Естеріңізге салайық, Индонезия астанасы Джакарда және Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта XVIII Жазғы Азия ойындары басталғаны белгілі. Байрақты бәсекеге Азияның 45 елінен 11 000-ға жуық спортшы барып, спорттың 42 түрі бойынша сынға түсуде. Ал Қазақстан құрамасы сапында 440 атлет спорттың 37 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Оның төртеуі – павлодарлық. Атап айтар болсақ, жеңіл атлет Ольга Сафронова, жүзуден Аделаида Пчелинцева, еркін күрестен Саятбек Оқасов және велоспортшы Кирилл Казанцев.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжановтың сөзінше, Саятбек Оқасовтың бірінші қарсыласы Палестина палуаны Джуда Мұса болды. Саятбек оны 11:0 есебімен жеңген.

– Одан соң Оңтүстік Корея балуанымен белдесіп, басым түсті. Ширек финалда Қытай Халық Республикасының атынан сынға түскен қазақ баласы Ерланбек Кәтеймен күрескен ол 9:5 есебімен жеңіске жетті. Ал, қола медаль үшін болған белдесуде жерлесіміз тәжікстандық қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірді, - дейді ол.

Қазақстан құрамасының қатарында ел намысын қорғаған жерлесіміз Кирилл Казанцев те жақсы нәтиже көрсетті. Ол велоспорттың «кросс-кантри» санатында сынға түскен. Алғашқы айналымдарда бірінші келе жатып, мәреге жақын қалғанда қытайлық спортшыларға жол беріп қойды. Жерлесіміз мәреге жеңімпаздан 2 минут 32 секундқа қалып келді. Кирилл Казанцевтің бұл қоласы Қазақстан үшін алтынға бергісіз. Себебі, ұлттық құрама бұрын-соңды Азия ойындарында спорттың дәл осы түрі бойынша медаль алмаған екен.

Айта кетейік, Кирилл Казанцев - Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы. Екі жыл бұрын маунтинбайк бойынша еліміздің үздік спортшысы атанған.

Павлодардан барған төрт спортшының бірі - жүзуден Аделаида Пчелинцева үшін сәттілік серік болмады. 100 метрлік брасс қашықтығында алғашқы ойында жеңіліске ұшырап, жарыс жолынан шығып қалды. Жеңіл атлет Ольга Сафронованың жарысы 25 тамызда басталады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz