Бұл - Ертіс-Баян өңірі үшін бұған дейін болмаған үлкен спорттық оқиға. Себебі, мұндай кәсіби жекпе-жек алаңы әзірге еліміздің бірде-бір қаласында жоқ. Сондықтан, болашақта ел намысын әлемдік ареналарда қорғайтын білекті де жүректі жігіттердің Павлодар өңірінен көптеп шығатынына сенім зор.

Ал, ашық облыстық чемпионатқа Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан барлығы 20-дан астам спортшы қатысты. 18-29 жас арасындағы жекпе-жек спортының шеберлері 65 келіден +90 келіге дейін, барлығы 6 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Спортшылар Павлодар облыстық панкратион және грэпплинг федерациясы жанындағы «Абылай» спорт клубында құрылған жаңа жекпе-жек алаңында күш сынасты.

Павлодар облыстық панкратион және грэпплинг федерациясының президенті, жарыстың бас төрешісі Алтынбек Рысжановтың сөзінше, облыстық чемпионаттың жеңімпаздары қыркүйек айында Павлодар қала-сында өтетін республикалық турнирге жолдама алады.

- Бүгінгі турнирде бабы мен бағы келіскен спортшылар республикалық чемпионатта аймағымыздың намысын қорғайды. Себебі, ол жарысқа еліміздің барлық өңірінен шамамен 200-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Оған республикалық және халықаралық додаларда топ жарып жүрген тәжірибелі жекпе-жек шеберлері келуі әбден мүмкін. Сондықтан, айтулы жарыста Павлодар өңірінің намысын абыроймен қорғау үшін мықтыларды алдын-ала анықтап, дайындап жатқан жайымыз бар, - дейді ол.

Аймағымызда алғаш құрылған жекпе-жек алаңының тұсаукесер рәсімін өңіріміздегі айтулы спорттық шараға арнайы келген MMI спорты бойынша әлем чемпионы Әли Қыдырәлиев пен Павлодар облыстық жекпе-жек федерациясының Құрметті президенті Айбек Абдулла жасады.

Осы ретте айта кету керек, жақында облыстық жекпе-жек федерациясының президенті ретінде Жарқынбек Амантайұлы тағайындалған болатын. Оның айтуынша, өңірімізде алғаш құрылған бірегей жекпе-жек алаңының ашылуына аймағымыздағы спортсүйер азаматтары демеушілік жасаған.

- Кәсіби жекпе-жек алаңының аймағымыздың ашылуы – осы спорт түрінің өңірімізде дамуына даңғыл жол салады деп сенеміз. Себебі, мұндай сапалы кәсіби алаң Қазақстанның ешбір клубында жоқ. Жалпы, жекпе-жек спорты Павлодар өңірінде қарқынды дамып келеді. Мысалы, жақында Ақмола облысының Қорғалжың ауданында өткен республикалық турнирге біздің үш жерлесіміз барып, екеуі жүлде алып келді, - деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша, Азамат Аленов, Нұржан Әлімхан, Сағат Әділ, Довро Илья, Бахтияр Ешкенов, Қайыр Мадияр сынды спортшылар өз салмақтарында чемпион атанды. Енді олар жақында Павлодар қаласындағы «Автомобилист» спорт кешенінде болатын республика чемпионатында облыс намысын қорғайды.

Т.МАРХАБА.

saryarka-samaly.kz