«Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жұмыстың экспедиция тобын ұйымдастырушы, «Әбу Ханифа» қорының атқарушы директоры - Кенже Кеңесбаев қажы. Отызға тарта адам қатысқан игі шара ел мерейін бір көтеріп тастады. Кесене Май ауданындағы Түндік өзенінің бойында Ақбалық хазірет жатқан жерден орын тепті.

Аталған топтың былтырғы жылдан бері әртүрлі тақырыптық деңгейдегі атқарып жүрген шаралары ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл топтың құрамында облыстың белгілі азаматтары бар. Атап айтсақ, Сапарғали Байболатов, облыстық «Ауыл» партиясының төрағасы Ермат қажы Байғұрманов, Әбілқақ қажы Түгелбаев, Нариман қажы Исенов, Абылай қажы Жантурин, Рашит Бектеміров, Социал Әйтенов, Қайыртас қажы Нұрғалиев, ф.ғ.д. профессор Бекен Сағындықұлы сынды азаматтар бар. Сондай-ақ, ақтоғайлық Бағия Мырзатаева, журналист Амантай қажы Тойшыбайұлы, Ләззат Теміртасқызы сынды ұрпақ жанашырлары облыс аудандарының көне тарихи және киелі де қасиетті орындарын аралаған-ды.

Бұл тұрғыда Май ауданының тумасы Ермат Байғұрманов есімін атап өткен жөн. Ол ардагерлер бастаған топ мүшелеріне жобаның картасын ұсынған еді. Сондай-ақ, аталған әулие туралы ел арасындағы деректер мен аңызға айналған әңгімелерді жинақтап, топ мүшелеріне таныстырған еді. Осыдан бастап, әулиенің басына белгі орнату туралы ұсыныстар айтылды. Павлодардағы Орталық МәшҺүр Жүсіп мешітінде жоба ұйымдастырушылары Ақбалық (Әбділда) Хазіреттің аруағына арнайы құран бағыштап, бірнеше отырыс-жиындар өткізіп, қорым басына қойылатын белгінің кескін, сызба-нұсқасын дайындаған. Осы жиынға облысымыздың беделді азаматтары Идият Әбдіқалықов, Нұрлан Нәбиев, Әбілқақ Түгелбаев, Сапарғали Байболатов, Ермат Байғұрманов, Рамазан Керімбаев, ақсақалдарымыз, қажы Құдайберген Пішенбаев, Қадыр Ажымұратов, наиб имам Қанат Қабаев, қажы Қисамиден Кеңесбаевтар қатысты. Бүгінде аталмыш жобаның сәтті жүзеге асқандығы көңілді қуантады. Ақбалық хазіреттің басына зәулім ескерткіш-кесене орнатылып, қорымы қоршалды.

Жобаны жаңғыртуда баста-машылық жасап, ұйымдастырудың басы-қасында бірге жүріп, елді жұмылдыруда Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың жасаған еңбегі зор. Май өңірінің тұрғындары жұдырықтай жұмылып, әулиенің басын көтеруге айтарлықтай үлес қосты.

Исламды дәріптеген Әбділда (Ақбалық Хазірет) атын жаңғырту және зерттеу бойынша жобаны іске асыру мақсатында Май ауданының кітапханалары мен мектептерінде «Рухани құндылықтардың шамшы-рағы – Ақбалық Хазірет», «Туған жердің аңызы», «Аты аңызға айналған Ақбалық Хазірет», «Хазірет атанған Ақбалық» атты ақпараттық-тарихи сағаттары мен бұрыштары дайындалып, кеңінен насихатталды. Бұл да болса, аға буынның жастармен араласып, олардың бойында рухани дүниетанымдарын оятып, имандылыққа, отансүйгіштік-патриоттық, туған жерге тағзым ету сияқты ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастыру болып табылады.

