Павлодардағы Астана қаласының мәдени күндері аясында облыстық көркемсурет музейінде ашылған көрмеде Тәуелсіздік сарайының қорынан қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық жұмыстары ұсынылды. Шараның ұйымдастырушысы Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина павлодарлық әріптестеріне алдағы уақытта дәл осындай жылы жүздесулердің жиі болғанын қалайтынын жеткізді.

- Астана - заманауи сәулет үлгісі ғана емес, сонымен қатар үнемі жаңа идеялар мен үрдістер іздеу үстіндегі жаңашыл қала. «Астанадан ақ тілек» шығармашылық жобасы әлемдегі ең табысты және дамып келе жатқан жас қалалардың бірі ретінде жас астананың өнерінің дамуын көрсетуге бағытталған. Осы мақсатта Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай Қазақстанның барлық өңірлерінде Астана қаласының мәдениет күндерін өткізіп келеміз. Павлодардан кейін «Астанадан ақ тілек» жобасы 7 қыркүйек күні Қызылорда, одан кейін Талдықорған қаласында аялдап, жұмыстың қорытындысын Алматы қаласында шығарамыз, - деді Нарима Мұхамбеталина.

2 күнге созылған көрмеге Жанна Спунердің жеке коллекциясындағы туындылар және Астана суретшілері, атап айтқанда, Mұхтар Байбосынов, Өмірбек Тілеулиев, Дәурен Макин, Динара Нүгер және мүсіншілер Тоқтар Ермеков пен Сембіғали Смағұловтың жұмыстары қойылды.

Көрмеге 50-ден астам суретшінің түрлі дәуірлерді байланыстыратын, әртүрлі кезеңдерді бейнелейтін туындылары қойылды. Суретшілердің еңбектерінде қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті, дәстүрлер сабақтастығы мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жаңа кезеңі көрініс тапқан.


Зура АСЫЛҒАЗИНА, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Бас қаламыздан арнайы келген сурет көрмесін бастан-аяқ тамашалап шықтым. Үлкен әсер алып тұрмын. Шыны керек, бұған дейін біз жас суретшілердің туындыларын тек катологтан ғана көріп, біліп келсек, бүгін міне, өз көзімізбен көріп, танысуға мүмкіндік туып тұр. Әріптестерімнің қиялына қанат бітіріп, әр туындыны үлкен шабытпен салғанын байқап тұрмын. Әр туынды - өзінше бір бөлек әлем.

Осы орайда біздің елімізде суретшілерге қойылатын талап немесе белгілі бір бағытта ғана сурет салу керек деген шектеу жоқ. Осы еркіндік бізге үлкен күш пен шабыт береді. Қылқалам иелерінің төл туындыларын ел-елді аралатып, өзге өңірдің халқына көрсетудің өзі суретшілердің еңбегін бағалау деп білемін.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz