Былтыр Екібастұз қаласында мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша екі кәсіпорын іске қосылды. Соның бірі - «R.W.S. Wheelset». Зауыт теміржол осьтерін шығарып, осы салаға қажетті дөңгелек жұптарын жинаумен айналысады. Жобаның құны - 11,9 млрд. теңге. Бұл – теміржол саласы бағытында жұмыс істейтін Екібастұзда іске қосылған төртінші зауыт. Бұған дейін «R.W.S. Concrete», «Проммашкомплект» және Қазақстан вагон жасау компаниясы өз жұмысын бастаған болатын. Осылайша, аз ғана уақыт ішінде Екібастұз еліміздегі теміржол кластері дамыған орталықтардың біріне айналып шыға келді.

Бүгінде біздің өңірдегі табысты кәсіпорындардың қатарына қосылған «R.W.S. Concrete» қысым мен дірілге шыдамды темірбетонды біліктер әзірлейді. Серіктестіктің бас директоры Алексей Береговойдың айтуынша, компанияда «long line» жаңа технологиясы бойынша күніне үш кешенді біліктер шығарылады. Бір кешенде өнімнің түріне байланысты 97 немесе 105 біліктен болады.

- Біліктің құрамы бетон мен арматурадан тұрады. Бетонды жергілікті материалдардан құямыз. Ал арматура Ресейден жеткізіледі. Осылайша, жылына 850 білік кешенін шығаруға қауқарлымыз. Өкінішке қарай, былтыр тапсырыс аз болды. Сондықтан биыл шамамен 450 білік кешенін әзірлеуді көздеп отырмыз. Әзірше, екібастұздық өнім ел аумағында ғана сатылады. Біздің өнімді тұтынатын ірі кәсіпорындардың қатарында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы бар, - дейді А.Береговой.

Бас директордың сөзінше, қалыпты нарық жағдайында жоба алты жыл ішінде өз-өзін ақтайды. Қазір компания жартылай ғана қуаттылықпен жұмыс істеп тұр.

- Бұл - қалыпты әрі жоспарлы жағдай. Сондықтан, зауыт жартылай қуаттылықпен жұмыс істеп тұр екен деп дүрлігудің қажеті жоқ. Бүгінде өз өнімдерімізді Орта Азияға жеткізудің тетіктерін қарастырудамыз, - дейді А.Береговой.

«R.W.S. Concrete» жобасының жүзеге асырылуына екі жылдай уақыт кетті. Жобаның жалпы құны – млрд. теңге. Оның 80 пайызы – қарызға алған қаражат. Алдағы уақытта бұл зауытта темірбетонды біліктерге ұқсас шпалдар әзірленбек.

Сондай-ақ, бүгінде «Проммашкомплект» серіктестігінде теміржолға қажетті дөңгелектер шығаратын цехтың құрылысы әлі жүріп жатыр. Инвестиция көлемі – 50,9 млрд. теңге. Жоба іске қосылғанда 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба биыл аяқталады деп күтілуде. Осылайша, жаңа цехтың іске қосылуымен «Проммашкомплект» жылына 200 мың дөңгелек шығаратын болады.

 

Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.

saryarka-samaly.kz