Тойдың асабасы да шапалаққа тойымсыз біреу екен. Қошемет саябырси бастаса болды: «Шапалақ ұрғандардың үйіне Алланың нұры түссін, ұрмағандардікіне ұры түссін!» деп тотияйын тілін безеп қоймады. Сөз кезегі Қылқидың достарына келгенде тойхана іші дүр сілкінді. Біреу айқайлап, біреу пай-пайлап, бірі секіріп, бірі кекіріп, бірі билеп, бірін-бірі сүйреп достары жапырылып ортаға шықты. Жора-жолдастың алдында абыройы әжептәуір Шалқарбай сөз бастады:

- Айналайын, ағайын! Сіздерге - өтірік, маған - шын. Ел аралап той тойлап жүргенімізге осымен жеті күн болды. Үйдің бетін көрмегелі апта өтіпті. Күнде той! Қазақтың қуанышы сарқылмасын! Досымыз Қылқидың ердің жасы елуге толуына да бес-ақ жыл қалыпты ғой. Қараңыздаршы, досымыздың тас шайнап, құм түкіретін, бидай шайнап, ұн түкіретін дер шағы. Қазақ: «қырықтағы жігіт қыз алады, қырықтағы қызды кім алады?» - деген... Шәкеңнің бірдеңе бүлдіре бастағанын сезген жұбайы, дыбыстап белгі беріп, оны дереу тоқтатып алды. Сасып қалған Шәкең қолындағы микрофонды асабаға «ұзатып» жіберді. Жеңгей жалма-жан отағасының сөйлеген сөзін әлеуметтік желіге тоғытты да, иығынан ауыр жүк түскендей терең демалып, қол-аяғы ербеңдеп құрдастарымен бірге билеп ала жөнелді...

Таң алакеуімдегенде Қылқидың тойы тарқай бастады. Той басталарда уақытынан кешігіп сарсаңға салған қонақтар, енді кетпей әуре шығарды. Той жасаймын деп тоғыз күн ұйықтамаған Қылқи байғұс қонақтарынан құтылғанша асық болды. Бір ұрысып, бір достасып, амандасып, сосын қайта қоштасып жүріп тойдың соңғы қонақтары - достары да кетті-ау.

Бір қолында - сарқыт толы дорба, бір жағына Шәкеңді сүйреп зорға жеңгей де үйге келді. Келсе, үйдің есігі аңқиып ашық жатыр. Дүние-мүліктің барлығы шашылып жатыр. Алтын-күміс, құндыз тон, кәмшат бөрік ізім-қайым жоқ. Бағалы заттың барлығы жылан жалағандай зым-зия. Шәкең есін жинап алды да, бірден ұлына хабарласты.

- Әлөу, қайдасың? Шешең екеуіміз үйге келсек, есік ашық жатыр. Үйге ұры түсіпті! Осыншама жауапсыз болармысың? Құлыптап кетпейсің бе?

- Әке, демалыста достарыммен бірге балық аулағанмын ғой. Сөйтсем, қызыл кітаптың ішіндегі балықты ұстап алыппыз. Қайдан естігенін білмеймін, полиция төбемізден түсті. Енді міне, тергеудің астына алып, сорпа терімізді шығаруда. Сазанның сорпасын ішкенде де осылай терлемеп едік...

Не дерін білмеген Шәкең тапырақтап барып, есін жиды. Сол сәтте жеңгейдің қалта телефоны баж ете қалды.

- Ало, қызым қайдасың? Үйге ұры түсіпті. Тез жет!

- Анашым, ұрыларға сіздер жетіңіздер!

- Не деп сандырақтап тұрсың? Ұрының қайда кеткенін білсем, отырамын ба үйде омалып?

- Анашым, құрбыларыммен түнгі клубтан шыққан бетіміз еді. Біреулер байлап-матап мені машинаға салып, алып қашып кетті. Құтқарыңыздаршы!

Жеңгей өңі бозарып, көзі аларып, жерге сылқ ете түсті. Осыншалықты қырсықтың бәрін кімнен көрерін білмей, шашын жұлған Шәкең телефонына қайта жармасты.

- Әлө, асабамысың!

- Иә, не болып қалды, Шәке?

- Оңбаған, иттің баласы!

- Ағай, аузыңыздан авария боласыз! Байқап сөйлеңіз! Кімнің баласы екенімде шаруаңыз болмасын!

- Оңбаған, бәрі сенің кесірің! Бағана сен: «Шапалақ ұрмағандардың үйіне ұры түссін!» деп едің ғой. Аузыңа айдаһар, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Алақаным дуылдағанша қол соқсам да, үйімді біреу тонап кетіпті. Қызымды ұрылар алып қашты! Ұлым да шалыс басты!

- Ағатай, оның барлығын неге менен көресіз? Аптасына жеті күн тойдамыз. Апталап үйге қонбадық деп әлеуметтік желіге жар салған өздеріңіз ғой. Ұлыңыз рұқсатсыз балық аулап, бекіре мен сазанды, тіпті асып жеген қазанды да суретке түсіріп, желіге жариялады. Қызыңыз ата-анасы үйде жоқта қысқа көйлек кигенін, шашын сәндеп түйгенін, бикештермен би кешінде жүргенін желіге жетпіс жеті рет жүктеді! Ұры алыстан келмейді. «Таз ашуын тырнаудан алады» деп, мені босқа жазғырмаңыз! Енді міне, үйдегі бүкіл тапқан табысыңыздан айырылдыңыз! Табыс ештеңе емес, қызыңыздың ары, ұлыңыздың намысы тоналғаны өте өкінішті. Маған емес, отбасы құпиясынан айырған ашық қоғамға айтыңыз өкпеңізді!

Мұны естіген Шәкең: «Ой, ит-ай!» деді де, жер тепкілеп, еңкілдей жылап отыра кетті.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz