Әдетте жоғары оқу орын-дарының мамандары құжатын арқалай келген түлектерге «егер тұратын үйіңіз болмаса, оқу бітіргенше жатақханада тұрасыздар» деген құлаққа жағымды әңгімеден бастайды. Дәл осы сөз оларға үлкен үміт беретін. Баласы жатақханада тұратын болса, ата-анаға да алаңдауға негіз жоқ. Бірақ, қайдам...

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің 3-курс студенті Арман - осы оқу жылында жатақханаға іліне алмай қалғандардың бірі. Ол біздегі университеттердің жатақханасы тек 1-2-курстың студенттері мен тамыр-таныстың ғана баласына арналғандай, - деп қынжылады.

- Алғашқы екі жылымды жатақханада тұрып оқыдым. Бірінші курста оқу үлгерімім, тәртібім бәрі жақсы болды. Өткен жылы жатақханада жігіттер арасында бір кикілжің болған еді. Мен осы оқиғаның сырттай куәгері болғанмын. Осыны желеу етіп, биыл мені жатақханаға қабылдамады. Бірақ осы ұрыстағы негізгі кейіпкерлері өз орындарында қалды. Қаншама күн университет пен жатақхана ортасында сабылдым. Шыққан нәтиже шамалы. Оқу басталуға санаулы ғана күн қалды. Енді пәтер жалдап тұруға тура келеді. Ол үшін оқумен бірге жұмыс та істеуім керек, - деді Арман.

Арман тәрізді бір басына пана іздеген жастар жетерлік. Студенттердің жанайқайынан кейін екінші тараптың, яғни С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне хабарласып көрдік. Университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бөлміндегілер әлі күнге дейн студенттердің жатақханаға қабылданып жатқаны, осы жылы өтініш білдіргендерді барынша жатақханамен қамтуға тырысып отырғандарын айтады.

- Жатақханаға тұруға өтнішін алып, оны қабылдамай қойған кезіміз жок. Біздің оқу орнында білім алатын жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер жатақханада тегін тұрады. Ұжым әр студенттің жағдайына қарасып, жеңілдіктер жасап, өзге де мәселесін шешуге тырысып келеді. Кейбір студенттер жатақханадан шағын, яғни, 2-3 адамға негізделген бөлмелерді алғылары келеді. Ол көп жағдайда мүмкін болмайды.

Сонымен қатар, жатақханаға орналасудың да өз тәртібі бар. Бізде бірінші кезекте жағдайы нашар, жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, өзге өңірлерден келіп оқитын және 1-курсқа енді түскен студенттерге береміз. Ата-анасы бар, жағдайы жақсы отбасының балалары екінші кезекте орналас-тырылады. Жатақхана талаптарына бағынбай, ережесін бірнеше рет бұзған студенттер әрине шығарылады немесе келесі оку жылында қабылданбайды, - дейді мамандар.

Ресми дерек бойынша, өткен оқу жылында С.Торайғыров атындағы ПМУ жатақханасына 860 студент тұрып, білім алған. Олардың 440-ы 1-курстан, 220-сы 2-курстан болса, 180-і 3 және 60 студент 4 курстың ізденушілері. Мұндағы айлық төлемі ай сайын 3142 теңгені құраған.

Ал студенттерін ренжіткісі келмейтін ПМПУ де осы мақсатта жұмыстар атқарып жатыр. 2017-2018 оқу жылында 849 студентті және «Серпін» бағдарламасымен білім алған 422 жасты жатақханамен қамта-масыз еткен білім ордасындағылар биыл да ізденушілердің сұранысын қанағаттандырамыз дейді.

Айта кетелік, жоғары оқу орындарында әлі де қабылдау жұмысы жүріп жатқандықтан, жаңа оқу жылында қанша студенттің жатақханамен қамтамасыз етіл-гендігі жөнінде нақты деректер шықпаған. Дегенмен, жылдағы әдет бойынша қыркүйек айында жетім бұрышты жағалаған студент жастар пәтер іздеп сабылмаса болғаны...

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz