Естен кетпес салтанатқа арнайы шақырылған құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Көшпенділер ойындарына Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек Франция, Шри-Ланка сынды елдер де қатысып жатыр. Ең қызығы, америкалық спортшылар да көкпардан сайысқа түспек. 8 қыркүйекке дейін созылатын жарыстың жалпы жүлде қоры – 26 млн. сом. Бұл – шамамен 130 млн. теңге.

Жарыстың алғашқы күні тәжіктің ұлттық спорты – белбеу күресі (Гуштини милли камарбанди), сонымен қатар тоғызқұмалақ, мангала және овари ойындары бойынша сайыстар өтті. Биылғы жарысқа 80 елден 3000-нан астам сайыпқыран келген. Олар 37 этноспорт түрі бойынша сынға түседі. Спортшылар 174 алтын, 173 күміс, 247 қола медальді сынға салады. Үшінші рет өтіп отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жиналған сайыпқырандар бірден бірнеше жерде – әсем табиғаты тамсандыратын, тау етегіндегі таңғажайып Қыршын жайлауында, Қырғызстанның курортты қаласы Шолпан-Атадағы спорт кешендерінде сынға түседі. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Қырғызстан тарапының бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды шара.

Көшпенділер ойындарының бірінші күні қазақстандық балуандар Тәжікстанның ұлттық спорты – Гуштини милли камарбанди (белбеу күресі) күресінен екі қола жүлде иеленді. 68 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен балуанымыз Мұратхан Берікбол алғашқы қола медальдің иесі атанды. Бұл салмақтың алтыны қырғызстандық балуанға бұйырды. Аса ауыр салмақта сынға түскен Мақсат Жанділдаев жартылай финалда есе жіберіп, қола жүлдені місе тұтты. 82 келі салмақ дәрежесінде Башқұртстан балуанына тең келер ешкім болмады.

М.ҚАПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz