- 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу мерзімі толығымен өзгеретін болады. Мәселен, 1960 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген әйел 2018 жылдың 1 маусымында, яғни 58 жас 6 ай толғанда ғана зейнеткерлікке шыға алады. Егер ол 1960 жылдың 1 шілдесінде туған болса, зейнеткерлік жасы 59 болып есептелінеді. Себебі ол зейнеткерлікке 58 жас 6 айында шығады. Заңнамаға сәйкес, жалпы бекітілген зейнеттік жас 59 болып саналады, - дейді Р.Қанаева. Сондай-ақ, ол келесі жылдың шілде айынан бастап базалық төлемдер қайта есептелетінін жеткізді. Демек, бұған дейін барлық зейнеткер еңбек өтіліне қарамастан бірдей мөлшерде базалық зейнетақы алып келсе, бұдан былай әркім жұмыс істеген жылдарына сәйкес бейнетінің зейнетін көретін болады. Сонымен қатар, базалық зейнетақыны қайта есептеу үшін зейнеткерлерден қосымша құжаттар талап етілмейді, яғни, зейнетақы қорындағы бар мәліметтер негізге алынады, - дейді департамент директоры.

Осылайша, зейнетақы жүйесіндегі жаңа тәртіптің нәтижесінде көп жылғы еңбек өтілі бар, бірақ төмен мөлшердегі зейнетақы алып келген жандардың мәселесі оң шешімін табады деп күтілуде.

Айта кетерлігі, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек еткен жылдары, міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең, соның ішінде бала бір жасқа толғанға дейінгі және оның күтімі бойынша демалыста отырған жұмыс істейтін әйелдер үшін міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау кезеңі, мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін күту уақыты және ҚР диплома-тиялық қызметтегі, халықаралық ұйымдардағы адам-дардың жұбайының шетелде тұрған кезеңдері енеді.

Баспасөз мәслихатында биылғы жылдың екінші жарты жылдығында бірдей зейнетақы көлемі 11 пайызға, базалық зейнетақы 13 пайызға артатыны да сөз болды. Рысты Мойылжанқызының айтуынша, Елбасының биылғы халыққа Жолдауына сәйкес, осы жылдың 1 шілдесінен бастап елдегі 2,1 миллион зейнеткердің зейнетақысы былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін өседі деп жоспарлануда.

- Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарында ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға өссе, 1 шілдеде тағы да ынтымақты зейнетақы көлемі 11 пайызға, базалық зейнетақы 13%-ға көтерілетін болады. Мысалы, егер 2016 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 40 000 теңгені құраса, 2017 жылдың 1 қаңтарында оның көлемі 43 600 теңгені, ал 2017 жылдың 1 шілдесінде 48 396 теңгені құрайды. Бұл - зейнеткерлер үшін үлкен қолдау, - дейді Р.Қанаева.

Аталмыш департаменттің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша облысымызда ынтымақты зейнетақы алушылардың саны - 112 998, ал базалық зейнетақы алушылар қатары 113 210 адамға жеткен. Базалық деңгейді есепке алғандағы олардың орташа зейнетақы көлемі 61 105 теңгені құрайды, - дейді департамент басшысы.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz