс орындары бұған құлықсыз көрінеді. Облыстың бас дәрігері Ораз Мұқашевтің сөзіне сүйенсек, әсіресе ERG компаниясына қарасты зауыттар ақ желеңділерді жолатпайды.

- Әр жұмыс беруші қарамағындағы қызметкердің денсаулығына немқұрайлы қарамауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде олай емес. «Ауырсаң, орныңа басқа адам аламыз» деп қорқытады. Сондықтан жұмысшыларға денсаулығына немқұрайлы қарап, ауырып жүріп жұмыс істеуге тура келеді. Әсіресе, өндіріс орындарындағы адамдардың денсаулығы жіті назарда болуы керек. Біз кәсіпорындарға өзіміз-ақ барып, қажетті тексерістерді жүргізе аламыз. Тек зауыттардың аймағына өткізсе болғаны. Иә, өндіріс барысына кедергі келтіруіміз мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бірақ, адам денсаулығы үшін қолайлы уақыт қарастыруға болатын шығар, - деді О.Мұқашев.

М.Бегентаев бұл мәселе кәсіпорындардың басшыларымен бұған дейін талқыланғанын, әлі де бақылауға алынатынын айтты.

Үйлестіру кеңесінің отырысында азық-түлік пен ауылдардағы ауызсудың сапасы, ауруханалардағы емделу орындарының жағдайы да сөз болды. И.Сорокинаның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 5 млн. теңге қаржы бөлініп, сол сомаға тағамның түр-түрі алынып, тиісті сараптамалардан өтеді. Осы уақытқа дейін белгіленген талаптарға сай келмейтін азық-түліктің 175 келісі саудадан алынып тасталды. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында ауруханаларда жатып емделетін орын санын азайту керек. Былтыр облыс бойынша 4309 орын болса, биыл - 4171.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz