Сатып алынған тауар біздің талаптарымызға сәйкес келмейтіні жиі кездесуде. Мұндай жағдайларда тауарды қалай қайтару мен шығындалмау үшін не істеу керек деген сұрақтар туындайды. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы бізге түйінді мәселені дұрыс және сауатты шешуге мүмкіндік береді.

Егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) Сізге оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Бірақ, айырбастауға және қайтаруға жатпайтын белгіленген тауарлар тізімі бар. Олар мыналар:

1) дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар;

2) іш киім;

3) шұлық бұйымдары;

4) жануарлар мен өсімдіктер;

5) метрлеп сатылатын тауарлар: сымдар, ленталар, кәбілдер, клеенкалар және т.б.

Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша: сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді, тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды, тауарды ауыстыруға, келісімшартты бұзуға және тауарға төленген ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуға тиіс екенін естен шығармау қажет. Егер талап қойылған кезде сатушыда ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.

Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.

Сатушының міндетіне тұтынушыға тиісті емес сападағы тауарды жеткізу мен қайтарумен байланысты шығыстарды өтеу де кіреді.

Тұтынушы сатушыға немесе өндірушіге жазбаша наразылықпен жүгінуге құқылы, оған жауап 10 күнтізбелік күн ішінде ұсынылуы қажет. Наразылыққа жауап ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы өзі немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық бірлестіктер арқылы өзінің бұзылған құқықтары бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар.

Павлодар облысының тұрғындары тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы туындаған сұрақтары бойынша Департаментке жүгініп, әр бейсенбі сайын өткізілетін «Ашық есік күндері» аясында немесе «Тікелей желі» телефоны 8 (7182) 903231 нөміріне хабарласып консультативтік-құқықтық көмек ала алады. Департамент Павлодар қаласы, Ак.Сатбаев көшесі, 136-үй (412-кабинет) мекенжа- йында орналасқан.

Сауатты жасалған сатып алулар Сіздің өміріңізге қатерлі болмайды және де тұтынушы сауатты болса, сатушылар мен өндірушілер да жауапты болады.

Н.А.ӘУБӘКІРОВА, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша бөлімінің басшысы.

saryarka-samaly.kz