- Аға, шығармашылық кешіңізді өткізудегі басты мақсатыңыз не?

- Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыка-сының ең бір бай арнасы. Дәстүрлі ән кешімді өткізудегі басты мақсат – қазақтың ән өнерін, рухани байлығын жастарға насихаттау, сол әндерді сағынып жүрген ел ағалары мен апаларымыздың жан сарайын қазақы әуенмен сусындату. Осы жолда, бастамамызды көтеріп, қолдайтын ағаларымызға, қала әкімдігіне алғысым шексіз.

- Өңірімізде дәстүрлі ән қаншалықты насихатталуда?

- Бізге жеткен әндердің тақырыбы мен мазмұны, мақамдары мен әуен ырғақтары халықтың көкейкесті ой-арманынан туған. Ал, халық орындаушылары сол әндерді сақтап, келесі ұрпаққа жалғастырды. Соның нәтижесінде қазіргі бізге жеткен әндер өмірдің тар жол бұралаңдарынан өтіп, ұлттық дәстүріміздің айғағы болып отыр. Мұның өзі қазақтың дәстүрлі өнерінің түрлі жанрларының даму сапасының келешекте жоғары сатыға көтерілуіне жол ашуда. Дәл осы кезеңде біз табиғи қалпы сақталған, әуен ырғағы бұзылмаған, бұрынғы нұсқасы өзгермеген әндерді оқушыларға үйретуге міндеттіміз, әрі мұны болашақта жас дәстүрлі әншіні тәрбиелейтін музыкалық білім көзінің қайнар бұлағына айналдыруға тиіспіз. Осы орайда өңірімізде бұл өнер құлдырамасын деп, бұл өнер ұмытылмасын деп жыл сайын дәстүрлі ән кешімді өткізуді жолға қойып отырмын.

- Қазіргі қазақ ұлттық дәстүрлі музыкасының даму кезеңіне қалай баға берер едіңіз?

- Қазақ дәстүрлі музыкасы - ықылым замандардан келе жатқан көне жанр. Оның халықтық музыка атануы да содан болса керек. Қазақ ұлт боп жаралғалы осы өнерімен өмірін байланыстырған. Себебі біздің халық өнер десе, ішер асын жерге қояды. Көрермен тарапынан сұраныс болмаған жерде өнерде құлдырау басталады. Жалпы, қазіргі қазақ дәстүрлі музыкасы бір орында қазығын айналып жүрген ат секілді көрінеді. Құлдырау да, даму да жоқ.

- Әннің халық аузында сақталып, таралу жолдарының ерекшелігі неде?

- Оның өзіндік себептері бір төбе. Ол уақытта қазіргідей композитордың шығармасын кәсіби әнші жаттап алып, радио, теледидар арқылы орындайтын жағдайдың жоқтығынан шығарған әнін айтып, халыққа тарататын да композитордың өзі болды. Егер ол композитордың әншілік өнері басым болса, онда орындалған әннің көркемдік дәрежесі де жоғары, сапалы болып шығып, тыңдаушыларды қызықтырып, олардың көкейлеріне тез қонатын. Ал жақсы ән шығарып, бірақ оны автордың өзі тиісті дәрежеде орындай алмаса, ол шығарма аз таралуымен қатар, кейде ұмытылып та кететін еді. Әнші-жыршылар бір жерден екінші жерге барып, өнерлерін көрсетіп, елдің сыйлы қонағы болып жүрді. Ауыздан-ауызға таралды.

- Аға, осы бағытта өзіңіз жыл сайын кешіңізді өткізесіз. Бұл жолғы кешіңіздің ерекшелігі неде?

- Бұл жолғы ән кешімде алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады. Биыл Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Сонымен бірге, кеңес дәуірінде саяси қуғын-сүргін құрбандары болған Сәкен Сейфуллиннің әндері, нақақтан кеткен арыстарға арналған «Үш арыс» атты ән орындалады. Қазақ, әсіресе, жас буын өз елінің тарихын, біртуар азаматтарының тағдырын, шығармашылығын білуі тиіс. Концертіме осы ойды арқау етіп отырмын.

- Кешіңіздің қонақтары кімдер?

- Мен ешкімді жатсынбаймын. Бәрін бауырыма тартамын. Жас өрендердің бағын ашсам деген ниетте жеке концерттеріме жас өнерпаздарды қатыстыруды да дәстүрге айналдырдым. Бұл жолғы ән кешімде қызым Шынар және Жәнел, Нарқыз есімді немерелерім өнер көрсетеді.

- Ән қоржыныңызда қандай әндер бар?

- Дала дарындарының, әнші-ақындардың шығармашылығында көрініс тапқан әндердің біразы бар десем артық айтқандық болмас. ХІХ ғасырдағы қазақтың біртуар сал серілері Біржан, Ақан, Естай, Мәди, Мұхит, Балуан Шолақтың өнерінде орын алған қаздай дауысының күші мен реңінің сұлулығы, жылдар бойы қалыптасқан орындаушылық жеке мәнері жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы сақталып қалған әндер бар.

- Сіз үшін нағыз әнші дегеніміз кім?

- Нағыз әнші – ерекше дарын иесі. Бұрындары әнді нақышында, бұзбай-жармай айтудың оңай еместігін әншілердің өздері де мойындаған. Солардың бірі – ақын-әнші Әсет: «Арғынмын, атым Әсет арындаған, арындап ән сала ма дарымаған» деп, нағыз әнші болу үшін табиғи дарынның қажеттігін, дарынсыздың әнді игере алмайтындығын атап көрсетеді. Ол:

Бозбала, осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Асау ән жетегіңе жүрмегенсін,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің, - дейді. Шынында да, Әсет әндерін осы күні келістіре шырқайтын әншілердің азайып бара жатқандығы да осындай әншілік шеберлікке байланысты екені даусыз.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліс-сеңіз...

- Өнер гүлі өмірге әнмен келдім,
Думандата өңірді сәнмен келдім.
Жас ұлғайып қалса да, қажымаймын,
Әлі дағы келеді шырқай бергім, - деп Жүсіпбек Елебеков айтқанындай, мен де Алла амандық берсе, халқыма әркез дәстүрлі ән өнерін насихаттаудан тынбаймын.

- Әңгімеңізге рақмет, аға. Шығарма-шылық табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz