- Қан майдан. Курск иіні. Жойқын тосқауыл, қарсылыққа тап болып, «жеңілмейтін фюрер» әскерінің «маңдайы тасқа соғылып», екінші Дүниежүзілік соғыс тағдырының бұдан былайғы ахуалы айқындала бастаған кезі. Кезекті шабуылдан соң, қасымдағы майдандас досым, татар жігіті Ғарифолла қатты жараланды.

Бұл – Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған әкемнің інісі Ғабдыжәлелдің әңгімесі. - Ауыр соққыдан тірі қалмасын білген жауынгер демін әрең ала, менің мұқият тыңдауымды сұрап, былай деді:

- Білем, демім үзілуге аз-ақ қалды. Әке-шешеден жалғыз едім. Олар ерте қайтыс болып, Қазан қаласындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Бір мұсылман баласымыз ғой, екеуіміз дос болдық. «Жетім» деп кеудемнен қақпадың. Кейбіреулер сияқты шайқаста бұғып қалмай, ерліктің үлгісін көрсетіп келесің. Нағыз жаужүрек түркі баласы екеніңді таныттың. Үйленуге үлгермедім, балам да жоқ. Артымда атым қалсын, егер өзіңнен не туысыңнан ұл туса, есімін «Ғарифолла» қойшы. Ғариф – арабтың «ариф» сөзінен шыққан. «Білім» деген мағынаны білдіреді. Олла – «Алла» деген сөз. Тұтас алғанда «Алла туралы білім» дегенге саяды. Хош! - деп өз иманын өзі айтты. Нағыз мұсылман екен. Менің қолымда жатып көз жұмды. Текті, адал жігіт еді. Майдандас досымның аманатын орындап, Қабаңнан туған осы ұлдың атын Ғарифолла деп қояйықшы, - депті аға мен дүние есігін ашқанда. Сонда араб тіліне жетік Есім атам:

- Үш жасар немеремнің есімін «насиф» - нәсіп, «олла» - Алла деген ұғымда Насифолла қойып едім, болсын Ғарифолла, - деп батасын беріпті. Бұл есімді әкем Қабдыжаппар да құп көріпті. Сөйтіп, 1947 жылдың 15 сәуірінде Лебяжі ауданы Малыбай, Жалтыр көлдерінің жағасында атам Есім (Есмұхаммед) әулетінде Қабдыжаппар әкем мен Бижамал анамның шаңырағында туған менің атымды Ғарифолла деп азан шақырып қойыпты.

- Бәрекелді, аға, Ғарифолла атануы-ңыздың өзінде үлкен бір себеп жатыр екен. Адамның есімі – тағдыры дейді ғой. Есіміңіздің мәні «Алла туралы білім» болса, өзіңіз де ілім-білім саласында жемісті еңбектеніп, танылдыңыз. «Ақ өлең – аққулы мекен» атты роман-эссеңізде арғы аталарыңыз жайында кеңінен баяндалғанынан хабардармыз...

- Иә-иә. Әр адамның дүние есігін ашқан сәтінен бастап өмір жолы, тағдыр жазуы басталады ғой. Ол ата-бабаңнан бастау алады. Сол роман-эсседе «Аққулар мекен еткен қамқалы көл жағасына адамдар қоныстана бастады», - деп киелі мекеннің берекесін кетіріп, қазақ жерін келімсектердің иелене бастауымен өріледі.

- Аға, сөзіңізді бөлгеніме ғафу өтінем, «қамқалы» дегеннің мағынасы не? Аққуға байланысты ма?

- А, иә, аққуға байланысты. 1993 жылы әкемнің амандығын білуге Лебяжіге келдім. Бұрын Лебяжі деп аталатын селоның атын «Аққу» деп өзгертіп қойыпты. Сонша келісті атау емес, «лебяжі» деген - орыстың «лебяжьи пух» дегенінен шыққан сөз. Қазақшасы қамқа, яғни село атауы «Қамқалы» болуы керек еді. Сонда қамқа – аққу мамығы ғой. Әңгімемді жалғастырайын... Арғы атам Сапаның әкесі Сексенбай, менің төртінші атам – 1917 жылы 100-ге келіп қайтыпты. Әкем Ғабдыжаппар Сексенбай атаны көріп, әңгімесін тыңдаған. Сексенбай бабамыздың әңгімесінің өзегі Ноғайлылар туралы болатын. Ол кісі былай дейді екен: «Балалар, қарақтарым, шыққан тектеріңді ұмытпаңдар, біздің арғы түбіміз – маңғыт. Едіге мырза әмірлік құрған Сарай-шықтанбыз. Тура бабамыз - қара қасқа атты Қамбар батыр, оның әкесі Жаубасар, баласы Уақ. Біз содан Уақ елі атанып кеткенбіз. Үлкендердің айтуынша, Қамбар батыр бабамыздың зираты оңтүстік аймақта. Қазақ еркін көшіп-қонып жүрген халық емес пе, міне, енді Қиық пен Малдыбай көлі арасын мекендеп отырмыз...».

- Бұл үлкен құндылық екен. Ата-баба тарихын білу, ғибрат алу соңынан ерген қараорман - әулет-отбасы үшін керек. Қазақта «Әкесі жақсы қандай-ды деген бар...».

- Бұл туралы мен «Топырақ» атты эссемде жаздым.

- «Топырақ» «Сарыарқа самалында» жарияланды ғой...

- Рақмет! «Тұқымы қандай еді» деген өліге ғана емес, тіріге де қажет. Мен өлген соң, мейлі тасқын бассын деу – надандық өлім. Сүйекке таңба деген де осындай жағдайға қатысты болса керек. «Адам боп келіп өмірге, адам боп кету» әншейін ермек үшін айтылған сөз емес, мағыналы сөз. Жақсы өлім – арман. Ол - ұрпақтар сабақтастығының үзілмес жібі. Атасын есіне түсіріп, тамсанып отырған ағайындарды көріп, естелік әңгімелерін естігенде, ішімнен: «тәуба» деп қоямын да, ойланып қаламын. Абай қимас інісін жоқтауда жаңа үлгі ұсынған. Оспанның тұлғалық қасиетін тамаша жыр еткен.

Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт құбылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулеті,
Жасыл шөбі қурамай.
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!

Бұл – Абайдың туған інісі Оспанды жоқтауы. Жоқтау – жоғалтудан туатын көңіл сарыны. Абай секілді жоқтау айта алмаймыз. Жоғалғанның құнын анықтау да - қиын шаруа. Жоғалғанымыз құнды болмаса, не амал. Өлімнен – өнегелік деген де құнды тақырып. Өлім – ақиқат, өмір – аманат деп те айтып жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, қандай өлім болмасын, адамды ой мұңына салатыны ақиқат қой.

- Аға, жеті белеске жеткен адамның көңіл күйі қандай? Биіктедіңіз бе? Әлде өткеннің өкініші басым ба?

- Жоқ. Өкініш жоқ. Әр жастың өзіне тән дүниетанымы, философиясы бар. Сол жиған-терген ақыл-парасатыңмен өмір сүрмесең, мәнің болмайды. Бұған дейін алған орның, айтатын сөз, атқаратын ісің басқа-басқа болғандықтан, осыларды қорытындылай келе, адам өз жасына, ортасына лайықты бағасын білуі тиіс. Бірінші қағидам – өткен іске өкінбеу. Өткеннен ғибрат ал. Екіншісі – кешірімді болу керек. Үшіншісі – күншіл болмау. «Ашу алдынан, ақыл соңынан» демей ме?! Енетін үйдің есігі төмен болса, «есігі төмен екен» деп кірмей кетпейсің ғой, иіліп енесің. Надандықпен шалқайған адамға иіл, одан кеміп қалмайсың. Бұл ұсақ-түйек емес, ой көзімен қарасаң, жеңіс сенікі. Өйткені сенің ақыл-парасатың жоғары.

Әлбетте, өмір жасың ұзаған сайын артыңа бұрылып қарап, қайдан бастау алдым, қалай жүріп келем деп толғанатының заңды. Өйткені өмірде тура жол жоқ. Әлемнің құрылымы солай. Әлем геометриясы - айналу. Сірә, қазақтың «айналайыны» да осы түсініктемеден шыққан шығар.

1966 жылы он бірінші сыныпты бітіріп, Семейдің педагогикалық институтының филология факультетіне құжат тапсырдым. Осы жерде бір естелік айта кетейін... Бірінші емтихан – қазақ әдебиетінен шығарма. Одан «жақсы» деген баға алдым. Екінші емтихан – қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша. Емтихан алып отырғандар екі адам – М.Белгібаева мен Қинаят Шаяхметұлы. Мен билет алдым да, оқи сала, билет сұрағының дұрыс еместігін айттым. «Әй, қарағым, сен әуелі оқуға түсіп ал. Біздің сұрақта не қақың бар» деді. Бірінші жауап беруге шығып, алғашқы сұрақтарға жауап бергеннен кейін, түк болмағандай басындағы сөзімді жалғадым:

- Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романындағы «Ботакөз» - қазақ әйелінің типтік бейнесі» дегенге мен келісе алмаймын, романды оқыдым. Онда қазақ әйелінің образы жоқ. Роман саясатқа құрылған. Бұл менің концептуалды көзқарасым, - дедім. Осы жерде Қинаят аға тоқтатты. Қандай баға алар екенмін, - деп тосудамын. Қинаят Шаяхметұлы «5+» деп қағазға толтыра бастағанда, М.Белгібаева шошып кетті. Қинаят Шаяхметұлы: «Солай, солай, осы» деп дес бермеді. Бірақ келесі пән тарихтан «жақсы» деген баға алдым. Бұл менің оқуға түсу мүмкіндігімді азайтты. Өйткені сол 1966 жылы Қазақстан мектептерінде 10, 11-сынып оқушылары қатар бітіріп, үміткерлер саны екі есеге артқан-ды. Ұмытпасам, сол жылы қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне бір орынға 25 үміткер болды. Қабылданғандар тізімі ілінді. Мен 26-шы болып тұрмын. Алынатын бала саны 25 болу керек. Сонда қасыма емтихан қабылдау комиссиясының хатшысы келіп, шақырып әкетті. «Сен туралы әңгіме болып жатыр. Қандай қосымша құжаттарың бар?» деп сұрады. Мен қолымнан тастамай жүрген аудандық, облыстық газеттерге шыққан өлең, мақалаларымның жиынтығын ұсындым. Кафедраға алып кетті де, қайта шығып, «ертеңгі тізімді күт» деді. Келесі күнгі тізімде 25-ші болып көріндім, яғни оқуға түстім. Сол жолы Қайым Мұхаметханұлы пәндік қабылдау емтиханының төрағасы екен. Қайым ағамыздың дәрісін төрт жыл тыңдадық, бірге жүрдік. Бұл бізге үлкен университет болды. Студенттік кезде белсенді болдым, ғылымға ден қоя бастадым. Институт бітіргенде үш мамандықтың бірін таңдауға мүмкіндік болды: бірі – педагогика кафедрасында қалу, екіншісі – шетел әдебиетінен мұғалім болу, ал үшіншісі – философия кафедрасында еңбек ету. Мен үшіншісін таңдадым. Философия қызықтырды. Кейін философия мені Абайға бастап әкелді. Философия факультетін бітірмегендіктен, қосымша көп оқыдым. Москвада білім алдым, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аспирантурада оқыдым, философия мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Мен диссертация қорғаған кезде маркстік-лениндік идеологияның ғылымға өктемдігі шексіз еді. Қазақ дүниетанымы, ойлау мәдениеті туралы сөз айту барып тұрған ұлтшылдық болатын. Сосын Семейге оралдым.

...1994 жылы докторлық диссертация қорғадым. Тақырып – «Абай дүниетаны-мындағы Алла мен адам болмысы». Қорғау барысында белгілі академиктер Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаев қатысты. Табысты қорғаудан кейін Абай әлеміне деген құштарлығым еселеп артты.

- Иә, Семей – еліміздің рухани астанасы. Онда қазақтың әйгілі тұлғаларының ізі қалған. Сізді абайтануға жетелеген де осы болар...

- Қайым ағаның дәрістерінде Алаш рухы атойлап тұратын. Бір өкініштісі, қазір Семейде Алаш азаматтарына, Абай, Шәкәрім, Мұхтарға, басқа да дара тұлғаларға қатысты тарихи үйлердің көбі сақталмаған. Сол қалада Мақсат Жарылғасынұлы деген белгілі журналист досым бар, институтта бірге оқығанбыз. Мақсат маған Алаш қаласындағы (Ертістің сол жағы) Молдағалиев көшесі, 50-ші мекендегі екі қабатты үйді көрсетті. Бұл үй Алаш партиясына меценаттық көмек көрсеткен, Шәкәрім қажының бажасы әрі сыйласы Әлихан, басқа да Алаш азаматтары түсіп жүрген, сол кездегі ауқатты беделді адам, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Балқия деген атпен белгілі меценат, Саржалдан шыққан ағайынды жеті қажының үлкені Жақия қажы Бекесұлының үйі еді. Осы үйді сақтап қалып, Саржал ауылының мұражайына айналдырса болар еді деп едім. Сол секілді Семейде Абай, Шәкәрімге қатысты, Алаш азаматтары салған, шай-су ішкен, ақылдасып-кеңескен жиырма шақты үй бар еді. Бүгінде солардың бірі жоқ, бұзылып, құрылыс салынып кеткен екен. Мен қазір «Кемеңгер Мұхтарды» жазып жатырмын. Жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясында Саржал жақ өңірді қамтымаған. Себебі бұл өңірден Совет үкіметін қолдамай, Алаш партиясының мүшесі болғандар көп шыққан. Осы Алаш партиясының құрылған кезеңінен бастап мұрағаттарда 40 жыл бойы зерттеп том-том еңбек жазып келе жатқан зерттеуші қаламгер, профессор Тұрсын Жұртбайдың еңбегі аса зор. Тұрсын Жұртбай ұлттық ұстанымның бес түрлі тұжырымдамасын ашып жазыпты. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байлығы өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игерілмейінше жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке де айналдыруға болмайды. Мен бір-ақ салаға тоқталып өтейін: 1876 жылы патша жарлығымен қазақтардың атамекендері мемлекет қарауына өтті. Қазақ жерсіз қалды. Ішкі Ресейден келгендер Еділ, Жайық, Қиғаш, Есіл, Ертіс, бойындағы құнарлы жерлерден ығыстырылды. Осы үшін бірінші Ресей мемлекеттік Думасында Әлихан Бөкейханов, екінші Думада Темірғалы Нұрекеев, Бақытжан Қаратаевтар қарсы шықты. Сол үшін Әлихан Бөкейхановтар атылды. Міне, қазақ жерінің, қазақ топырағының құны қандай?! Жаңағы әңгіме еткен Саржал елді мекені Семейдегі қырық жылдық ядролық жарылыстың кіндігі Дегелеңге ең жақын нүкте болған.

- Аға, Сіз қазақ философиясының тарихы мен теориясын әлемдік ойдың даму тұрғысынан зерттеп, біздің жыл санауымыздан алты ғасыр бұрын өмір сүрген ойшыл Анахарсистен Абай ғасырына дейінгі біртұтас мәдени-тарихи кеңістік концепциясын ұсындыңыз. Бұл – телегей - теңіз еңбек. Ондаған кітаптарыңыз жарыққа шықты...

- Жас кезде күніне бес сағат қана ұйықтап, тамақтанудан басқа уақытты кітап оқуға жұмсадым. Семейде Абай оқыған Гоголь атындағы (қазіргі Абай атындағы) кітапханада жабылғанша отыратынмын. Жеке кітапханамда Абай, Мұхтар Әуезовтен бастап, дүниежүзі әдебиеті өкілдерінің туындылары, оған қоса Лениннің 55 томы, К.Маркстің, Ф.Энгельстің толық жинақтары менде ғана болатын.

... Көсемдердің кітабын қажет еткендерге таратып бердім. Қазір кітапты таңдап-талғап оқимын. Бүгінге дейін 70-тен астам кітап шығардым. 15 кітаптан тұратын «Сана болмысы» топтамам бар. Сенатор кезімде «Сенатор Ғарифолла Есім» - бес кітап, кейін «Академик Ғарифолла Есім» атты көп томдық шығармаларым жыл сайын жарыққа шығуда. Ол еңбектерде жыл ішінде оқыған дәрістер, кездесулерде сөйлеген сөздер, ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттарым енеді.

- Сіздің «Тәуелсіздік философиясы» еңбегіңіз - халқымыздың тәуелсіздік мәселелерін қамтыған тұңғыш ғылыми еңбек деп білеміз, аға.

- Солай да болар. Керей мен Жәнібек хандардан бастап Абылай ханға дейінгі қазақ мемлекетінің тарихы ел есінен кетпеген, халқымыздың тәуелсіздікті аңсау қуаты сарқылмаған, сол қуат 1991 жылдың 16 желтоқсанында күшіне еніп, саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік тарихы әріден басталған. 1917 жылғы Қазан төңкерісін қабылдамағандар тәуелсіздік үшін күрескендер еді. Оларды Кеңес жылдарындағы тарих, әдебиет, өнерде жексұрын, жауыз адамдар етіп көрсетті.

Қызыл Армиямен соғысқандардың бәрін «банды» деді. Тәртіпке көнбей, қарсылық, наразылық көрсеткендердің дені осы тәуелсіздік үшін күресушілер еді. Кешегі тың көтеру ісіне наразы болғандар, Ақмоладағы неміс автономиясын құруға қарсы болғандар, ұлт мектептерінің жаппай жабылғанына наразы болғандар тәуелсіздік үшін күресушілер еді. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» - тәуелсіздіктің саяси күресте көрінген алғашқы қарлығашы. Жинақтап бір-ақ ауыз сөзбен айтар болсам, тәуелсіздік бізге 1991 жылы 16 желтоқсанда бірден есік ашып кіріп келген жоқ. Оның ауыр-ауыр жолдардан өткен қилы-қилы тарихы болды.

- Ғарифолла аға, философия, мәдениет, саясат, антропология ... Осы салаларда Сіз зерттемеген тақырып кемде-кем. Жетпісінші жылдары жазушылыққа ден қойдыңыз. Драмаға да қалам сілтедіңіз. Алматылықтар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасы болады дейді. «Қар жауды, із басылды», «Тастағы таңбалар» атты туындыларыңызбен таныспыз. Алдағы уақытқа құрған қандай жоспарыңыз бар, шығармашылықта?

- Жоспар баршылық. Денсаулық болса іске асар деп ойлаймыын. Жетпісінші жылдары жарық көрген «Тастағы таңбалар», жаңағы екі туынды... енді, бағасын ел берер. Таңсұлу – тарихи тұлға, Тобықтының анасы. Қайсар қыз қалмақтың дегеніне көнбей, намысын қорлатпай, өзін-өзі құрбан етеді. Ол жайлы халық ақыны Шәкір Әбенов поэма жазған. Бұл драма «Таңсұлу» новелласының желісі бойынша дайындалған. Қоюшы-режиссері - Алма Кәкішева. Жаңа айтып өткенімдей, алға қойған мақсат-жобаларым баршылық. Семейден Қарауылға шыға берістегі әуежай жолымен қиылыста Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Мейір Ескендіровтің қолдауымен «Абай жолы» бағдар бағаны (стелла) орнатуға қол жеткіздік. Бұл жай ғана жолнұсқар секілді болып көрінгенімен, осыны «өмірлік жол» деп Абай атамыз нұсқап тұрғандай көрінеді. Семейдегі Абайдың қорық мұражайынан бастап «Еңлік-Кебек» зиратының басында іскер азаматтардың көмегімен этноауыл жасалып, бірқатар істер қолға алынды. Осы «Абай жолы» бойының 53-ші шақырымындағы Мұхтар Әуезовтің алғашқы «Қорғансыздың күні» шығармасындағы суреттелген оқиғаның болған жеріне белгі қойылмаған-ды. Ғазизаның үйі мен зиратының орны да белгісіз еді. Тағы да бірқатар зиялы қауыммен бірлесіп «Ғазиза» қоғамдық қорын аштық. Ғазизаның үйі мен зиратын анықтап, қоршадық, абаттандырылды. Сол жердегі қорымда жатқан Ғазизаның ата-әжесі, ата-анасы, бүкіл әулеті қамтылды. Үлкен бабалары Сарман биге мәрмәр тастан ескерткіш қойылды. Күшікбай бұлағы басын да абаттандыру қолға алынбақ. Сондай-ақ Павлодар қаласының орталық көшесіне Батыр Баянның ескерткішін, Лебяжі аудан орталығына Абай атамыздың бюстін орнатуға күш салдық. Ол жерде жыл сайын Абайдың туған күнінде «Абай оқулары» өтіп тұратынын білесіңдер. Міне, осындай халық игілігіне, болашақ ұрпаққа қажетті істер сәтімен жүзеге асып жатса, бұл біздің азаматтық ісіміз, парызымыз дер едім.

- Ғарифолла аға, «Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандары атынан мерейтойыңызбен тағы бір құттықтап қоюымызға рұқсат етіңіз. Деніңіз сау болып, ел игілігі үшін, ғылым-білімнің өрлеуі үшін атқаратын телегей-теңіз істеріңіз жүзеге аса берсін!

- Рақмет!

P.S.
Семейлік белгілі журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Ғазиза» қоғамдық қорының директоры Мақсат Жарылғасынұлының Ғарифолла Есімнің өмірі мен шығар-машылығына арналған «Менің досым Ғарекең» атты естелік кітабы жарық көрді.

 

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz