«Астық шығымы жоғары»

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев күзгі жиын-терім науқаны сәтімен өтіп, уақытылы аяқталатынына сенімді. Аймақ шаруаларының дайындығы жақсы. Онымен қоса, астық шығымдылығының молдығы диқандарды жедел әрекет етуге итермелеуде.

- Былтыр аймақ бойынша мол өнім жиналғаны белгілі. Ал биыл астық шығымдылығы одан да жоғары болып отыр. Сондықтан қазіргі кезде шаруалар өнімді шашау шығармай жинап алуға бар күшін салуда. Әрине, тамыз айының соңындағы жауынды күндер егіс даласындағы жұмыс қарқынын сәл бәсеңдеткені рас. Бірақ, «Үлгермейміз» деген қауіп жоқ. Диқандарымыздың басым бөлігі астықты жинап қана қоймай, кептіруді де қолға алды. Ауа райы болжамына сүйенсек, қазан айының ортасына дейін күн ашық болады деп күтілуде. Сол кезге дейін жиын-терімді аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Н.Мақашев.

Жалпы, биыл облыс бойынша өнім жиналатын алқап көлемі 1054,7 мың гектарды құрап отыр. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 49,8 мың гектарға немесе 5,3 пайызға артық көрсеткіш. Соның ішінде, 729 мың гектар алқапты дәнді-дақылдар, 215,9 мың гектар майлы дақылдар, 82,2 мың гектар мал азығы, 17,8 мың гектар картоп, 9,8 мың гектар көкөніс пен бау-бақша өнімдері құрайды.

Айдың басындағы ресми деректерге сүйенсек, облыс бойынша 40,3 мың гектар шамасындағы алқапта дәнді дақылдар орылып, 25,7 мың гектарға жуық алқапта астық бастырылған. Нәтижесінде, 30 мың тонна көлемінде өнім жиналған. Орташа шығымдылық гектарынан 10,8 центнерді құрап отыр. Салыстырмалы түрде алар болсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 9 центнерді құраған. Бұдан бөлек, 4,5 мың гектар алқапта күздік дақылдар жиналды.

Биыл картоптың да шығымдылығы жақсы дейді мамандар. Бүгінгі күнге дейін аймағымыз бойынша 860 гектар алқаптан 23 мың тонна картоп жиналған. Орташа шығымдылығы гектарынан 267 центнерді құрауда. Н.Мақашевтің айтуынша, биыл мал азығының тапшылығы бойынша да ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Соңғы деректерге сүйенсек, 981 мың тонна шөп әзірленген. Бұл жалпы жоспарлы көлемнен 108 пайызды құрайды.

Жанармайдың жыры

Күзгі жиын-терім науқанына қатысты тағы бір мәселе туындауда. Аймақ шаруалары жеңілдетілген бағамен сатылатын жанар-жағармайды үлестіріп алуға асығар емес. Диқандар болса, оның өзіндік себебі барын айтуда.

Жалпы, биыл шаруалар дизельдік отынға электронды жүйе арқылы өтініш берудің қыр-сырын алғаш рет үйреніп жатқанын атап өткен жөн. Бұл жаңашылдық еліміз бойынша Павлодар облысында қанатқақты жоба ретінде сынақтан өтуде. Сондықтан болар, біраз қиындықтар туындап жатқан көрінеді.

«Замандас» шаруа қожалығының өкілдері дизельдік отынға қол жеткізе алмай отырғанын айтуда. Құжат рәсімдеу мәселесі туындауда. Электронды жүйе арқылы берілген өтінішті қарау мерзімі созылып жатқан көрінеді.

Мәселенің өзектілігін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшылары да растап отыр. Аталған мекеменің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің басшысы Жомарт Сембаевтың айтуынша, аймақ шаруалары саланы цифрландыруға қатысты жаңашылдықтарды оңайшылықпен қабылдай алмай отыр.

- Біз облысымыздың барлық дерлік аудандарын аралап, шаруа қожалықтарының өкілдерімен жүздестік. Олардың көпшілігі осы дизельдік отынға электронды жүйе арқылы өтініш беру сияқты жаңашылдықтарға бой үйрете алмай отыр. Бұған көп жағдайда елді мекендердегі ғаламтор желісінің нашар жұмыс істеуі себеп болуда, - дейді Ж.Сембаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Мақашевтің сөзіне сүйенсек, биыл 30-ға жуық шаруа жеңілдетілген дизельдік отыннан бас тартқан. Бұл жағдай Павлодар облысы әкімінің ауылшаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Дәурен Махажановтың назарын аударып отыр. Ол апта басында өткен аграрлық кеңес отырысында аймақ шаруаларын жаңашылдықты жатырқамауға шақырды.

Жалпы, биыл аймағымыздағы күзгі жиын-терім жұмыстарына 21 мың тонна дизель отыны бөлінген. Соның ішінде шілде айына – 6 000 тонна, тамыз айына – 7 000 тонна, қыркүйек айына – 8 000 тонна. Шілде, тамыз айларына бөлінген жанар-жағармай материалдарының көлемі толығымен төленген. Бірақ, тек 5332 тоннасы (41%) ғана тасымалданыпты.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz