Кездесу бастала салысымен англиялықтар ойын тізгінін қолдарына алды. Кездесудің 9-минутында жерлестеріміз тәртіп бұзып, болгариялық төреші Христиана Гутева 11 метрлік айып добын белгіледі. «Англия» шабуылшысы Бетэни Мид мүлт кеткен жоқ. Бұдан соң қонақтарымыз алаң иелерін әбден састырды. Бірнеше мәрте өткір шабуылдар ұйымдастырды, бірақ гол соғылған жоқ. Тек ойынның 35-минутында әріптестерінің берген добын ұтымды пайдаланған англиялық қорғаушы Рэйчел Дейли есепті еселеді. Кездесудің алғашқы бөлігі аяқталар тұста қазақстандық бас бапкер Разия Нұркенова шабуылшы Сәуле Кәрібаеваның орнына алаңға жартылай қорғаушы Аида Гайстенованы шығарды. Бірақ бұл алаңдағы жағдайды өзгертуге еш септігін тигізген жоқ.

Ойынның екінші жартысында да Англия қыздары білгенінен жаңылған жоқ. Кездесудің 54-минутында Изи Кристиансен есепті 0:3-ке жеткізді. Араға 12 минут салып, қонақтарымыз тағы да ұпай санын арттыра түсті. Бұл жолы англиялық жартылай қорғаушы Люси Станифорт мергендік танытты. Айқын басымдылықты сезінген қонақтарымыз алаңда өздерін емін-еркін ұстады. Ойын басынан ерекше белсенділігімен көзге түскен Бетэни Мид кездесудің 82-минутында гол соғып, дубльдің авторы атанды. Кездесу аяқталар тұста Люси Бронз 6-шы голды Қазақстан қақпасына енгізіп, кездесуге нүкте қойды.

Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Англия құрамасы өз тобында 22 ұпай еншілеп, көш бастады. Барлығы 8 кездесу өткізіп, 3 ұпай жинаған отандастарымыз үшін әлем чемпионаты жолындағы бәсеке осымен аяқталды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz