«Жасыл ел» еңбек жасағы десе, бірден көз алдымыға қолына кетпен-күрегін ұстап, ағаш-талдың маңында немесе құрылыс алаңында жүретін сарбаздар ғана елестейтіні рас. Өткен жылдан бастап жастарды алуан түрлі жұмысқа тартуды қолға алған «жасылелдіктер» күн сайын жаңа бастамаларымен көптің көңілінен шығып жүр. Соның бірі - павлодарлық жастарды ерекше қызықтырған «QAZAQ JASTARY» атты брендтік киім. Осындай жазумен басылып шығатын футболка, бас киім және қол дорбасы бар. Бұл бастамашыл жастардың қолға алған көп істің басы ғана.

Аймақтағы белсенді жастардың кәсібін ашып, оны ары қарай дамытуға жол ашу мақсатында жуырда «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында байқау ұйымдастырғаны есімізде. Осы байқауға аймақтық «Жасыл ел» жасағы аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан және өз күшімен оқуға түсе алмаған жастарды компьютерлік дизайнға оқыту кабинетінің жобасын, сондай-ақ қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді дәріптейтін «QAZAQ JASTARY» атты киім брендін ұсынған. «Студенттік құрылыс және жастар жасағы Павлодар штабы» қоғамдық қорынының директоры Нұргүл Айғожинаның айтуынша, байқау жастарды жігерлендіріп, істі өздігінен бастап кетуіне түрткі болған.

- Бұл киім үлгілері әуелгіде үкіметтік емес ұйымдар арасында өткен байқауға арнайы дайындалған болатын. Яғни «SAMRUK-KAZYNA TRUST» ұйымдастырған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту сайысына аймақ бойынша 28 үкіметтік емес ұйым қатысқан болатын. Нәтижесінде 8 ұйым 500 мың теңге грантты жеңіп алды. Бірақ бұл жүлдеге біз ұсынған қос жоба да іліне алмады. Осыдан кейін біздің топ өз жобамызды қалайда жүзеге асырып, жемісін көреміз деп бекінді. Бастама жаман емес, - деді ол.

Аталмыш жобаның қолға алынғанына аз ғана уақыт болса да, штабқа хабарласып, тапсырыс берушілердің саны күн санап артып келеді екен. Бір айдың ішінде ұлттық мәнерде жасалған 20-дан астам футболка, бас киім және қолдорбаны иелеріне табыс еткен жастар алдағы уақытта тапсырыстың молаятынына сенімді. Себебі олар киімге тек логотип қана емес, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен қалған біртуар тұлғалар Абай Құнанбаев, Қаныш Сәтбаев сынды белгілі адамдардың суреті бейнеленген жейделерді де басып шығаруды жоспарлап отыр.

- Киімге біз ұсынған логотип немесе сурет салдыру - тапсырыс берушілердің өз еріктерінде. Яғни қалаулары бойынша жасап бере аламыз. Мұндағы футболканың құны - 4990, бас киім – 3990, қолдорба 1990 теңге тұрады. Бастаған ісімізді одан әрмен жалғастырып, кеңейту үшін бізге инвесторлар керек, - деді Н.Айғожина.

Бұдан бөлек, дәл осы белсенді жастар Конституция күніне орай облыс орталығындағы Тәуелсіздік даңғылы, 2 мекенжайында орналасқан бес қабатты үйдің қабырғасына «Бүркітшінің» алып суретін салғызған. Қор директорының айтуынша, олар бұл бастаманы қолға алу үшін ұзақ ойланыпты.

- Еліміздің бас қалалары Алматы мен Астанаға бара қалсаңыз, алуан түрлі суреттермен безендірілген көпқабатты үйлерді жиі кездестіруге болады. Қазақы нақышта, ұлттық болмысымыздан сыр шертетін суреттер қаланың сәулетіне көрік қосып, сәндендіретініне сенімді болдық. Міне, алдағы айтулы мерекеге орай біз көптен бері ойымызда жүрген дүниені сыйлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл іс те жалғасын табатын болады. Үй қала орталығындағы екі үлкен көшенің қиылысында орналасқан. Сондықтан суретті барлығы көре алады. Сурет көшенің аталуына қарай ұлттық стильде таңдалды. Бүркіт - тәуелсіздік пен еркіндіктің белгісі, - деді ол.

Айта кетелік, үйге сурет салу жұмысы 16 тамызда басталған. Жұмысты Антон Толчин өзінің «My Style» командасымен бірге және аэрографиялық жасақ сарбаздарымен бірлесе іске асырған. Сурет аэрографиялық бояулармен салынған. Ол құбылмалы, ауа райына төзімді болып келеді.

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz