Атап өтерлігі, қос командада биылғы жылы еурокубок ойындарын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған болатын. «АПОЭЛ» аяқдопшылары бірінші іріктеу кезеңінде Литваның «Судува» командасымен екі ойын өткізген. Литвалықтар қарсыластарын өз алаңында 3:1 есебімен ойсырата жеңсе, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді. Қос ойында артық ұпай жинаған «Судува» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алған. Аталған литвалық команданы қазақстандық маман Владимир Чебурин жаттықтыратынын айта кеткен жөн.

Команда болса осы сәтсіздіктен соң УЕФА бекіткен ережеге сәйкес Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне бақ сынауға мүмкіндік алып, Эстонияның «Флора» клубымен жасыл алаңда кездескен еді. «АПОЭЛ» өз алаңында эстониялықтардың қақпасына жауапсыз 5 гол соғып айды аспанға бір-ақ шығарды. Бірақ сырт алаңда «Флора» командасы жақсы ойын өрнегін көрсетіп, 2:0 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Қос ойынның нәтижесі бойынша кипрлік аяқдопшылар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұдан соң кипрлік клуб Израильдің «Хапоэль Безр-Шева» клубынан айласын асырған еді. Ал елордалық «Астана» Чемпиондар лигасында доп тепті. Алғашқы екі кезеңде алдымен Черногорияның «Сутьеска» клубын (1:0, 2:0), одан кейін Данияның «Мидтьюлландын» (2:1, 0:0) қапы қалдырды. Үшінші кезең отандастарымызға ауыр тиді. Хорватиялық «Динамо» командасымен жолы түйіскен «Астана» (0:2, 0:1) есебімен екі ойында да жеңілістің ащы дәмін татты. Осы бір сәтсіздіктің салдарынан отандастарымыз Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде сынға түсетін болды. Қос команда бұған дейін де еурокубок ойындарында жасыл алаңда жолыққан еді. Естеріңізде болса, 2015 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Астана» мен «АПОЭЛ» шеберлік байқасқан. Астанада өткен алғашқы кездесуде отандастарымыз 1:0 есебімен басымдық танытса, сырт алаңдағы қарымта ойында 1:1 есебі тіркелген еді. Осының арқасында «Астана» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті. Бұдан кейін қос команданың жолы Еуропа лигасында В тобында түйіскен еді. Екі ойында да 2:1 есебі тіркеліп, қос команда алма-кезек жеңіске жетті.

Плей-офф кезеңіндегі «АПОЭЛ» мен «Астана» арасындағы алғашқы ойын отандастарымыздың шабуылымен бас- талды. Кездесудің алғашқы минутында елордалық ойыншы Ласло Кляйнхайслер қарсыластар қақпасын алыстан көздеген еді. Бірақ доп қиыс кетті. Бұдан соң «Астаналық» шабуылшы Педро Энрике де гол соғатын мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Ойынның алғашқы жартысында АПОЭЛ командасының да тепкен добының ешқайсысы голға айналған жоқ.

Үзілістен соң бірін-бірі аңдысқан қос клуб та алға шығуға тырысты. Ойынның 81-минутында әуелеген доп «Астана» қақпасының маңдайшасына тиіп, кейін серпілген. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған «АПОЭЛ» клубының шабуылшысы Кажу (Жезус Мартинс) қақпаға допты басымен дәл қадады. Осы көрсеткіш ойын соңына дейін сақталып қалды.

Елордалық клуб қарымта кездесуді 30 тамызда өз алаңында өткізеді. Жеңімпаз команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түсу мүмкіндігіне ие болады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz