Елеусіз ДҮЙСЕКОВ, Олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры:

- Біздің орталық Олимпия ойындарына қатысатын үміткерлерді даярлайды. Бүгінде қарамағымызда өңірдің 55 үздік спортшысы бар. Спорттың он түрі бойынша резервті қалыптастырамыз. Олар алдымен ұлттық құрамаға алынуы керек. Мәселен, бүгінде алты боксшымыз ұлттық құрама сапына еніп отыр. Міне, Олимп шыңын бағындыру да осындай баспалдақтардан басталады. Біздің облыс талантты да талапты қыз-жігіттерге кенде емес. Олардың спортпен шұғылдануы үшін толыққанды жағдай да жасалған. Қаражат та, білікті маман да жеткілікті. Заманауи спорт кешендері де бар. Қысқасы, бізде бәрі бар. Бірақ бағымыз жанбай жүр. Қазақтың «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дейтіні бар ғой. Аймақ спортына сол бір бақ қонбай тұр. Бәлкім, 2020 жылы Токио төрінде төбеміз көкке жетер. Бәрі де Алланың қалауымен. Осы саланың маманы ретінде айтайын, спортшының мықтылығы күш-қайратында емес, намысында. Намысты спортшы ешқашан жерге қаратпайды.

Ораз МҰХАМЕТӘЛІНОВ, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Екі шәкіртім - Дәулет Шабанбай мен Мамед Ибрагимов Олимпиадаға қатысқанымен, жолы болмады. Өкінішке қарай, қаражаттың жоқтығынан мен де олармен бірге еріп бара алмадым. Спортшы бапкерінің жаһандық жарысқа жолының түспеуі – үлкен кемшілік. Алдымен осы мәселені шешіп алу керек: спортшының жеке бапкері де Олимпиадаға қатыссын. Бұл бір. Екіншіден, жергілікті басшылар облыстан шыққан талантты жастарды осы өңірде қалдырып, шеберлігін шыңдауға, қамқорлық танытуға құлықсыз. Соның салдарынан талай мықты балуан басқа аймақтың атынан шығуға мәжбүр. Жалпы, жеке бапкерімен бірге спорттық жолын бастаған қыз-жігіт соңына дейін сол бапкердің қарамағында болуы керек. Сонда спортшы да, ұстаз да өседі. Үшіншіден, спортшы мен бапкерге жағдай жасалуы тиіс. Олар үнемі шетелде оқу-жаттығу жиындарында жүреді. Ал мұндай жағдайда олардың бала-шағасына көңіл бөлініп, көмек көрсетілуі керек. Әзербайжан, Ресейде осыған қатты көңіл бөледі. Мәселен, Әзербайжанның бірінші нөмірлі балуандары айына 5 мың доллар еңбекақы алады. Біздегі жағдайды айтпай-ақ қояйын.

Владимир БУГАЕВ, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің спорт шолушысы:

- Тығырықтан шығу үшін шетелден маман шақырғанның айыбы жоқ. Бұл - әлем елдерінде бар тәжірибе және белгілі бір деңгейде өзін-өзі ақтаған қадам. Әрине, бұл патриоттық тұрғыдан дұрыс емес. Бірақ, спорт саласына шынымен тың серпіліс әкелуді қаласақ, осы қадамға барған жөн. Біріншіден, тиісті нәтижеге қол жеткіземіз. Екіншіден, шетелдік бапкер мен спортшының келуі жергілікті жаттықтырушылар мен қыз-жігіттердің жетілуіне жол ашады. «Олардың қолынан келген дүниені біз де жасай аламыз» деп намысты қайрайтын болады және бойдағы сенімділік артады. Қалай десек те, бүгін әлем елдері осы жолмен жүріп келеді. Әрдайым оқу керек, үйрену қажет. Нақты мысал ретінде Қытайды алайық. Қытайлықтар бұған дейін белгілі бір спорт түрінен көш бастаған емес. Ал қазір қалай? Барлық спорт түрінен бәсекеге түсе алады. Сосын бізде буын сабақтастығы сақталмайды. Дүркіреп бір топ шығады. Олардан соң бірнеше жылдық үзіліс орын алады. Кейін тағы бір мықты шоғыр пайда болады. Осылайша, жүрістен жаңылып қаламыз. Кемшіліктің бірі осы.

Зекен ҚҰСАЙЫНОВ, спорт жанкүйері, Павлодар қаласы:

- Павлодар облысынан әлі күнге дейін бірде-бір Олимпиада жүлдегерінің жарқ етіп шықпауы – өте ұятты жағдай. Қысқы Олимпиададағы жағдайымыз да мәз емес. Әйтеуір, 1998 жылы конькиші Людмила Прокашеваның ұтып алған жалқы қоласы – көңілге медеу. Хәкім Абайдың «Единица болмаса, не бітірмек өңкей нөл?!» дегені ойыма оралып отыр. Сол нөлді бірге айналдыратын бір мықтының тумағаны қынжылтады. Әлде жергілікті спорт шенеуніктері бұл мәселеге мән бермей отыр ма? Белгісіз. Тәуелсіздік алғалы бері қаншама спорт кешені бой көтерді. Жүздеген спорт шебері дайындалды. Сөйте тұра, бірде-бір Олимпиада жүлдегерін тәрбиелей алмау – өңір спортына жауапты басқармаға ғана емес, облыс басшылығына да сын. Алда - Токио Олимпиадасы. Үш-ақ жыл қалды. Осы мәселені күн тәртібінен түсірмеу керек. Ниет болса, тығырықтан шығар жол қашанда табылады. Аймақтан Олимпиада жүлдегерін шығара алмау – өзге жетістікті айтып, қанша мақтансақ та, өңір спортының төмен деңгейде екенін көрсетеді. Жұрт солай ойлайды. Осыны ұмытпайық.

 

«Алаңды» үйлестіруші - Фархат ӘМІРЕНОВ.

saryarka-samaly.kz