Ауқымды шараға Қазақстан мен Ресейдің 12 командасы, яғни 200-ден астам қатысушы келген. 4 күнге созылған достық жарысында Астана, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен, Баянауыл ауданынан және Ресейдің Омбы қаласынан спортшылар өнер көрсетті.

Командалар 5 шақырымдық кросс, суда байдаркамен жүзу және бард өлеңдерін айту сияқты 3 кезең бойынша бақ сынады. Жарыстың түрлі кезеңдерінде туристер теориялық білім мен практикалық дағдыларын көрсетуге тырысты. Мысалы, кросс барысында жорық жағдайында 3 сіріңкені қолданып шай қайнату тапсырмасын орындады. Сонымен қатар, осы жылы ұйымдастырушылар кросс-жарысқа жаңалық енгізді. Екі команда параллель бағдарлар бойынша жарысты бір уақытта бастады. Сайыс нәтижесінде суда байдаркамен жүзуде Омбы қаласынан келген қонақтар үздік ден танылса, «Ең үздік бард орындаушысы» атағын көкшетаулық «Фирн» командасының мүшесі Дархан Қуанышев жеңіп алды.

Дархан көптен бері ойында жүрген арманының жақын күндері жүзеге асатынын айтып, қуанышымен бөлісті.

- Мен - туризм бойынша спорт шебе-ріне үміткермін, өнеркәсіптік альпинист ретінде жұмыс істеймін. Ән шығару, орындау - менің ең сүйікті ісімнің бірі. Жаңа туындымды алғаш рет «Ертіс меридианының» сахнасында орындадым. «Лауреат» деп аталатын жаңа әнім - командаларды ынталандыру үшін жазылған достық әзіл. Ал менің ең үлкен арманым - Көкшетау қаласында мектеп оқушылары үшін өрмелеу қабырғасын ашу. Жақын күндері осы арманым орындалмақ, - деді ол.

Айта кетелік, «Ертіс меридианын» алғаш рет облыстық «Звезда Прииртышья» газеті 1987 жылы ұйымдастырған болатын. Сексенінші жылдары Павлодар облысында спорттық туризм кең етек жая бастады. Құзға шығу, тау туризмі және спорттық бағдарлаудан алғашқы жарыс- тар сол жылдардан бері өткізіліп келеді.

Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткен басылым аталған спорттық шараны дәстүрге айналдырып, маңызын арттыра түсуде.

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz