Жуырда «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің Бесқарағай филиалы Бәйімбет орманшылығында орналасқан «Сары бәйбіше» зираты маңына тазалық жұмысын жүргізіп, зиярат етіп келушілерге ыңғайлы болу үшін мазарға дейінгі жаяу адам жүретін жолды асфальттап, келушілерге арналған орындықтар мен тапшандар орнатқан.

Сары бәйбішенің тікелей ұрпағы Бауыржан Тәшімовтің сөзіне сүйенсек, Сары бәйбіше ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген бақсы, көріпкел, емші, жауырыншы әрі тылсым күштермен тілдесетін қасиетті адам болған екен.

- Сары бәйбішенің есімі ел арасына тек көріпкел, емшілік қасиетімен ғана тарап қойған жоқ. Ол кісі өз заманында ерлермен бірге ел басқарған, аталы сөзге тоқтай білетін ел анасы болған. Жауырын арқылы Уақ руы Жансары тармағының Есберді, Дәуім аталары ұрпақтарын арбамен Ертіс өзені бойымен Бейімбет алаңындағы «Құлатай» ашығына бастап келген екен. Қазіргі таңда Сары бәйбіше ұрпақтары Ресей мен Шарбақты ауданы Шалдай елді мекенінде тұрып жатыр, - дейді ұрпағы.

Сонымен қатар Сары бәйбіше елін Жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған батыр ана ретінде де мәлім. Қаруланған жоңғар әскеріне жалғыз өзі қойдың жауырынымен ғана қарсы шығып, жаудың бетін шешендігімен қайтара білген.

Соңғы уақытта бұл мазарға бас-көз болып жүрген Бауыржан Тәшімов ертеректе оған Шақа ауылдық округіне қарасты Шоқтал ауылының тұрғыны марқұм Жаркен Айтмұхамбетов есімді адамның қарап, күткенін айтады. Бірнеше жыл бұрын аталастары Сары бәйбішеге арнап ас беріп, басына белгі тас орнатқан.

Аққулы ауылында атқарылған тағы да бір ауқымды іс - Шоғман қажы Алдамжарұлының кесенесі бой көтеріп, туған жерінен арнайы әкелінген белгі тас орнатылып, 8 метр тереңдікте қазылған құдыққа зәмзәм суы құйылды.

- Біздің атамыз өз заманында көпке аты мәлім емші болған адам. Әсіресе, ХІХ ғасырда, медицинаның дамымаған кезінде адамдарды соқыр ішектен отасыз, қойдың аш ішегімен емдеген екен. Сондай-ақ, жын шығаратын, бала көтере алмаған әйел адамдарды да емдейтін қасиеті болған. Қазіргі уақытта атамыздың басына зиярат етіп келушілердің саны артып келеді. Енді «Сары бәйбіше мен Шоғман қожа туралы әңгімелер» атты зиярат ету сипатындағы туристік маршруты арқылы қасиетті жерлерді кеңінен насихаттай аламыз, - дейді Шоғман қажының ұрпағы Жансары Шайманов.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстың киелі жерлері тізіміне Аққулы ауданынан 9 киелі орын белгіленген. Олар - сынықшы, емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті, Базылғазы тасы ескерткіші, Тұзқала көлі, ертеде аққулар мекендеген Аққу ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан Қамқалы көлі, аңыз-әңгімелерге толы Малыбай көлі, Әбубәкір Хазірет бейіті, Бөрлі көлі және Ғибадолла Ғабдізәкірұлы бейіті бар.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ
Аққулы ауданы,
Суретті түсірген - автор.

saryarka-samaly.kz