Былтыр жауын-шашын мен жауған қардың мөлшерінің сараптамасы облыс аймағында ылғалмен қамтамасыз ету қалыпты нормадан 24-тен 76,3 процентке дейін артық екенін анықтады. Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында қазан айында жауын көп жауып, нәтижесінде күзгі ылғал қалыптағыдан 1,6-2,6 есе артық болды. Яғни, бұл қысқы мезгілге кетер алдында топырақтың тиімді ылғал қорын толықтырды.

Ең бастысы, топырақ бетінің барынша тегіс болуын қадағалау қажет. Топырақты тегістеу ылғалды сақтауға және тұқымды себу кезінде біркелкі тереңдікті қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде өсімдіктердің бір уақытта көктеуіне септігін тигізеді. Осыған қоса, сапалы тұқым – жақсы өнім алудың алғышарттарының бірі екенін ұмытпаған жөн.

Жыл сайын ауа райы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін «тосын сый» әзірлейді. Біз дәннің толысуы мерзімінде атмосфералық құрғақшылыққа жиі ұшыраймыз. Құрғақшылыққа тап болғанда дәннің толыққанды қалыптасуына үлкен зиян тиеді. Жалпақ тілмен айтқанда, «дән күйеді», өнімділік төмендейді. Ал өткен жылдың жазы жауын-шашынды болғанын айттық. Оның дәндердің пісіп-жетілуіне кері әсері бар. Ылғалдың мөлшерден көп болуы салдарынан дәндер «жүдеп», жалпақтана бастайды және ақ дақтар пайда болады. Міне, сондықтан өнім күткендегідей болмауы мүмкін. Сонымен қатар, жаздың соңындағы созылмалы жауындар зең ауруларының (септориоз, көгеру) қозуына жағдай тудырады.

Әдетте «дәндердің солуы» мен зең ауруларының даму кезінде өсімдік құрамындағы құрғақ заттар азайып, жасушалардағы еркін сулардың мөлшері артады. Осының барлығы өнімділік пен сапаның төмендеуіне, тіпті дәннің азықтық құндылығын жоғалтуына дейін әкеліп соғады. Сондықтан тұқымды себу алдында дайындауға мұқият көңіл бөлу керек. Яғни себілетін тұқымның сапасы І-ІІ дәрежелі егістік стандартына сай болуы тиіс. Тұқымның шығымдылығын арттыру үшін дәрілеуді ұйымдастырған дұрыс. Ол жағдайда тамыр жүйесі жақсы дамып, топырақтағы суды сіңіру деңгейі артады.

Диқандардың екі-үш сұрыпты тұқым себудің тиімділігіне көздері жетті. Келесі маңызды фактор – оны дұрыс таңдау және тұрақты жоғары өнім алуды қамтамасыз ететін жоғары репродуктивті тұқым себу. Кез келген өндіріске енгізілген жаңа сұрып - бұл инновация, ал сұрыпты алмастыру – астық өндірудегі инновациялық процестің маңызды әрі үнемді бағыты. Қазіргі таңда «Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» заманауи жаңа сұрыптары бар. Бұған бидайдың «Павлодарская юбилейная», «Ертіс 7», «Кондитерская яровая», «Победа» сияқты түрлері жатады. Бұлар тұрақты өнімділігімен және агротехнологияны толық сақтаған жағдайда ескі сұрыптармен салыстырғанда гектарынан үш-төрт центнер қосымша өнім беруімен ерекшеленеді.

Тағы да бір өнімді шектеуші фактор – топырақтағы фосфордың жеткіліксіздігі. ҚР аймақтық агрохимиялық қызмет филиалының деректері бойынша, облыста зерттелген топырақтардың жартысынан көбі жылжымалы фосформен төмен деңгейде қамтылған. Нақтырақ айтқанда, фосфор мықты тамыр жүйесінің қалыптасуына, өсімдіктің ауруларға төзімділігін арттыруға, өнім бірлігіне шаққандағы су шығынын төмендетуге, пісуді жеделдетуге, күздік дақылдардың төзімділігін арттыруға жағдай жасайды. Соңғы жылдары байқалатын астық сапасының төмендеуіне негізгі себептердің бірі топырақтағы қол жетімді фосфордың жетіспеушілігі болып отыр. Тығырықтан шығудың жолы – фосфорлы тыңайтқыштар енгізу.

Біздің пайымдауымызша, фосфорлы тыңайтқыштарды сүрі жерге гектарына 60-80 кг енгізу тиімдірек. Себер алдында қатарларға гектарына 20 кг енгізуге де болады. Айта кететіні, топырақта фосфор аз жылжымалы және көбінесе барлығы енгізілген тереңдікте тұрақтанады.

Облысымыздың топырақтарында нитратты азоттың да жетіспеушілігі анықталғанын айта кету керек. Сол себептен егіншілікпен айналысушыларға сүрі жерден кейінгі екінші және одан кейінгі дақылдарды себер алдында азотты тыңайтқыштарды енгізуді ұсынуға болады. Топырақтағы азот пен фосфордың біркелкі арақатынасын орнату керек. Азот фосфордан артық болғанда өсімдіктердің барлық мүшелерінің өсуі қарқынды жүреді, пісіп жетілуі тежеледі, жатып қалуға төтеп бере алмайды. Ал азот жетіспегенде бидай әлсіз түптенеді, вегетативтік мүшелері кішірейеді.

Астықты отырғызу мерзімдеріне байланысты мына жайттарды ескерген жөн. Жаздық бидайдың орташа-кеш пісетін сорттарын себуді мамырдың 18-і мен 23-і аралығында өткізу ұсынылады, орташа пісетін сорттарды мамырдың 20-сынан 26-сына дейін, ал орташа-ерте пісетіндерді мамырдың 23-інен 30-ына дейін. Міндетті түрде орташа оңтайлы себу нормасын сақтау керек – гектарына 2-ден 3,2 млн. шығымды тұқым (аймаққа байланысты). Тұқымды себу тереңдігі – 4-тен 6 см-ге дейін, алайда топырақтың себу қабатында ылғал жетіспеушілігі туындаған кездерде 7 см-ге дейін тереңдетуге болады. Майлы дән алуға күнбағысты себудің де мерзімін сақтау керек – мамырдың 10-ы мен 18-і аралығы, зығырды – мамырдың 18-інен 23-іне дейін, жаздық рапсты – мамырдың 15-інен 22-сі аралығында. Бұдан басқа күнбағыс үшін міндетті түрде қатарға себу нормасын сақтау ұсынылады, ол – гектарына 30-40 мың шығымды тұқым. Зығырды оңтайлы себу нормасы – гектарына 3,5-4,5 млн. шығымды тұқым.

Диқандардың басым көпшілігі мал азықтық дақылдарын отыр-ғызудың нақты технологиясын, ерекшеліктерін білмейді. Сондықтан дәлме-дәл сепкіш қолданылатын, жаздық рапстың себу нормасын қатаң бақылауға алған дұрыс екенін атап өту керек. Күнбағыс пен зығырды себу тереңдігі 4-7 см болып есептеледі, ал жаздық рапста – 1,5-2 см, бірақ 3 см-ден терең болмауы қажет. Ноқаттың оңтайлы себу мерзімі – 5-15 мамыр аралығы,асбұршақтікі – 10-25 мамыр, жасымық (чечевица) үшін – 15-25 мамыр аралығы. Асбұршақ пен жасымықтың себу нормасы – гектарына 0,8-1,2 млн. шығымды тұқым, себу тереңдігі – 5-8 сантиметр.

Жасымықты себу үшін агрофон таңдағанда тегістікті назарға алған дұрыс, себебі бұршақтардың төменгі бекуі 8-10 см деңгейде болуы шарт, сонымен бірге барлық вегетациялық мерзімде арам шөптермен ластануын қатаң қадағалаған жөн.

Жалпы алғанда, білікті диқандар мынаны түсінуі керек: жақсы өнім алу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының вегетациялық кезеңінде ғылыми агрономиялық сүйемелдеу қажет, яғни білімді агрономсыз, технологияны дұрыс сақтамай, қазіргі күні алысқа бармайсыз.

 

Бақыт ЕРМҰРАТОВ, «Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

saryarka-samaly.kz