Ақбалық хазірет өзі туып-өскен жері - Май ауданына қарасты Саты ауылдық округіндегі Түндік өзенінің бойында жерленген. Бүгінде ұлы тұлғаның бейіті қоршалып, күмбезді кесене салынды. Нысанның ашылу рәсімі ұлан-асыр той болып өтті. Шараға облыс әкімі Болат Бақауов, зиялы қауым өкілдері, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің имамдары, Ақбалық хазіреттің ұрпағы мен аудан тұрғындары қатысып, марқұмның рухына құран бағыштады.

Кеңес дәуірінде дінге қарсы күрес кесірінен ислам дінін насихаттаушы көптеген тұлғалардың есімдері санадан өшірілгені белгілі. Солақай саясаттың құрбаны болған жандардың бірі –Ақбалық хазірет. Ол – Ертіс-Баян, Семей өңірлеріне бірдей танымал ғалым, қара сөзге дес бермейтін шешен болған. Кей деректерде Абай Құнанбайұлының өзін сан рет сөзбен жеңген деседі. Бұл жайлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында кеңінен суреттелген.

Бытының алты баласының ең кенжесі Әбділдә (елге Ақбалық хазірет есімімен кең танымал) дүниеге шамамен 1833 жылдары келсе керек. Әбділдәнің жасы 20-ға толған кезде елде үлкен жұт болып, ол туған жерімен қоштасып, қоныс аударуға мәжбүр болады. Зеректігімен танылған Әбділдә Ташкенттің «Көкілташ» медресесінде 3 жыл оқиды. Одан кейін Бұқардың медресесіне түсіп, оқуын жалғастырады. Он екі пәнді түгел тауысқан діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. 44 жасында хазірет атанады. Ислам дініндегі «Хазірет» сөзінің мағынасы – Ислам әлеміндегі жоғары дәрежелі дін иесіне берілетін діни лауазым.

Білім алып, елге оралған Ақбалық хазірет ата қоныстары - Май ауданына қарасты Бестау өңірінің орта тұсында орналасқан Сарытау ауылында мешіт салдырып, медресе ашқан екен. Оның ғалым, тұлға болып қалыптасқан кезі - 1902-1909 жылдар, бұл Ресейдің Қазақ еліне толық саяси үстемділігін орнатып, жері мен суын өз мемлекетінің меншігі деп жариялаған кезімен тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде Ақбалық хазірет және басқа да қазақтың білімді, ықпалды азаматтары қарсылық білдіріп, қазақ жерінде ислам дінін сақтап қалуға көп еңбек сіңірген.

Кесененің ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Б.Бақауов аймағымыздағы киелі орындарды халық арасында насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

- Бұл - қасиет қонған бабамыздың рухына тағзым жасап, есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында жасап отырған игілікті, сауапты қадам. Халықты ізгілікке бастайтын, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін мұндай шаралар аса маңызды. Өз тарихын білмеген елдің болашағы қараң болмақ. Бүгінде Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өшкеніміз қайта жаңғыруда. Осынау кесененің бой көтеруі тек Май ауданы емес, облысымыз үшін маңызды оқиға, - деді Болат Жұмабекұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақбалық хазірет кесенесінің құрылысына атса-лысқан ел ағаларына, кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына алғысын білдірді.

Кесене құрылысына жауапты Әбу Ханифа қорының басшысы Кенже Кеңесбаев «жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынына» тағы бір мәрте көз жеткізгенін атап өтті.

- Өткен жылы аймағымызға белгілі бірқатар ақсақалдар бас қосып, аудан- дарға арнайы экспедиция ұйымдас-тырылды. Оның аясында аудандардағы киелі орындарға сапарлап, ғұлама-ғалымдар, әулиелер жайында ақпарат жиналды. Сол шараның нәтижесінде Ақбалық хазірет жайында көптеген тың мағлұматтарға қанық болдық. Артынша кесененің жобасын құрып, құрылысын жоспарладық. Облыс әкімі Болат Бақауов қолдап, зиялы қауым, кәсіпкерлер қостап, жұмылып іске асырды. Кесене көптің көмегімен қысқа мерзімде бой көтерді. Бұл ретте, нысан құрылысына Сапарғали Байболатов, Рымтай Шөкеев, Тито Сыздықов, Ермат Байғұрманов, Әбілқақ Түгелбаев, Нариман Исенов, Қуат Есімханов, Айтмұхамбет Қожабеков сияқты басқа да ел ағалары қолдау көрсеткенін айтпай өтуге болмайды, - дейді К.Кеңесбаев.

Шараға қатысқан Ақбалық хазіреттің шөбересі Қаныш Сабыров осындай игілікті жұмыстың басы-қасында болған облыс, аудан басшылығына, белсенді азаматтарға алғысын білдірді.

- 1886 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы Тобықты елінің бір топ азаматымен бірге атамыз Ақбалық хазіреттің үйінде қонақта болған екен. Олар екі-үш күн дидарласып, білім алмасқан. Қоштасар сәт келгенде қонақтарын шығарып салып тұрған атамыз: «Өздерің бақытты, ал халқың алтын тақты болсын!» деп батасын берген. Бүгінгі күні бабамыздың батасы орындалды деп білеміз. Тәуелсіз ел болдық. Осынау баға жетпес құндылығымыз, азаттығымыздың арқасында ұмыт болған атамыздың есімі ел арасында қайта жаңғырып жатқанына шексіз қуаныштымыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы да осында деп білемін. Кесене құрылысын қолдап, демеу көрсеткен барша азаматтарға Ақбалық хазірет атамыздың ұрпақтарының атынан алғысымды білдіремін, - деді Қ.Сабыров.

Кесене жобасының авторы Алтынбек Байғалиевтің айтуынша, нысан бір айдың көлемінде салынған. Оның құрылысына елімізде теңдесі жоқ құрылыс материалдары пайдаланылыпты. Мысалы, қабырғасына қаланған кірпіштің беріктігі соншалық, 100 жылға дейін шыдайтын көрінеді. Кесененің биіктігі - 11 метр.

Атап өтерлігі, салтанатты шара барысында Ақбалық хазірет туралы жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Оның авторы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Бағлан Жапарова.

- Менің әкем Ғабдышүкір елде «Шүкір молда» есімімен кең танылған, діни білімімен көптің ықыласына бөленген жан болатын. Үлкендердің айтуынша, әкеміз жастайынан осы Ақбалық хазіреттің шәкірті болыпты. Сауатын сол кісінің алдынан ашқан екен. Хазірет әкеміздің балалық әрекеттеріне қарамай, алдымен оның оқуға деген зеректігін байқап, үлкен жолға ақ батасын беріпті. Сөйтіп, дін жолын берік ұстануына себепші болған екен. Әкеміз ұстазы жайында әрдайым естелік аңыз-әңгімесін аузынан тастамайтын. Әр жылдары Ақбалық хазіреттен Салахиддин хазірет, Жүсіпбек Аймауытов, Зәкәрия молла, Досымхан моллалар сабақ алғанын айтып отыратын, - дейді Б.Жапарова.

Бүгінде Май ауданында Ақбалық хазіреттің есімін ұлықтау мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.

- Ақбалық хазіреттің есімін ұлықтау мақсатында аудан кітапханаларында әдеби-танымдық бұрыштар ашылды. Арнайы ақпараттық топ құрылып, көптеген шаралар өткізілді. Оқу ордаларында, елді мекендерде танымдық кездесулер, мектептерде тақырыптық сабақтар, көрмелер ұйымдастырылды, - дейді облыстық мәслихат депутаты Қарлығаш Құспекова.

Кесененің ашылу салтанаты аясында өткен аудандық көкпар сайысында Саты ауылының жігіттері топ жарды. Сондай-ақ, шара барысында облыстық құранды көркем оқу сайысының жеңімпаздары марапатталды. Бұл ретте, Ақсу қаласы мешітінің шәкірті Әбілкәрім Исламұлы жеңіске жетті.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Май ауданы.

saryarka-samaly.kz