Тағы да бір сүйінші хабар, Май ауданының тумасы, қоғам қайраткері, ғалым, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдиннің баталы сөзімен басталған «Ақбалық Хазірет» кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың шығуына байланысты арнайы редакциялық алқа құрылды. Кітаптың редакторы – Бағлан Ғабдышүкірқызы. Кітапты жазуда Рашит Бектеміров, Ләззат Теміртасқызы сынды тарихшы-тіл мамандары мен Ақбалық хазіреттің Қаныш Сабыров, Мәуия Зәкарияқызы және тағы да басқа туыстары, алқа мүшелері қатысты.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романында Май ауданының тумасы, ділі мықты, діни сауатты, мешіт-медресе ашып, ислам дінін насихаттаған Ақбалық хазіреттің (Әбділда) өмірі мен оның адами, адамгершілік қасиеті айқын көрінеді. Ол кісі кезінде Мұса Шорманов, Құнанбай қажы, Абай, Шәкәрім сияқты танымал тарихи тұлғалармен қатарлас болған.

Сөз бастаған шешендер, қол бастаған көсемдер туған қасиетті Май өңірінің қойнауы тарихқа толы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған осы бір ғиб- ратты шара айрықша маңызға ие. Өйткені бүгінгі жаһандану заманында рухани байлыққа шөлдеп, салт-дәстүрден ажырап бара жатқан жас ұрпаққа қалқан болатын ұлттық идеологияны қалыптастыру – маңызды іс. Өткенді қастерлеп, ұлттық болмысты айқара ашу болашаққа ашылған даңғыл жол болмақ. Осы арқылы рухани тәлім-тәрбие өзегін бекемдеп, ұлттық сананы кеңейтеміз.

Қазақ қашан да өзінің туып-өскен жерін киелі санаған. Біздің ата-бабаларымыз табиғатпен тілдесіп, оның тылсымын жақсы түйсінген. Міне, осы тұрғыдағы кең тақырыптарды қозғап, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметімізді арттыру мақсатында облысымызда киелі жерлердің тарихын зерттеп, оны жүйелі түрде халыққа насихаттау үшін Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде республика көлемінде бастау алған ауқымды 6 жоба негізінде айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. «Қазақстанның киелі жерлері», «Туған жер», «100 жаңа есім», «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті», «Мектебіме тағзым» сияқты елді бірлікке шақырып, ұлттық сананы жаңғыртатын 60-қа жуық жоба құрылып, оны іске асыруда 600-ден астам шара өткізілді. Аталған жұмыстарға облыстағы ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері де атсалысуда. Көтерер жүгі аз емес аталмыш ұйым республика көлемінде 1 млн. 845 мың ардагердің басын қосып отырса, соның 16 000-нан астамы облыс көлемінде 785-ке тарта бастауыш ұйымға біріктіріліп отыр. Егемендік алған ширек ғасырдан астам уақытта ардагерлер құрметті әрі абыройлы бірлестікке айналып, Тәуелсіздікті нығайтуға сүбелі үлесін қосуда. Зейнет жасындағы аға буын өкілдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне тығыз араласып келеді. Әсіресе, жастарға үлгі боларлық патриоттық-адамгершілік тұрғыдағы игі істердің атқарылуы көңілге қонымды.

Мысалға, өткен жылдың қыркүйек айында Шарбақты ауданындағы «Келдіқыз» жайлауында орын тепкен ислам дінін насихаттаушы Ғабдул Уахит хазіреттің кесенесіне ардагерлер ат басын тіреді. Бұдан басқа атақты Таймас әулиенің, Ақкөл-Жайылмадағы «Исабек Ишан» хазіреттің зиратына, Әулиекөлдің жағасындағы Түйте әулие ескерткішіне барып қайтты. Сондай-ақ «Асан қайғы тасын да» көздерімен көрді. Шідерті өзенінің бойындағы Сағынайдың асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбайдың бейітінде болып, Май ауданы, Ақшиман ауылы маңындағы Олжабай, Малайсары батырлар бастап, қалмақтарды айламен тырп еткізбей қырған әйгілі «Қалмаққырылған» жерінде болып, осы маңда жатқан Қайса атаның басына дұға бағыштады. Жергілікті халықпен емен-жарқын кездесіп, жобаның бағыт-бағдары мен басты мақсатын көпшілікке түсіндірген еді. Ақтоғайдағы қасиетті Бекбау ата мазары, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті тұлғасы, қазақтың біртуар ұлы Естай Беркімбайұлының зиратында болды. Ақтоғай ауылында жерленген зерттеуші ғалым, Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеу барысында тұңғыш жаңалық ашқан Евгений Гернеттің бейітінің басына гүл шоқтарын қойып, зиярат етті.

Баянауылдағы тарихи орын-дардың 15-ке жуығы бір ғана Жаңатілек ауылдық округінің аймағында орналасқан. «Қазыбек бидің сөре тасы», Мәшһүр Жүсіп ашқан медресе орны, «Едіге бидің билік тасы», «Тотия ана», Мұстафа, Құрманбай, Мәстек абыздардың орны осы маңда жатыр. Ал, Баянауылдың жан-жағында «Қоңыр Әулие» үңгірі, Жасыбай батыр, әулиелі М.Жүсіп, Үкібай би, С.Торайғыров кесенелері, әлі көпке белгісіз Әбжалап әулиенің, Лекер, Мәуке қажылардың зираттары бар. Ұлы Қаныштай тұлғамыздың зираты сияқты тарихи жәдігерлерді аралап, оларды өскелең ұрпаққа жеткізу - алдыңғы толқын ағалардың міндеті.

Зиялы топ мүшелері қай аймақта болмасын жергілікті жердің белгі, ескерткіш-тақталарын аралап, мектептеріне бас сұғып, мұражай-кітапханаларда жас өскіндермен, халқымен жүздесіп, жергілікті туған ауылдарынан шыққан соғыс ардагерлері, ақын-жазушылары, басқа да белгілі тарихи тұлғалары төңірегінде әңгіме-сұхбаттар өткізуді басты ұстанымдарының негізі етеді.

Биылғы жыл облыс бойынша мерейтойға толы болды. Жаз бойы аймақ басшысы Болат Бақауовтың бастамасымен республика көле-мінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылып, ұлт зиялылары С.Торайғыров, Естай Беркімбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұса Шорман, Бұқар бабаларымыздың есімдері ұлықталуда. Жуырда ғана өнер өкілдері, ғалым-жазушылар, қоғам қайраткерлері барлығы 70 алыс-жақын шетелдер мен Қазақстаннан келген қонақтарының басын қосқан республикалық дәрежедегі «Ұлы Дала» этнофестивалі өтіп, халықаралық көрме ұйым-дастырылып, әсем әнімен, күмбір күйімен, жыр-дастандарымен Ертістің толқынын бір серпілтіп, ұлы даланың жаңғырығын Сарыарқаға әуелетті. Бұған да біздің белсенді ардагерлеріміз бір кісідей атсалысты.

Біз дамыған 30 елдің қатарына кіру табалдырығындамыз. Өткенге бұрылудың арқасында, халықтың өшкені жануда. Ата діні мен баба салтына бекем ел руханияты өз тұғырына қонып, қуанышы молаюуда. Жер-жерлерде менмұн- далаған күмбезді мешіттер саны артып, құбылаға жүз бұрған иманды жан да көбейгені рухани жаңғырғанымыздың белгісі болар. Игілікке бастаған серпілісіміз – тың. Бұл жас ұрпақтың туған елге, өскен жеріне деген патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етуі тиіс. Ал тарихты жас ұрпаққа берілетін тағылым үшін сөйлету абыройымызды асырады. Тарихтың жарқын бетінің жаңа парағын ашып, зерделеп-зерттеп, жас ұрпаққа жеткізе білсек - арманымыздың орындалғандығы.

Рымтай ШӨКЕЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Павлодар облысының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz