Арман ҚАПТАЕВ, Павлодар қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Негізінде, қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынғалы талай жылдың жүзі болды. Бұл талап осыдан 6 жыл бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген еді. Уақыт өткен сайын бұған қатысты заң да қатаңданып келеді. Мысалы, бүгінде барлық қоғамдық орындарда, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тамақтану, мәдениет мекемелерінде шылым шегуге заңмен шектеу қойылған. Бұл шектеу тұрғын үйлердің подъездеріне де қатысты екенін атап өткен жөн. Бұған бой ұсынбағандар әкімшілік жазаға тартылады. Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда темекі шеккен 1056 адам анықталды. Оларға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірген емеспіз. Алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарға ерекше мән берілетін болады.


Берікбол СҮЙЕУКЕНОВ, «Салауатты өмір салтын қолдау орталығы» ЖШС-нің дәрігері:

- Ешқандай тыйымдарға қарамастан қоғамдық орындарда темекі тартатын азаматтарға қатысты заңды қатаңдата түсу қажет. Сондықтан Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған тиісті Кодекстің талаптары өте орынды деп есептеймін. Шылым шегетін адам өзгенің де жағдайын ойлауы тиіс. Ол өзінің денсаулығына бейжай қарайтынымен қоймай, қоғамдық орындарда қасындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Мысалы, аялдамада тұрып шылым шегетіндердің әрекеті ұят дер едім. Сол сияқты, подъезде де темекісін «будақтатып» тұратындар бар. Халық олардың темекісінің түтінімен демалуға міндетті емес қой? Екінші мәселе - аталған Кодекстің талаптарының нақты орындалуы. Бұл ретте, қоғам тарапынан белсенділік қажет. Әр адам аялдамада, басқа да қоғамдық орындарда, подъезде темекі тартып тұрған адамды көрсе бірден құқық қорғау органдарына хабар беруі тиіс. «Ұят болады», «Мен сөз тасушы емеспін» деп ойлаудан арылу қажет. Өкінішке қарай, тұрғындардың көпшілігі ұсақ заң бұзушылық түгілі, біреуді біреу ұрып жатса да полицияға хабар бермейді. Сондықтан, өркениетті елдердің үлгісімен қоғамдық тәртіпті сақтауға бірге атсалысуымыз қажет.


Мегенбек БЕРДІХАН, Павлодар ауданы, Чернорецк ауылдық мәдениет үйінің директоры:

- Әрине, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу үшін заң талаптарын қатаңдатқан дұрыс. Бірақ, сол заңның орындалуы да мұқият қадағалануы тиіс деп есептеймін. Мысалы, қоғамдық орындарда темекі тартуға болмайтыны талайдан айтылып келеді. Алайда, қала көшелерінде, аялдамаларда, саябақтарда, тұрғын үйлердің подъездерінде алаңсыз шылым шегетіндерді жиі кездестіреміз. Бұл – бір. Екіншіден, заң талаптарының ауылдық жерлерде сақталуы үлкен мәселе. Ауыл тұрғындарының барлығы бірін-бірі жақсы таниды. Ешкім «ауылдасым қоғамдық тәртіпті бұзды» деп айтпасы анық. Сондықтан тұрғындарды салауатты өмір салтына бастайтын кешенді шаралар қажет деп есептеймін. Бірінші кезекте, халықтың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру керек. Тағы бір ұтымды амал ретінде темекі бағасын бірнеше есе өсіру деп білемін. Тұрғындар қалтасына салмақ түскенде ғана ойланады.


«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz