Мұндай оқиғалардың бірі Екібастұз қаласында орын алған-ды. Қала тұрғыны көшеде келе жатып, екінші қабатта орналасқан пәтерлердің бірінен күдік тудырған жарық шамды көреді. Дереу полицияға хабарласып, аталмыш тұрғын үйдің мекенжайын айтады. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары ұрлықтың үстінен түсіп, 2 күдіктіні қамауға алған. Құқық қорғау қызметкерлеріне көмектескен бұл адам марапатқа ие болды.

Жалпы, биыл тыныштықты күзеткен 187 қоғамдық көмекшіге дәл осындай қолдау көрсетілген. Олар жалпы сомасы 3 млн. 471 мың теңгені құрайтын ақшалай сыйақымен марапатталған.

Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Марат Тілеулин тәртіпсіздіктің алдын алуда қоғам болып күресу керектігін айтады.

- Нөлдік төзімділікті қалыптастыру – құқық қорғау органдары мамандарының ғана емес, жалпы халықтың міндеті. Өз басым Айгүл Қарабаева, Светлана Рыбалконың еңбегін ерекше атап өтер ем. Егер аулада тәртіпсіздік орын алса учаскелік полиция бөлімшесіне қоңырау шалады. Мұндай әрекеттері құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі, - дейді М.Тлеулин.

№7 шағын аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Нәсіп Нәжмекенова тәртіпсіздікке жол бермеуді міндеті деп біледі. Жасы 66-ға келсе де зейнеткер тұрғындар тарапынан орын алған олқылықтарды учаскелік инспекторларды әуреге салмай, өзі реттеуге тырысады. №20 учаскелік полиция пунктің қызметкерлерімен тығыз жұмыс істейтін зейнеткерді пәтер тұрғындары жақсы таниды.

- Күнде кешкі сағат 19.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін кезекшілікке шығамыз. Ауладағы тыныштықты бақылаймыз. Қызмет барысында нашақорлармен, ішімдікке құмар жандармен, жұмыссыздармен жұмыс істедік. Көпшілігін емдеу мекемесіне де жібердік. Талай мәрте құқық қорғау органдары тарапынан ақшалай сыйлықтарға ие болдым. Қоғамдағы тәртіпті бірлесіп бақылағанда ғана нәтиже шығады, - дейді ол.

Биыл Павлодарда ұсақ бұзақылық жасаған 279 адам әкімшілік жауапкершіліккке тартылған. Оның ішінде 178 адамға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, 101 адам 10 тәулікке қамауға алынған. Бір ғана айдың ішінде Павлодар қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі облыс орталығының қала аумағын абаттандыру ережесін бұзғаны үшін үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен үш жеке тұлғаға ірі көлемде айыппұл тағайындап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Иә, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді. Сондықтан аталмыш мәселеде халықтың белсенділігі маңызды. Бұл - қоғамдағы қылмыс пен жемқорлыққа жол бермейтін сенімді қалқанды қалыптастырады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz