Қалқаман көлі

Қалқаман көлінің атауын еске түсіретін алғашқы жазба түпнұсқалардың бірі 1823 жылы жазылған және ол Омбы мұрағатын- да жатыр (ф.3.оп1.д33). Шубиннің комендант-майоры Ямышевскийдің рапортында жақын маңайдағы тұзды көлдердегі өндірілімдер жағдайы туралы және Қалқаман көлінің қасын- дағы казак қарауылы 6-шы казак полкы туралы айтылған. 1823 жылғы 29 сәуір.

1800 жылға дейінгі Ресей шенеуніктерінің, ғалымдарының, офицерлерінің барлық бұрынғы құжаттары мен сондай-ақ хандар, сұлтандар мен старшындардың хат алмасу материалдарының талдауында Қалқаман туралы ештеңе айтылмаған. Осыған қарап бұл көлдің атауы (гидроним) қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресіне қатысқан тұлғаларға және оқиғаларға байланысты XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында пайда болған топонимдерге жататыны туралы тұжырым жасауға болады (ұқсас мысалдар: Қарауыл-шоқы шоқысы, Қалмаққырған таулары, Қайдауыл шоқысы (Малайсары батырдың інісі –Қайдауыл батыр), Бөкенбай тауы (Апай руының батыры) және т.б).

Қалқаман батыр

Кез келген уақыты өтіп кеткен істердегідей бұл жұмбақтың зерттеулерін толықтыру үшін осы аймақтағы болған оқиғаларды сақталып қалған мұрағаттық, этнографиялық, генеалогиялық және картографиялық материалдармен салыстыру қажет.

XVIII ғасырдағы жоңғарлармен болған күрестердің бірі 1714 жылы тап сол Қалқаман көлінің маңында өткен. Ол жөнінде кеңес зерттеуші-тарихшысы Н.Г.Аполлов өзінің «18 ғасырдың 20-жылдарындағы жоңғарлармен күрес» атты монографиясында былай деп жазған: «...Абақанға жорық (Цеван-Рабдан) пен Бие мен Катунья аралығындағы қорғандарды басып алу оларға әрі қарай шабуылға жол ашты. Қонтайжының бұл жерлерді басып алуын қазақтар өз жерлеріне төнген қауіп деп түсінгенін 1714 жылы қазақтардың қонтайжының «шеткі ұлыстарына» жорық жасағанынан білеміз (Ямышевке қарсы Ертістің сол жағасы-авт. ескертуі). Бірақ бұл жолы қазақтар жоңғарлардан тойтарыс алады. Ямышев бекінісі ауданында да жағдай қауіпті еді».

Академик Әлкей Марғұланның болжамы бойынша Қаржас руының аты аңызға айналған Қалқаман батыры дәл осы шайқаста қаза болған. Бұдан әрі 1730 бен 1740 жылдар аралығында көлге жақын жерлерде қазақтар осы жерлерді XVII ғасырдың басынан бері жайлаған жоңғарларды қуып шығарады.

Енді құжаттарға қайтып оралсақ: 1760 пен 1800 жылдар аралығындағы сұлтан Солтанмәмет пен оның ұлы Ұрыстың арасындағы хат алмасу, сондай-ақ капитан И.Г.Андреевтің (1785 ж.) мәліметтері осы аймақта Бәсентиін руының қоныстанғаны туралы деректі растайды. 1800 жылға дейінгі «Салық» журналдары мен ведомостарының мәліметтеріне қарасақ, бұл жерлерге Бөрі, Бесен, Қойсары және Сәмек рулары қоныстанған. Көптеген өтініштерден кейін (жердің тарлығына байланысты) 1802 жылы патша жарлығымен рулардың бір бөлігін Ертістің оң жағына қондыруға рұқсат беріледі (Маралды, Басқұдық мекендері, т.б.). Бөрі, Қойсары бөлімшелерінің бір бөлігі мен Сәмектен тараған рулардың барлығы сұлтандармен бірігіп жаңа орындарға көшеді, ал бәсентиіндердің негізгі бөлігі бұрынғыдай сол жағада қалады. Әлихан Бөкейханның Павлодар уезін зерттеу жөніндегі материалдарында жарияланған мәліметтер де бұл жерлерге Бәсентиін руының басқа рулардан бұрын алғаш болып қоныстанғанын растайды. Енді логикалық түрде өте орынды сұрақ туындайды: сол кезде басқа Қалқаман батыр болған ба?

Егер 1878-1926 жылдардағы топографиялық карталарды анықтап қарасақ, Қалқаман- тұз көлінің қасында көлемі одан кішірек Кішкене-тұз көлі орналасқан. Бұл көлдің атауы да сол жылдардың әр түрлі құжаттары мен сипаттамаларында жиі кездеседі. Қазіргі кезде ол ресми түрде Кіші Қалқаман деп аталады, бірақ халық арасында оны Мамыр деп атап, екі көлдің атын атақты дала аңызының екі басты кейіпкерімен байланыстырады. Дегенмен бұл нұсқаның әдемі көрінгеніне қарамастан одан бас тартуға тура келеді. Құжаттарда көрсетілгендей, «Мамыр» атауы бұл көлге ешқашан қолданылмаған. Әрі сол аңыздарға сәйкес Тобықты руынан шыққан Қалқаман қайтыс болмаған, ол Ұлы жүзге көшіп кеткен де, сол жақта жүріп қайтқан.

Сонымен 1714 жылы қайтыс болған Қалқаман батыр Жолымбетұлы (Қаржас руы) туралы біз не білеміз? Қалқаманның екінші ұлы – атақты Бұқар жырау шамамен 1685 жылы туған. Сонда орта есеппен алғанда ол туғанда әкесі 20-25 жаста болған. Онда шешуші әскери әрекеттер кезінде (1730 ж.) оның жасы 70-те дегенге күмән көп. Сондықтан академик Марғұланның нұсқасы батырдың қайтыс болған уақытын дәлірек көрсетеді. Бұл шайқас (1714 ж.) билер кеңесі мен Тәуке ханның шешімі бойынша бүкіл халықтық жасақтар күшімен жүргізілген еді. Ол кезде Қалқаман батыр (ел аузындағы аңыздар бойынша) 1715 жылы қайтқан Тәуке ханның сардарларының бірі болған. Өкінішке қарай, батыр жөнінде ешқандай да жазбаша нұсқалар табылмады.

Қойсары руынан шыққан Қалқаман

Бәсентиін-Қойсары руының ең бай әрі сыйлы адамдарының бірі, атақты би Байғожа Жанұзақұлы (1835 жылдың санағы бойынша – Шөпші, Сушы. Жұмағұл және Жанғұл Байғожиндердің 2500 бас жылқысы мен 160 түйесі болған) өзінің екінші ұлына Қалқаман деген есім береді. Жанұзақ-Қойсары бөлімшесінің 1835 жылғы санағындағы жазу: Қалқаман Байғожин және оның төрт ұлы – Қыдырәлі, Төленді, Тілеу және Байтілеу. Кейінірек Төлендіден атақты Нығыман қажы, Байтілеуден Сүлеймен қажы туған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев бәсентиіндердің шежіресі туралы еңбегінде Байғожаның Қалқаманды асырап алғандығы жөнінде жазады және Сүлеймен қажымен әңгімесінде оған: сен Қойсары емессің, Қалқаманнан (Мәшекең Қалқаман-Мамырды меңзейді) жеке тарағансың дейді.

Сөйтіп көл атауы Қалқаман Байғожинмен байланысты емес, өйткені ол бар кезде көл бұрыннан Қалқаман аталып жүрген. Бірақ ең маңыздысы атақты Байғожа бидің өз ұлын тап сол Қаржас руынан шыққан Қалқаман батырдың құрметіне атауының екі себебі бар: біріншіден, Байғожаның анасы Қаржас руынан шыққан (Мұса Шормановтың арғы атасы Сәтидің қызы) және де Байғожа батырдың барлық ерліктері туралы хабардар болғаны анық. Екіншіден Байғожаның көшіп-қонған жері мен қыстауы Қалқаман көлінің маңы болған. Жанұзақ (Байғожаның әкесі) пен Сәтидің туыстығын 1774 ж. мұрағаттық құжаттар бойынша анықтауға болады, Омбының мұрағатында (ф.1оп.1 д.190. стр 298) былай делінген: «1774 года, февраля 18 дня кочующий по близости крепости Семипалатной, Ясинь Киреевской волости старшинский сын Ямбурзин Дербисалы обьявил: ..что слышал назад же тому двадцать дней, Басентиинской волости от таково киргизца Янузака (Жанузака – прим.авт),..будто назад с месяц с Каржаской волости киргизец Сатаев (а ему Янузаку в родстве будет) привез к нему купленную у кубанцев российскую женщину Тоню..». Әрине, ол кезде мұндай қымбат сыйлықты әр қыр адамы сыйлай бермейтін. Ал қаржастар ішінен Мұса Шормановтың атасы Күшік Сәтиев (немесе оның аға-інілері) өзінен байлығы кем түспейтін туысқаны Жанұзаққа орыс әйелін сыйлай алатын мүмкіндігі болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мәліметіне сәйкес Байғожаның ұлы Қалқаман асыранды болуы және Қаржас руымен қандай да бір байланысы болуы әбден мүмкін.

Енді Қалқаман (ақиқатында - әулие) көлінің картасындағы молаларға қайтып оралайық. Бұл жерде XIX ғасырдың әскери-топографиялық карталарына бағдар үшін ауқымды (аумағымен де, биіктігімен де) көлемі бар зираттардың атауы ғана енгізілгенін айта кеткен дұрыс. Мұндай кесенелер өте беделді әрі атақты қыр тұрғындары – билер, батырлар, қажылар, болыс басқарушылары мен ауыл старшиналарына ғана тұрғызылғаны түсінікті.

Cырымбет мола

Көлден тура шығысқа қарай 6 шақырым- дай жерде (алғашқы 1878 жылғы екі- шақырымдық карталар және кейінірек 1926 жылғы карталар бойынша) Сырымбет зираты белгіленген. Бұл зиратты мен Сәмек руынан шыққан атақты Сырымбет батырдыкі деп тұспалдар едім. Жоғарыда айтылғандай, Сәмек руы 1802 жылға дейін осы жерлерде қоныстанған. Бәсентиін-Сәмек руынан шыққан әйгілі Сырымбет батыр үнемі Абылай хан мен оның туысы Солтанмәметпен бірге жүрген. Кейінірек Солтанмәметтің барлық ұрпақтары Сәмектермен бірге Маралдыға көшеді де, Сәмек-Бәсентиін болысын (Шаншаров, Ұрысов, Тәтенов сұлтандар) құрады. 1742 жылы Орта жүз старшиндарының бір бөлігі Абылхайыр ханмен бірге өздерін Ресей азаматтығына қабылдау туралы өтінішке қол қояды. Тізімнен көретініміз: Бәсентиін руынан Сарымбет батыр (барлық орыс құжаттарында Сырымбетті Сарымбет деп жазған, карталарда да солай). 1742 жылғы ант беруге Сырымбеттің қатысу фактісі оның Ресей шекарасына жақын орналасқанын және құдіретті көрші елдің қорғауын қажет ететінін дәлелдейді. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында 1848 жылы Сәмек руының бір бөлігінің өз туған жерлері Байымбет-Бәсентиін болысына қайта қоныстанғаны туралы құжат сақталған. Сол тізімнің ішінде (15 отбасы) Сырымбет батырдың немерелерін көреміз: Шал Байтерек, Беркенді Байтерек және Манабай Күсеміс. Бұл жайт Сырымбет батырдың ата-қонысы (қыстақ) Ертістің сол жағасында дәл сол Қалқаман көлінің қасында болғанын тағы да дәлелдейді. Тағы бір қызықты дерек - Сырымбеттің зиратының қасындағы құдықтың да оның атымен аталуы, бұл батырдың осы жерде тек жерленіп қана қоймай, көп уақыт сол жерде өмір сүргенін айтады.

Бейіс-сор

Қалқаман көлінің оңтүстік-батысында Бейіс-сор атты кішірек көл бар. 1878 жыл- ғы картада көлдің атауы жоқ, тек Бейіс зираты ғана көрсетілген. Бұл зират - Матай-Бесен (Байымбет-Бәсентиін болысы, Қаржау бөлімшесі, 1830-45 жылдар) руының биі әрі старшинасы Бейіс Қонақбаевтыкі. Бейістің әкесі – Қонақбай Күбелек (Күбелес?) те би болған. Кейін 1926 жылғы картада көрсетілгендей, зираттың орны белгіленбеген, ал көл Бейіс-сор аталған.

Қалқаман молалары

Енді Қалқаман көлінің қасында белгіленген қалған зираттарды атап өтсек. 1878 жылғы карта бойынша: Жыбырлақ пен Нұртаза. 1926 жылғы карта бойынша: Темір-Болат пен Иса. Иса зираты Қалқаман зиратының тіпті дәл қасында орналасқан. Бірақ өкінішке орай бұл тұлғалардың ұқсастығын табудың реті келмеді.

Жоғарыда айтылған барлық деректер Қалқаман көлінің маңындағы жерлердің ерекшелігі мен бірегейлігін растайды, бұл маң көптеген ұлы шайқастардың куәсі болған және туған жерлерін жаудан қорғаған ұлы адамдарды көрген. Қалқаманның шипалы суы бүгінгі күнде де адамдарға шипасын тигізуде. Халық арасында Қалқаманды «әулие жер» деп тегін айтпаса керек. Ұлы ата-бабаларымыздың аты осы күнге дейін есте сақталмағаны және аталмай жүргені өкінішті-ақ.

Мақаламды ғалым Петр Злотовтың (1885 ж.) сөзімен аяқтағым келеді:

«Қалқаманның зиратына жақын жерде ұлы бабаларының топыра- ғын сыйлағандықтан өздерін сол бабаларының мәңгілік үйінің қасына жерлеулерін аманат еткен бірнеше жай қырғыздың зираты бар».


Дәурен АЯШИНОВ, өлкетанушы.

saryarka-samaly.kz