Өткен жұма күні театрға асыққан елдің қарасы көп болды. Олар қарашаңырақтың төлқұжатына айналған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының жаңа нұсқасын тамашалауға асықты.

«Айман-Шолпан» спектаклін павлодар-лықтар белгілі режиссер Ерсайын Тәпеновтің сахналауы арқылы жақсы біледі. Дегенмен соңғы уақытта үлкен сахнадан көрінбей кеткен қойылымды кезінде Айман мен Шолпанның рөлін сомдап келген Талжібек Атамбек пен Рауза Тәжібаева қайта қолға алды. Қос әртіс бұл жолы қойылымның барлық жүгін жастарға тапсыруды жөн көріпті.

Бұған дейін көптеген образдарды шебер сомдап, әсіресе Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиялық қойылымындағы Баян рөлі үшін елдің ыстық ықыласына бөленген Әйгерім Сүлейменоваға Шолпан образы бұйырған. «Мұндай рөлді ойнау әрбір әртістің үлкен арманы», деген Айгерім қойылымға бас-аяғы 1 ай ғана дайындалғандарын айтады.

- «Айман-Шолпан» музыкалық коме-диясының павлодарлық көрермендер үшін бағасы биік. Біраз уақыт сахналанбай кеткен қойылымды қайта жаңғыртуды қолға алған Талжібек және Рауза әпкелеріміздің еңбегін атап өту керек. Әріптестеріміз жазғы еңбек демалысына кетер алдында «театр маусымын осы қойылыммен ашамыз» деді де, бізге рөлдер бекітілді. Жүгі ауыр қойылымды сахналап шығуға уақыт аздық етті. Дей тұрғанмен, аға буын әпкелеріміздің ақыл-кеңесінің арқасында спектакльді түсініп, көрерменге жеткізуге тырыстық. Қойылымның ерекшелігі, бұл - қара сөзбен емес, әдеби тілде, өлең жолдарымен жазылған. Сонымен қатар, мұнда оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалатын әндер де бар. Осының бәрін алып шығу - біз үшін үлкен жауапкершілік, - дейді Айгерім Сүлейменова.

Музыкалық комедияның басты кейіпкері - Айман-Шолпан бейнесі Толқын Әдебиет пен Айгерім Сүлейменоваға бұйырса, Теңге образын - Аида Боранбаева, Арыстанды - Руслан Нұғыманов, Әлібекті Нұржан Сарқамбаев сомдады.

Айта кетейік, театр сахнасында 5 қыркүйек күні сағат 19.00-де «Күзгі оқиға» трагикомедиясы көрермен назарына ұсынылмақ.


Нәзипа ҚҰСПАНОВА, көрермен:

- «Айман-Шолпан» қойылымы болады дегенді естіп, Ақсу қаласынан арнайы келдім. Себебі, бұл спектакльді студент кезімізде үзбей көретінбіз. Соңғы уақытта театр репертуарынан көрінбей кеткен туынды көрермен назарына қайта ұсынылуы үлкен қуаныш болды.

Әр құрамның өзіндік қолтаңбасы мен бір-біріне ұқсамайтын шеберліктері болатыны белгілі. Жас әртістер де көрерменнің көңіл қылын таба білді. Өз басым залда отырып, әртістердің ойынына сендім.

Біздің театрға осындай қойылымдар қажет. Тәрбиелік мәні зор, ұрпаққа берер тәлімі мол дүние қашанда өміршең болмақ. Ұжымға жаңа маусымда жаңа жетістіктер тілеймін!


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz