Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Жалындап өткен ғұмыры» атты еске алу кеші өтті. Шараға Ләзиза Мешітбайқызының туыстары, шәкірттері мен көз көрген замандастары қатысты. Олар Л.Серғазинаның өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертіп, ақынның өлеңдерін көрермен назарына ұсынды.

Л.Серғазинаның шәкірті, ақын, журналист Шолпан Байғалы «Ләзиза апайдың жақсылығын көп көрдім» деп еске алды.

- Ләзиза апайды бала күнімнен білемін. Өте көрікті, сұлу адам болатын. Ол кісі Алматыдан Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылына жиі келіп тұратын. Келген сайын чемодан толы Алматының апортын алып келіп, балаларға таратып беретін еді. Ауыл балаларын жинап алып, болашақта кім боласыңдар деп сұрайтын. Сонда мен «Сіз сияқты болам» дей беретінмін. Кейіннен менің өлеңдерімді өзімен алып кетіп, «Қазақстан әйелдері» журналына жариялады. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыға арман қуып бардым. Сол кезде Ләзиза апайдың қолында тұрдым. Өте көп ақыл айтып, өмірлік жолыма аналық, әпкелік кеңестерін берді. Өкінішке қарай, ол кісімен өмірінің соңғы сәттерінде бірге бола алмадым, - дейді ақын.

Еске алу кешінің өтуіне мұрындық болған Зекен Жүсiпова музейге Ләзиза Серғазинаныың қолжазбаларын, мақа-лаларын және жеке заттарын өзі әкеліп тапсырған екен.

- Ләзиза апай - менің құдашам. Ол кісінің жақсылығын өте көп көрген жанның бірі менмін. Бала күнімнен қолына алып, өзімен бірге машинкада мақалалар теруді үйретті. Ол кісі өмірден өткеннен кейін есімі ұмытыла бастады. Осыдан кейін Ләзиза апайдың Алматы қаласында тұратын қызы Райханмен хабарласып, туған жерінде есімін жаңғыртуды қолға алдық. Сөйтіп жүріп, 2011 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттiк университетiнiң Ләзиза Серғазина атындағы баспасөз орталығынан экспозициялық мұражайын аштық. Сонан кейін осы музейге ол кісінің кейбір жеке заттарын тапсырдым, - дейді Зекен Жүсіпова.

Сонымен қатар еске алу кешіне орай музей қорындағы жәдігерлерден «Қаламы қарымды қарлығаш» атты көрме ұйымдастырды. Онда журналистің марапаттары, фотосуреті, көзілдірігі мен жеке заттары қойылған.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz